Бейнежетонды полицейлерге Қостанай облыстық ішкі істер департаменті Жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Құрмет Мәжікенов табыс етті. Ол бейнежетон полицейлерді де, жол қозғалысына қатысушыларды да тәртіпке дағдыландыратынын айтты. Егер жол үстінде даулы мәселе туындай қалса, Қостанай облыстық ішкі істер департаментінің жергілікті полиция қызметіне арыз беріп, жетондағы бейнежазуды қарауға болады. Серверде автоматты түрде жазылған бейнежазу екі-үш жылға дейін сақталады.
Бейнежетонды тағып жүрген полицей оның жазуын қадағалай алмайды, қысқасы ешқандай өзгеріс енгізуге мүмкіндігі қалмайды. Жетонды алғаш патрульде пайдаланған аға сержант Әсет Байтасов оның жұмысқа өте қолайлы, тиімділігін айтты. «Жаңа техниканың арқасында жұмыс жеңілдеді. Бейне таспа құқық бұзушылардың қылығын тап бастырмай дәлелдеуге көмектеседі.Біздің қолымыздан бейнежетонды байқаған олар да өздерін полицей алдында сыпайы ұстауға тырысады» деді Әсет Байтасов.
«Түнде жол қозғалысын бұзатындар, әсіресе, рульге ішімдік ішіп алып отыратындар жиі кездеседі.Олармен даулы мәселелер туындағанда еш қиындықсыз дәлелдеп шығамыз» деді полицияның жол-патрульдік батальонының аға сержанты Жақсылық Мұхамедьяров.
Нәзира Жәрімбетова, «Егемен Қазақстан»