• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
15 Ақпан, 2017

Жақиянов ЭКСПО кезінде ұйымдастырылатын бокс кешінде шаршы алаңға шыға ма?

391 рет
көрсетілді

WBA (Super) және IBO тұжырымдары бойынша жеңіл салмақтағы жаңа әлем чемпионы қазақстандық Жанат Жақиянов (27-1, 18 КО) бүгін, 15 ақпанда Қазақстанға оралды, деп хабарлайды vesti.kz. Жанатты Петропавлда әйелі мен кішкентай қызы күтіп отыр. Ал боксшыны Астанада жанкүйерлері күтіп алған. Жанкүйерлерінің ыстық ықыласына бөленген ол алдағы екі айда уақытын тек демалысқа бөлетінін айтты. «Әлемдік титулды қорғағаннан оны жеңіп алған оңайырақ шығар. Себебі, мұндай жетістікке әркімнің-ақ бар таласы. Енді мен кем дегенде екі ай демалып, содан кейін командаммен және менеджеріммен бірге алдағы жекпе-жегім жайлы ақылдасамын», – деді Жақиянов. Бұған дейін Астанада ЭКСПО көрмесінің аясында бокс кеші ұйымдастырылатыны жайлы айтылған болатын. «Бокс кешіне қатысатыным әзірге белгісіз. Қазір келіссөздер жүргізіліп жатқаны рас. Бірақ кесіп ешнәрсе айта алмаймын», – деді боксшы. Дегенмен, осы уақытта боксшының бапкері Рикки Хаттон келесі қарсыласының аты-жөнін айтып үлгерді. Оның айтуынша, қазақстандық боксшы титулын қорғау үшін Ұлыбританияның боксшысы Джейми Макдоннеллмен (29-2-1, 13 КО) жұдырықтасады. Макдоннелл – осы категорияда WBA тұжырымы бойынша тұрақты чемпионы. Айта кетейік, 11 ақпанда Жанат Жақиянов АҚШ-тың Толедо қаласында америкалық Роуши Уорренмен жұдырықтасып, 12 раундтың қорытындысы бойынша жеңіске жеткен. Осы жеңісінің арқасында WBA (Super) және IBO тұжырымдары бойынша жаңа әлем чемпионы атанды.