• RUB:
    5.08
  • USD:
    482.86
  • EUR:
    533.17
Басты сайтқа өту
16 Ақпан, 2017

Мәселені маса оянбай тұрғанда шешу керек

1004 рет
көрсетілді

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, былтыр шыбын-шіркейді улау үшін өңірдегі үш қалаға 170 миллион теңге бөлінген көрінеді. Дәрі-дәрмектің бір литрі былтыр 2232 теңгеге жеткен. Биыл 600 миллион теңгедей бөлініпті. Өйткені, ЭКСПО көрмесі өтетін 2017 жылдың көктем, жаз айларында өңірде шыбын-шіркейлерді азайтпай болмас. Облыстық әкімдіктегілер «Бұл көрме біздің өңір үшін де өте маңызды. Облысқа туристерді тарту керек және олардың келулеріне шіркейлер бөгет болмауы керек», деп отыр. Былтыр бәленбай жыл тасы­маған Ертіс өзені арнасынан асты. Ал шыбын-шіркей дегеніңіз өзен тасуынан соң, тіпті екі есе қаптады-ай дейсің. Биолог Қанат Ахметов – маса, шыбын-шіркейдің өсіп-өнуі, табиғатқа, адамға тигізер пайдасы мен зияны жайлы зерттеп жүрген ғалым. Оның айтуынша, бізге шыбын, шіркей, масадан бұрын оянуы­мыз керек екен. Инелік ұясынан ұшып шыққанға дейін шіркейдің тіптен көбеюі белең алады. Об­лыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасындағылар биыл шыбын-шіркейді улау жұмыс­тарына 595 миллион теңге бөлінгенін айтып отыр. 516 миллион теңге биологиялық және химиялық дәрі-дәрмектерді сатып алуға жұмсалатын болса, 69 миллион теңге дезинфекциялау қызметіне және 10 миллион теңге ғылыми тұрғы­да қолдау жұмыстарына бағытталады екен. Биыл бұл бағыттағы жұ­мыстар алдымен Ертіс өзенінің жағалауына, сонымен қатар, өзен бойында орналасқан Ақтоғай, Железин, Ертіс, Қашыр, Лебяжі, Май және Павлодар аудандарының аумағында жүргізіледі. Ал был­тырғы облысқа жасалған маса, шыбын-шіркейлердің бет қаратпас «жорығын» естіп, біздің биологтармен бірлесе зерттеу жасап көрген омбылық ғалымдар «Ертіс өзені жағасында қоршаған орта бұзылды ма, талай жылдардан бері құстар азайды, сұр қаздар, қарлығаштар мүлде көрінбейді. Ал бұл құстардың азығы – шыбын-шіркей мен маса. Қалай айтсақ та табиғаттың тепе-теңдігін сақтауды қатаң назарда ұстауымыз керек», деп отыр. Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан» Павлодар
Соңғы жаңалықтар