• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
16 Ақпан, 2017

Парасатты стратегиялық басқару: даму мен тұрақты ілгерілеуге бағытталған басымдықтар

383 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2017 жылғы 31 қаңтарда жарық көрген халыққа Жолдауын бірнеше жыл бойы Қазақстанда қызмет атқарып келе жатқан ғалым ретінде мен де асыға күткен едім. Әсіресе, Елбасының өткен жылғы Жолдауында ұсынған идеялары экономист ретінде менің назарымды өзіне ерекше аударды. Жолдауда өсу, реформа және даму мәселелеріне баса назар аударылуы парасатты стратегиялық басқару мен болашақты жоспарлаудың қаншалықты маңызды екенін көрсетеді деп ойлаймын. Себебі, экономикалық тұрғыда күрделі болады деп күтілген жыл қарсаңында жасалған Жолдауда тек экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге қатысты ұсыныстар ғана емес, сондай-ақ, реформа жасау мен елді дамыту қажеттiлiгiне де ерекше көңіл бөлінді. Айтылғандарды былайша мазмұндауға болар: мұнай бағасының төмендеуі, Қазақстанның, әсіресе, Ресей сияқты ірі сауда әріптесі экономикасының бəсеңдеуі, осының салдарынан теңгенің құнсыздануы экономикалық қиындықтар туындатуы мүмкін. Бұл мәселелер жүзеге асырылатын макросаясат арқылы еңсеріліп, өсу қарқыны арттырылады. Алайда, бұдан да маңызды жайт, экономикада құрылымдық өзгерістерге бағытталған реформаларды жүзеге асыру арқылы мұндай дағдарыстарға төтеп беретін нақты тетіктерді қалыптастыру қажет болады. Басқаша айтқанда, тек экономикалық өсу ғана емес, экономикалық дамуды да қамтамасыз ету мақсаты жүзеге асырылуы тиіс. Бұл мақсат ұзақ мерзімді стратегиялық жоспарлауды талап етеді. Қазақстан Республикасы елдің дамуына бағытталған мақсаттарға сәйкес стратегиялық жоспар жасауда үлгі тұтарлық ел болғандықтан, әлемдік аренада сыйлы орынға ие. Осы орайда, қысқа мерзімді саясаттан гөрі, орта және ұзақ мерзімді сая­саттың жүзеге асырылуы елде­гі тұрақтылыққа орасан зор үлес қосқанын айтуымыз қажет. Қазақстанның қазіргі таңға дейін жеткен жетістіктері, дамуы мен тұрақтылығы тарихты терең меңгерген, болжау қабілеті жоғары Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кісілік келбетімен тығыз байланысты деп санаймын. Елбасының халықтың іші­нен шығуы мен мол өмірлік тәжі­рибесіне қоса, халықтың қажет­тіліктері мен талаптарын терең талдай білетін психологиялық қабілетке ие болуының арқасында ол 1990-жылдардың басында басқа посткеңестік мемлекеттерден бұрын «алдымен – экономика, содан кейін саясат» деген стратегияны іске асыра алды. Қазіргі таңда Президенттің бұл стратегиясының КСРО ыдырағаннан кейін тәуелсіздікке қол жеткізген елдер үшін қаншалықты парасатты стратегия болғандығын әлемнің барлық елдерінің басшылары мойындайды. Сонымен қатар, бұл стратегия халықаралық аренада «Қазақстандық үлгі» деп аталады және саяси тұрақтылық пен экономикалық дамуды жүзеге асырды деп айтуға болады. Қазақстандық үлгінің бұл екі негізгі тірегі (саяси тұрақ­ты­лық пен экономикалық даму) Үкіметтің барлық бағдар­ла­ма­ларында көрініс тапқан. Шынында да, 2012 жылғы 14 желтоқсанда Қазақстанның әлемдегі орны мен ықпалын нығайтуға бағыт­талған «Қазақстан-2050» Стра­тегиясы: қалыптасқан мемле­кеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдаудың да негізін осы көз­қарас қалыптастырған болатын. Ал Қазақстан Республи­касының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев­тың ең соңғы Жолдауында белгіленген басымдықтар 2050 жылы Қазақстанды әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосу мақсатын жүзеге асыруға ба­ғыт­талса, онда айтылғандай, елдің бірінші жаңғыруы 1990-жылдары нарықтық экономика қағи­даларына сәйкес құрылған жаңа мемлекеттің институттан­дырылуын қамтамасыз ету болды. Жаңғырудың екінші кезеңі «Қазақстан-2030» Страте­гиясының іске асырылуымен және жаңа елорданың салынуымен байланыстырылады. Үшінші кезең елдің болашағын құруға бағытталғанын айта кеткен жөн. Осы орайда, жоғарыда атал­ған «Қазақстан-2050» Стра­тегия­сы белгіленді және оны жү­зе­ге асыру үшін «100 нақты қадам» Ұлт жоспары орындалу үстінде. Қазақстан Президентінің халыққа Жолдауында елдің жаң­ғы­руын қамтамасыз ету үшін бес басымдық белгілен­ген: экономиканың жеделде­тілген технологиялық жаңғыр­тылуы; бизнес-ортаны түбе­гейлі жақсарту және кеңейту; макроэкономикалық тұрақтылық­ты қамтамасыз ету; адами капитал сапасын жақсарту; институттық реформаны жүзеге асыру, яғни қауіпсіздіктің қамтамасыз етілуі және сыбайлас жемқорлықпен күрес. Бұл басымдықтардың әр­қай­сысын жеке-жеке қарастыруға болады. Қазақстанда экономика саласының мамандары бұл мәсе­лелерді егжей-тегжейлі халық­қа түсіндіру жұмыстарын жүргі­зуде. Мен өз кезегімде соңғы екі басымдыққа қысқаша тоқталып өтсем деймін. Еңбек, кәсіпкерлік және тех­­никалық білім сияқты фак­тор­ларға ие адамның экономикалық үдеріске қосылуы оны өздігінен капиталдың бөлшегіне айналдыратыны мәлім. Бұл адами фактор ауыл шаруашылығы және өнеркәсіптік қоғамдарда физикалық еңбек факторы ретін­де өндірістік үдеріске енсе, бү­гінгі ақпараттық қоғамда білікті адами капиталды дамыту қа­жеттілігі бірінші кезекке шығып, бәсекеге қабілеттіліктің басты факторына айналды. Бір сөзбен айтқанда, бүгінгі таңда дамудың ең негізгі элементтерінің бірі, тіпті қозғаушы күші адами капитал, яғни зияткерлік күш болып табылады. Бірақ бүгінгі экономикалық жүйеде аз дамыған және дамушы елдерде көбінесе тұтыну тауарларының өндірісі ынталандырылуда, бұл тауарлардың өндірісі ең төменгі жалақы төленетін сапасыз еңбекпен қамтамасыз етілгендіктен, сол елдерде еңбектің ұлттық табыс ішіндегі үлесі төмен деңгейде қалуда. Бұл тауарлардың өндірісі мен экспорты елге қосымша құн әкелмейді. Ал дамыған елдер болса, жоғары қосылған құны бар технология тауарларын өндіріп, сатуда. Бірақ өкінішке қарай, мұндай өндіріс пен сауда құрылымы ресурстардың дамушы елдерден дамыған елдерге көшуіне себеп болып, отарлау тетігі ретінде жұмыс істеуде. Қысқасы, дамушы елдерде жүргізілген даму саясаты көбінесе сұранысқа бағытталған өсуге негізделеді. Адами капитал жинақтаудың әлсіздігі мұндай елдерде технология өндірісін қиындатып, олардың технологиялық тұрғыда алға басуына кедергі келтіруде. Осыны терең меңгерген Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ­стан ресурстарының көшуін болдырмау үшін өте маңызды басым­дықтарды анықтады. Сондықтан, елдің адами капиталының сапасын жақсартуды және инсти­тут­тық құрылымдарды дамыту­ды мақсат тұтып, арнайы саясат ұсынуда. Бұл белгіленген басым­дықтардың маңыздылығын келесі ұрпақтардың тереңінен түсі­нетіндігі сөзсіз. Мұндай саясат сәтті іске асырылған жағдайда Қазақ­стан Президентін тек қазақ халқы ғана емес, сондай-ақ бүкіл әлемдік қоғамдастық өз елін әлемнің дамыған мемлекеттері қатарына қоса білген ұлы әлемдік көшбасшы ретінде бағалайтын болады. Невзат ШИМШЕК, Ахмет Ясауи университеті Еуразия ғылыми-зерттеу институтының директоры, экономика ғылымдарының докторы, арнайы «Егемен Қазақстан» үшін АЛМАТЫ