Жақында «ЭКСПО-2017» комиссары Рәпіл Жошыбаевтың Өзбекстан Республикасына жұмыс сапары болды.
Сапар аясында Р.Жошыбаев Өзбекстан Сыртқы экономикалық байланыстар, инвестиция және сауда министрі Элёр Ганиевпен және «ӨзЭКСПОорталық» АҚ басқарма төрағасы – Өзбекстан ұлттық секциясының комиссары Иброхим Эргашевпен кездесу өткізді.
ЭКСПО-2017 комиссарының Өзбекстан Сыртқы экономикалық байланыстар, инвестиция және сауда министрі Э.Ганиевпен кездесуінде тараптар екіжақты өзара ықпалдастық мәселелерін және оның алдағы даму болашағын талқылады. Р.Жошыбаев өз кезегінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдік қоғамдастықтан қолдау тапқан әлемдік бастамалары туралы және соңғы кездері Мемлекет басшысы тарапынан күн тәртібіне шығарылған ішкі реформалар жайында әңгімеледі. Сондай-ақ, ЭКСПО-2017 комиссары елорданың әлемдік ауқымдағы аса маңызды шараларды өткізетін саяси орталыққа айналғанын атап өтті.
Өзбекстан Сыртқы экономикалық байланыстар, инвестиция және сауда министрі кездесу барысында әлемде көмірсутек шикізатының қоры азайып келе жатқанын, сондықтан жаһанның орнықты дамуы үшін баламалы энергия көзін тауып, оны пайдалануда бәсекелестікті арттырудың өзектілігін сөз етті. Сондай-ақ, ол Астанада өтетін ЭКСПО-2017 көрмесінде өз елінде шығарылатын күн панельдері, шағын гидроэнергоқұрылғылар саласындағы өзбекстандық мамандардың жұмыстары көрсетілетінін және Самарқанд облысында тұрғызылып жатқан күн электр стансасының макеті ұсынылатынын жеткізді.
Кездесу қорытындысында, ЭКСПО-2017 комиссары Р.Жошыбаев пен «ӨзЭКСПОорталық» АҚ басқарма төрағасы – Өзбекстан ұлттық секциясының комиссары И.Эргашев ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне өзбекстандық жағының қатысуы туралы шартқа қол қойды.
Дайындаған
Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан»