• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
16 Ақпан, 2017

Ғылыми негізде дамитын мемлекет

368 рет
көрсетілді

Тәуелсіздікке қол жет­кіз­генімізге ширек ғасыр­дан астам уақыт өткен кезде, еріксіз алды-арты­мызды бағамдап, «не істеп, не қойдық?» деп байыр­қалауымыз табиғи заңды­лық. Шүкіршілік етіп, тапқан табыстарымыз да, «әттеген-ай!» айтқы­зып, опындыратын тұстары­мыз да жоқ емес екен. Сөй­тіп, әрі-сәрі болып дағдарып отырған уақытымызда құлағымызға Елбасы­ның мәлімдемесінде айтылған «Қазақ­стан қысқа мерзім ішінде кемелденіп, қуаты толысқан сақа мемлекетке айналды» деген нақты тұжырым сақ етіп естіле қалды. Шынында да өзімізге өзіміз риза болмай, шамырқанып отырған уақытта қазақ деп соққан жүрегімізге қуат беріп, марқайтып тастаған бұл сөз 2017 жылдың басында Қазақстан халқына арнаған Жолдауына орай айтылған мәлімдемесінде Елбасымыздың қаламынан шықты. Жазушы ретінде менің өзіме «Сақа мемлекет» деген тіркестің тосын көрінгені өз алдына, сая­си ұғымдардың концептісі ретінде де еріксіз назар аудартты. Президенттің жыл сайынғы Жол­дауларында жас мемлекетіміз бен оның азаматтарының болашағы үшін нақты да айқын платформаға табан тіреген бағалы бағыт-бағдар бері­ліп отыратынына көңіліміз үйрен­ген. Бажайлап, байырқалай қараған уақыт­та әр Жолдаудың өзіндік тақырыбы, өзіндік ерекшелігі болатынын аңғарар еді­ңіз. Олардың әрқайсысында біреуіне басы­мырақ, енді біреуіне азырақ орын беріл­се де, қоғамдық өмірдің барлық сала­ларына қатысты ойлар қамтылып келеді. Биылғы жылғы Жолдауда Прези­дентіміз білім жағына көбірек көңіл бөлгенімен, ғылым турасында арнайы тоқтала қоймаған. Бірақ Жолдаумен жете таныса түскен сайын тәуелсіз мемлекетімізді алға қарай дамытып, жетілдіру үшін ең алдымен ғылымның соңғы табыстарына арқа тіреп отырудың керек екендігіне баса мән берілгендігін байқар едік. Жолдау бойынша жасаған мәлім­де­месінде Президентіміз: «Біз цифрлық технологияларға негізделген болашағы зор бағыттарға айрықша мән бере­тін боламыз», деп тұжырымдаса, Жол­даудың өзінде «Әлемде кезекті, Төр­тінші өнеркәсіптік революция бастал­ды» деп біздің елдің де осынау ұлы дүр­мек көшке ілесуі керектігін мең­зейді. Басымдықтар жөнінде сөз ете бас­та­ған уақытында «Бірінші басымдық – эко­номиканың жеделдетілген техно­логиялық жаң­ғыр­тылуы» деп, бірден ғылым­ның жаңа табыстарына негізделген және соған орай жетіл­дірілген озық әдіс-тәсілдерді қолда­нуы­мыз керектігін қадап айтады. Жол­даудың тағы бір тарауында «...экспорт­қа бағытталған электромо­биль өндірісін одан әрі дамыту мәселесін пысық­тауды тап­сырамын» деген тұжы­рым­ды сөзі Президент ойын одан әрі тар­қа­тып, нақты мәселеге орай өрістете түседі. Қарқынды дамып келе жатқан еліміз үшін жаңадан құрылыс нысандарын тұрғызудың айрықша екендігіне тоқталап келіп: «Сондықтан құрылысқа да, құрылыс материалдарын өндіру саласына да жаңа технологияларды енгізу керек», деген сөзінің заманауи талаптардан туындап жатқандығы анық. Ғылымның жеткен жетістіктерін өндірісте қолдану деген сөз ол белгілі бір мөлшерде жұмыс күшінің қысқаруына әкеліп соғатындығы бұрынғы тарихи тәжірибелерден белгілі. Мысал үшін алғанда, өткен ғасыр­дың отызыншы жылдары Аме­рика Құрама Штаттарында орын ал­ған ұлы депрессия кезеңі нақ осын­дай қарқынды дамыған жаңа техно­ло­гиялардың өндіріске қарқынды ен­гізілуіне тікелей байланысты болғаны мәлім. Осы Жолдауын Елбасымыз: «Жаңа технологиялардың енгізілуіне байланысты дәстүрлі салаларда еңбек ресурстары босап қалатын болады», деп ашық айтып отыр. Демек, босаған жұмыс күштерінің далада қалып қоймау жағын қазірден бастап ойластырып, қамдана беру керектігі өзінен өзі көрініп тұр. Жолдаудың соңына таман айтылатын «Үкіметке «Қазақстанның ұлттық технологиялық бастамасы» деп аталатын елді үшінші жаңғырту жөніндегі 2025 жылға дейінгі дамудың стратегиялық жоспарын әзірлеуді тапсырамын» деген түйінді сөзде де келешегіміздің негізгі келбетін ғылыми негізде бейнелейтін мағына жатыр деп тануымыз керек. Бір ауыз сөзбен айтқанда, өз басым биылғы Жолдау елдің тиянақты түрде дамуына, ең алдымен ғылым мен жаңа технология жетістіктерінің алатын орнына баса мән берілген құжат, ал бұл өз кезегінде ел азаматтарының келешекке оптимистік рухпен қарауына әсер етеді деп таныдым. Нұрдәулет АҚЫШ, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, жазушы