• RUB:
    5.08
  • USD:
    482.86
  • EUR:
    533.17
Басты сайтқа өту
16 Ақпан, 2017

Данияр Ақышев: Беріктік қорын құрудамыз

547 рет
көрсетілді

2017 жылы Қазақстан Ұлттық Банкі еркін өзгермелі айырбастау бағамы, базалық мөлшерлеменің экономиканың нақты секторына ықпалын күшейту саясатын жалғастырады, сондай-ақ, инфляциялық таргеттеу қағидаттарын сақтайды. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төрағасы Данияр АҚЫШЕВ айтып берді. – Данияр Талғатұлы, ағым­дағы жылға арналған жос­парларыңыз туралы айтпас бұрын 2016 жылдың Қазақстан экономикасы үшін қандай жыл болғанын айтып берсеңіз және Ұлттық Банк қандай сын-қа­тер­лерге ұшырады? – Өткен жыл ауыр болды. Ол қаржы нарығындағы жо­ғары турбуленттіктен кейінгі алғашқы жыл болды. Сондықтан да, Ұлттық Банктің алдында қысқа кезеңде шешілуге тиісті бірқатар күрделі міндеттер тұрды. Біріншіден, инфляция­ны тө­мендету. Біздің пікі­рі­міз­ше, төмен инфляция – ма­ңызды макроэкономикалық көр­сеткіш деген теорияға мән беру ғана емес. Шын мәнінде, бұл – азаматтардың әлеуметтік тұрғыдан өзін-өзі сезінуінің бас индикаторы, ол Ұлттық Банктің тиімді қызметінің және оның ақша-кредит саясатының негізінде жатыр. 2015 жылғы тамыздан бастап 2016 жылғы қаңтар аралығында айырбастау бағамының екі рет өзгергеніне қарамастан, инфляция 2015 жылдың қорытындысы бойынша 13,6%-ды құрады. Ұлттық Банк сол кездің өзінде инфля­цияның ең жоғары шегінен әлі өтпегенін белгілеген болатын. Оған жылдық инфляция 17,7%-ды құраған 2016 жылғы шілдеде жетті. Ұлттық Банктің мұндай жағдайды болжағаны көпшіліктің есінде. Сонымен бірге инфляцияның 6-8%-дық нысаналы дәлізге 2016 жылдың қорытындысы бойынша немесе одан кейінірек қайта оралатынына баса назар аударды. Бұған көпшілік сенген жоқ. 2016 жылдың ортасында осы болжам туралы айтылған кезде сарапшылар қоғамдастығының және БАҚ-тың кейбір өкілдерінің бұған сенімсіздікпен қарағаны есімде. 2016 жылдың қорытындысы бойынша инфляция 8,5%-ды құрады, ал 2017 жылғы қаңтар­дағы қорытынды бойынша ол 7,9%-ға дейін төмендеді. Ин­ф­­ляция белгіленген дәлізге қай­та оралды. Тағы бір маңыз­ды нәрсе – инфляциялық күту­лерді тұрақтандыру. Маман­дандырылған компаниялар жүр­гізетін пікіртерімдер баға­ның жоғары өсетінін күте­тіндер үлесінің айтарлықтай тө­мен­дегенін көрсетіп отыр. Айыр­бастау бағамының өзгеруін ішкі ба­ғаларға ауыстыру әсері еңсе­рілді. Енді біз ақша-кредит сая­сатының стандартты құралда­рының шеңберінде одан әрі жұмыс істеуіміз керек. Валюта нарығын тұрақтан­дыру қажеттілігі 2016 жылы басқа бір маңызды міндет болды. 2016 жылдың басынан бері Ұлттық Банк өзінің айырбастау бағамына ықпалын жоспарлы түрде қысқартты. Мұнай бағасы бір баррель үшін 27 доллар болып, айырбастау бағамы бір доллар үшін 383 теңгеге жеткен, әсіресе 2016 жылдың басында жоғары болған ауытқу тербелісі баршаның есінде. Бағамның 400 теңгеге немесе тіпті 500 теңгеге жетуі мүмкін деген бағалаулар болды. Егер мұнай бағасы өзінің құлдырауын жалғастыра берсе, теңге бағамы да одан әрі құнсыздануы мүмкін еді. Бірақ іргелі факторлар мен сұраныс пен ұсыныс өлшемдері теңгенің долларға қатысты бағамының тым шарықтап, сол екпінмен негізделген деңгейден асып кеткенін көрсетті. Тіпті, осындай сәттердің өзінде біз араласпауға тырыстық. Бағам өзінің теңгерімін өздігінше табуға тиіс. Бір доллар үшін 383 теңгеге жетіп, айырбастау бағамы сыртқы және ішкі факторлардың әсерінен жылдам нығайды. Еркін өзгермелі бағамға өту әсіресе қоғам белгіленген айыр­бастау бағамы жағдайында өмір сүруге үйренген кезде ауыр жүретін процесс. Біз өткен жыл­дар­дың практикасынан саналы түрде бас тарттық. Бұрын айырбастау бағамы өзгермеген кезде экономикада біртіндеп тең­г­ерімсіздіктер пайда болатын. Олар сыртқы саудадағы ауыт­қушылықтардан және бәсе­кеге қабілеттіліктің нашарлауынан білінетін. Бір кезде бағам шынайы жағдайды көрсетуін қойып, Ұлттық Банк­тің жасанды бағдарларына ғана сәйкес келді. Айырбастау бағамының төлем балансының іргелі факторларына нақты сәй­кес келмеуіне қарамастан, өзіміз үйренген өлшемдерге қол­­дау көрсетуге алтын-валюта резерв­тері жұм­салды. Резерв­тердің шектеулі және эконо­мика­ның ашық болуы жағдайын­да мұндай прак­тика сәтті болған жоқ. Сон­дықтан да жағдайлардың әсе­рімен, белгіленімге және бай­қалып отырған тұрақтылыққа қарамастан, халықты да, экономиканы да күйзеліске итере отырып, бағамды күрт өзгертуге тура келді. Еркін өзгермелі жағдайда бағам күн сайын өзгеруі мүмкін. Бірақ бұл ретте ол сыртқы нарықтардағы өзгерістердің соңына ілеседі, әрбір уақыт кезінде Ұлттық Банктің ара­ласуын­сыз қандай да бір ір­гелі факторлардың ықпалын көрсетеді. Қоғамның бұған үйре­нісуі үшін уақыт қажет екендігі анық. 2016 жылдың екінші жартысында валюта нарығының тұрақтануы байқалды. Әрине, базалық мөлшерлеме көп әсер етеді, оның әсері ақша нарығының жандануы, теңге құралдары тартымдылығының өсуі және кірістілік қисығының қалпына келуі арқылы іске асырылды. Ақша нарығын реттеу тікелей өктемдік арқылы емес, валюта нарығына жанама ықпал етуге мүмкіндік берді. 2016 жылғы қыркүйектен бастап Ұлттық Банк валюта нарығына қатыспайды және бағам еркін түрде қалыптасуда. Үшінші – базалық мөлшер­леменің ақша нарығына нақты әсер етуі. Ақша нарығындағы барлық мөлшерлемелер Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемесіне тәуелді. Ұлттық Банк тарапынан өтімділікті беру немесе алу қаржы нарығына қатысушы үміттене алатын кез келген көлемде автоматты түрде жүреді. Бұл Ұлттық Банктің қатысуымен нарықта теңге ресурстары бағасының қалыптасатынын білдіреді, ол кейіннен экономиканың нақты секторы үшін кредиттік ресурстардың құнына айналады. – Ұлттық Банктің 2017 жыл­ға арналған басым­дық­тары қандай? – 2016 жылғы желтоқсанда «Ақша-кредит саясатының 2017 жылға арналған негізгі бағыт­тары» жарияланды, онда біздің жұмыстың негізгі басым­дықтары қамтылған. Біріншісі – еркін өзгермелі айыр­бастау бағамы режімін сақтау. Екіншісі – инфляциялық таргеттеу қағидаттарына сүйену жә­не инфляцияны 6-8% дәлізде сақтау. Үшіншісі – кредиттік арна арқылы базалық мөлшерлеменің экономиканың нақты секторына әсер етуін арттыру. Ұлттық Банк ақша нарығындағы операцияларды жалғастырады. Біз Қаржы министрлігінің орта мерзімді болашақта кірістілік қисығын қалыптастыру бойынша жұмысының жанданатынына сенеміз. Сыртқы нарықтардағы қолайлы ахуал жағдайында міндеттердің басым бөлігі орындалады. Барлық бағыт бойынша ашықтық және түсіндірме жұ­мысы жөніндегі ақпараттық науқан, жарияланатын ақпарат пен статистиканың тізбесін бәрін қамти отырып кеңейту жалғасады. Аудиториясына байланысты, қалың жұртшылық үшін және сол сияқты сарапшылар, инвестициялық банктер, талдаушылар және басқалар үшін ақпарат берудің түрлі нысандары әзірленеді. – Қазақстанның экономикасына 2017 жылы әлемдік шикізат нарықтарындағы жағдай айтарлықтай әсер етеді. Осы тұрғыдан алғанда сіздің болжамыңыз қандай? – Ұлттық Банктің сақ және консервативті болғаны дұрыс. 2017-2019 жылдарға арналған бюджетті қалыптастыру ке­зінде Үкіметтің болжамдары Қазақстан экономикасында айтар­лықтай беріктік қорының бар екенін көрсетіп отыр. 2017 жылы айтарлықтай сыртқы күйзелістер болмауға тиіс деп санаймын. Егер мұнайдың бағасы бір баррель үшін 40 – 60 доллар аралығында болса, онда жағдай қалыпты болады. – Төлем балансы туралы айтсақ. 2016 жылдың қоры­тын­дысы бойынша ағымдағы шот тап­шылығы өсті. Оның негізгі себебі неде? – Шынында, алдын-ала деректер бойынша, 2016 жылы ағымдағы шот тапшылығы 2015 жылға қарағанда мынадай себептер бойынша жоғары болды. Біріншіден, 2014-2015 жылдары теңге айтарлықтай қайта бағаланған кезде, басқа елдермен сауда ағындарының теңгерімсіздігі тұсында туындайтын жағымсыз процестер мен салдарлардың әсері болады. Екіншіден, 2016 жылы мұнайдың орташа бағасы, жылдың соңындағы ахуалдың айтарлықтай жақсарғанына қарамастан, 2015 жылға қарағанда төмен болды. Үшіншіден, кірістер балансындағы тапшылық айтарлықтай ұлғайды. 2016 жылы шетелдік инвесторларға кірістер төлеу күрт өсіп, 11 миллиард долларды құрады. Бұл статистикалық тұрғыдан алғанда, ағымдағы шоттың нашарлауына алып келді. Алайда, шетелдік инвесторларға төленетін кіріс­тердің 60%-дан астамы елде қалды және Қазақстандағы, бірінші кезекте мұнай-газ сала­сындағы өз кәсіпорындарын қаржыландыруға бағытталды. Мұнайдың бағасы өскен кезде инвесторлардың мұнай-газ саласындағы жобаларға қызы­ғушылығы күрт өседі. Мұндай жағдай 2007 жылы, мұнай-газ саласына инвестициялау күрт ұлғайған кезде байқалды. Ағымдағы шот тапшы­лығының ұлғаюына қарамастан қаржы шоты бойынша капи­талдың әкелінуі бірінші кезекте тікелей инвестициялардың ағыны есебінен барлық сыртқы экономикалық операциялар бойынша қолайлы теңгерімді қамтамасыз етті. Сондықтан, 2016 жылы алтын-валюта резервтері, своптар немесе банктердің корреспонденттік шоттары есебінен емес, Ұлттық Банктің валюталық қорларының ұлғаюы есебінен нақты ұлғайды. Бұл ретте капиталдың есепке алынбай елден «қашуының» көрсеткіші ретінде түсіндірілетін «Қателер мен қалып қоюлар» бабы 2015 жылғы 5,4 миллиардтан және 2014 жылғы 9 миллиардтан 2016 жылы 1,7 миллиардқа дейін қысқарды. – Капиталдандыру көр­сеткіштеріне қойылатын та­лап­­тардың осы жылы өскенін ескерсек, банк секторының ағым­дағы экономикалық жағ­дай­дағы жай-күйі қандай? – 2017 жылғы 1 қаңтардағы есептілікке сәйкес бірде-бір банк капиталдың жеткіліктілігі жөніндегі пруденциялық нор­мативтерді бұзған жоқ. Банк­тердің көпшілігі қосымша резервтерді қалыптастыруға да­йы­н болды және қалып­тастырды. Басқа маңызды мәселе жекелеген банктердің бизнес-модель­дерінің жұмыс істеу қабі­лет­тілігі болып табылады. Тұрақты кірісті жинақтау және қаржы институтының орнық­тылығын қамтамасыз ету мүмкіндігі өте маңызды. Дағдарысты құбылыстар, тұты­нушылық сұраныстың қыс­қаруы, қорландыру құнының ұлғаюы, экономиканың нақты секторындағы сапалы жобалар үлесінің төмендеуі қаржы секторы рентабельділігінің төмендеуіне себепші болады. Нарыққа қатысушылардың жақын арадағы жылдардағы, капитал салу талап етілетін кездегі өз мүмкіндіктерін нақты бағалауы да маңызды. Банктер негізінен капиталды өз пайдасын капиталдандыру есебінен толықтыруға әдеттенген. Бұл жоғары рентабельділік жағ­дайында мүмкін болады. Қазір ахуал өзгерді. Банктерді одан әрі капиталдандыру бірінші кезекте, акционерлердің қара­жаты есебінен жүргізілуге тиіс. Қосымша провизиялар­ды қалыптастыруды талап ететін проблемалық актив­тер және реттеушінің капиталдан­дыруды арттыру туралы талаптары банктік бизнеске екі жақтан әсер етеді. Шығындарды оңтайландыру, консервативтік саясатты жүргізу, не қаржы нары­ғының неғұрлым өміршең бизнес стратегиясы бар басқа қаты­сушыларының шоғырландыру процестерін бастау қажет. – Банктерді стресс-тестілеу нарықтағы нақты ахуалды бағалауға көмектесуге тиіс. Оны биыл өткізу жоспары күшін­де қалды ма? – Иә, мұндай жоспар бар. Өткізу әдіснамасы және стресс-тестілеудің нәтижелері қалай пайдаланылатыны талқылануда. Банктердің ықтимал шоғырлану процестерін ескере отырып, оны өткізудің оңтайлы кезеңін айқындау қажет. 2017 жылдың соңына қарай әрбір ірі банктің стресс-тестілеуден өткені құп­тарлық. – Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің халық­қа Жолдауында Ұлттық Банкке банктік қадағалау мәсе­лелері бойынша қосымша өкілет­тіктер беру қажеттілігі туралы мәлімдеді. Іс жүзінде бұл қалай болады? – Шын мәнінде, заңнамаға тәуекелге бағдарланған қадаға­лауды енгізу бойынша түзетулерді дайындау жұмысы басталды. Бұл тетік дамыған елдерде іске асырылған. Реттеуші банкті пруденциялық нормативтерді сақтауы тұрғысынан ғана емес, банктің тәуекел-бейіні бойынша да бағалауға тиіс. Банктің тәуекелге тәбеті, байланысты тұлғаларды және жеңілдік талаптармен кредиттеу белсенділігі, банктің бизнес-моделі оның болашақ орнықтылығын қам­та­масыз ету тұрғысынан қан­шалықты қолайлы екені баға­ланады. Кейбір банктер формальды тұрғыдан пруденциялық нормативтерді ағымдық бұрма­лауға апармайтын жоғары тәуекелді операциялар жүр­гізеді. Алайда, осындай опе­ра­циялардың шоғыр­лануы жә­не осындай саясат жүр­гізуді жалғастыру болашақта қар­жылық жағдайының нашарла- у­ына апарады. Бұл жағдайда Ұлт­тық Банктің осындай операция­ларды шектеу бойынша нақты ықпал ету құралдары жоқ. Тиісті құралдар қажет. – Мемлекет басшысының тағы бір тапсырмасы Ұлт­тық Банктің мандатын кеңей­туге қатысты болды, оған Үкімет­пен бірлесе отырып, эко­­но­микалық өсу көрсет­кіш­тері үшін жауап­кершілік жүктелді. Бұл бағаның өсуін бақылау жөнін­дегі міндетке қайшы келмей ме? – Негізгі міндет Ұлттық Банктің негізгі мақсаттары мен экономикалық өсуді қолдау арасындағы оңтайлы теңгерімді айқындау болып табылады. Басқа елдердің тәжірибесі осындай теңгерімнің мақсаттардың нақты сатылылығы мен бір-біріне бағыныстылығы болған кезде ғана мүмкін екенін көрсетеді. Ең алдымен, Президенттің Жолдауында инфляциялық таргеттеу қағидаттарын сақтау қажеттілігі белгіленген, бұл Ұлттық Банктің негізгі мақсаты ретінде баға тұрақтылығын қамтамасыз етуді қарастырады. Өз кезегінде, Ұлттық Банк, егер бұл оның негізгі мақсатын орындауға қайшы келмесе, экономикалық өсуді ынталандыруға қатыса алады және алдағы уақытта да қатысатын болады. – БЖЗҚ-ға қатысты соң­ғы оқиғалар оның ішкі бас­қару процестеріндегі бір­қатар проблемалардың бар екенін көрсетті. Өкілі Қор­дың Директорлар кеңесін басқа­ратын Ұлттық Банк оларды қалай шешпек? – БЖЗҚ жаңа басшылығының мәлімдемесіне қарағанда, бас­қаруда белгілі бір өзгерістер болады. Бұл жоспарлардың іс жүзінде жүзеге асырылуын бағалау уақытты талап етеді. БЖЗҚ жұмысындағы кемші­ліктерді жоямыз, ішкі бақылау және ақшаны пайдалану жүйесін барынша күшейтеміз. Бірақ ең маңызды проблемаларды шешу қажет. Қазіргі кезде азаматтардың жинақтаушы зейнетақы жүйесіне сын көзімен қарауы неліктен басым бола бастады? Инвестициялау модельдерін, сондай-ақ, зейнетақы актив­терін басқару институттарын таңдауда бәсекелестік қағи­дат­тарын қалпына келтіру қажет. Қазіргі кезде салымшылар­да таңдау мүмкіндігі жоқ. Зейнет­ақы жинақтарын аудару БЖЗҚ-да жүзеге асырылады, зейнетақы ақшасын басқару үшін ұйымды таңдау мүмкіндігі жоқ, инвестициялық стратегияны таңдауға мүмкіндік жоқ. Мемлекет салымшылар үшін барлығын шешеді және тиісін­ше барлық тәуекелдерді өзі көтереді. Сол үшін де біз Мемлекет басшысының зейнет­ақы активтерін басқару функцияларын жеке және шетелдік компанияларға беру жөніндегі тапсырмасын іске асыру бойынша белсенді жұмыс жүргізудеміз. Ұлттық Банк әрдайым зейнетақы активтері нарығындағы бәсе­келестікті және салымшыға тиісті таңдау құқығын беруді қолдайды. Біз осы бағытта жұмыс істейтін боламыз. Сұхбатты дайындаған Динара БІТІКОВА,  «Егемен Қазақстан»
Соңғы жаңалықтар