Еліміз ертеңіне сеніммен қадам басқан шағында заманына сай келешек ұрпақты тәрбиелеу басты міндет. Осы өрелі жолда ұрпақ өнегесі, адамдық болмысы жайлы ой толғап, рухани-адамгершілік білім беруді басты идея етіп ұстанатын «Бөбек» қорының президенті Сара Назарбаеваның «Өзін өзі тану» авторлық бағдарламасының алға қойған мақсаты ауқымды.
– Еліміздің Білім және ғылым министрлігі «Өзін өзі тану»: Махаббат пен шығармашылық педагогикасы» атты дәстүрлі онкүндікті өткізуді ұсынған болатын, – дейді қаладағы орталық кітапхана қызметкері Жанат Әбілмәжінова. − Осыған орай біз «Өзін өзі тану − адамгершілік құндылықтардың негізі» атты кеш өткізіп отырмыз. Бұл бағдарлама жас ұрпақтың жүрегінде өмірге деген сенім ұялатады. Ата-анаға деген ізгілік қасиеттерді бойына сіңіреді.
Шара барысында кітапхана мамандары «Бөбек» қайырымдылық қорының президенті Сара Алпысқызының өмір жолы, қайырымдылық іс-шаралары, еліміздегі адамгершілік-рухани білім беру саласының дамуына қосқан үлесі туралы әңгімеледі. Психолог мамандар Ләззат Мазтаева мен Сандуғаш Рапикованың айтуынша, өзін өзі тану пәні арқылы балалар өзіне сенімділікке, адамдар арасында орнын тауып, өзін тұлға ретінде сезінуге тәрбиеленеді.
«Өзін өзі тану нағыз адам болудың сыры мен қырын үйрететін пән», дейді №34 орта мектептің бастауыш сынып ұстаздары Гүлмира Байжұлданова мен Ләйлім Оразаева. Мұғалімдер, сонымен бірге, сабақ барысында қолданылатын іс-тәжірибелерімен бөлісті. «Өзін өзі тану махаббатқа жетелейді» атты тренингте аталған пәннің қызықты өткізілуі әдіс-тәсілдерді орнын тауып қолданатын мұғалімнің шеберлігіне байланысты екендігі аталды.
Раушан НҰҒМАНБЕКОВА
СЕМЕЙ