Мәжіліс депутаты Сәкен Өтебаев Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың атына депутаттық сауал жолдап, Испанияның «Patents Talgo» компаниясымен бірлесіп, заманауи талаптарға сай жолаушылар вагондарын шығаратын отандық «Тұлпар-Talgo» зауыты жыл сайын 400-ден астам жолаушы вагондарын шығарып жатқанын айта келіп, алайда, Астана мен Алматыдан Орал және Ақтау қалаларына қатынайтын «Тұлпар-Talgo» пойыздары әлі күнге болмай отырғанына өкініш білдірген.
Сондай-ақ, депутат Алматы – Семей – Павлодар, Астана – Арқалық, Алматы – Сарыағаш жолаушылар пойыздарының да ескі екендігін тілге тиек еткен. Басқа өңірлерде де осындай жағдайдың бар екенін айта келіп, «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ-тың жалпы өңірлер бағдарламасын қайта қарап, ескі жолаушылар вагондарын жаңа вагондарға ауыстыру мәселесін қарастыруды сұрайтынын айтқан.
Сауалға Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтан мынадай жауап келді: «Қазіргі уақытта қызмет көрсету сапасын жақсарту және жолаушылардың жолда болу уақытын қысқарту мақсатында 13 бағыт бойынша, оның ішінде 2016 жылғы 11 желтоқсаннан бастап Алматы–Астана бағыты бойынша және 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап Алматы – Шымкент бағыты бойынша «Тұлпар-Тальго» ЖШС вагондарынан жүрдек жолаушылар пойыздарының қатынауы ұйымдастырылып отыр. Сондай-ақ, 2017 жылдың бірінші жарты жылдығында жоғарыда көрсетілген вагондардан Астана – Орал және Алматы – Орал бағыттарына пойыздардың қатынауын ұйымдастыру жоспарланған. Бұдан басқа, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін өткізу кезінде Алматы – Қостанай, Астана – Ақтау, Астана – Атырау, Астана – Шымкент және Астана – Алтынкөл бағыттары бойынша қосымша пойыздарды іске қосу жоспарлануда.
Сіздің жазғандарыңызды ескере отырып, жолаушылар вагондарын жаңарту бойынша, оның ішінде отандық өндірістің вагондарынан жүрдек пойыздардың санын арттыру жөнінде жоспарлы жұмыстар жүргізілуде», делінген жауапта.
Темір жол қатынасы мәселесіне байланысты тағы бір сауалды депутат Кәрібай Мұсырман да жасаған еді. Ол Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбекке сауал жолдап, Қызылорда – Көкшетау бағытында қатынайтын пойыздың бағытын Көкшетаудан Петропавлға дейін ұзарту қажеттігін айтқан болатын. Депутаттық сауалда:
«Елбасымыздың бастамасымен 2014 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан «Мәңгілік Ел жастары – индустрияға», «Серпін-2050» әлеуметтік жобалары бойынша бүгінгі таңда Петропавл қаласының жоғары және орта арнаулы оқу орындарында еліміздің жұмыс күші артық өңірлерінен келген 1036 студент тегін білім алып жүр. Олардың көпшілігі Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Қызылорда облыстарынан. Серпіндіктердің өкілдері жуырда бізге келіп, өздерінің әртүрлі тұрмыстық себептермен, сондай-ақ, қысқы және жазғы каникулдар кезінде туған өңірлеріне барып-қайтуы қиынға соғып тұрғандығына шағымданды. Өйткені, қазір еліміздің оңтүстік және солтүстік аймақтары арасында тура қатынайтын жалғыз-ақ Қызылорда – Көкшетау пойызы бар. Бұл пойыз бір кезде Қызылорда – Петропавл пойызы деп аталып, Петропавл қаласына дейін қатынаған болатын. Алайда, кейін «Петропавлға дейін қатынайтын жолаушылар жеткіліксіз болғандықтан, өзін өзі экономикалық жағынан ақтамады» деген себеппен оның бағыты қысқартылған еді.
Енді жоғарыда аталған әлеуметтік бағдарламалар алдағы уақытта жалғасын табатындығын ескерсек, солтүстік және басқа өңірлер арасында пойызбен қатынайтын жолаушылар ағыны жылдан-жылға ұлғая түсетіндігі айқын. Сондықтан да «Серпін-2050» әлеуметтік жобасы мен «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасының тиімділігін арттыру мақсатында Қызылорда – Көкшетау пойызының бағытын Петропавл қаласының темір жол стансасына дейін қайтадан ұзартуды өтінемін», делінген.
Сол сауалға министр Ж.Қасымбектің атынан мынадай жауап келді: «Инвестициялар және даму министрлігі сіздің депутаттық сауалыңызды қарастырып, келесіні хабарлайды: оңтүстік өңірлерден солтүстік өңірге тікелей жету үшін темір жол көлігіне деген халықтың сұранысын қанағаттандыру мақсатында күнара қатынайтын Қызылорда – Астана бағытындағы №75/76 жолаушылар пойызының жолын Петропавл қаласына дейін ұзарту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл, өз кезегінде жол жүру кестесін Ресей тарабымен қысқа мерзімде келісу және 2017 жылға бөлінген республикалық бюджет қаражаты есебінен қосымша қаржы қарастыру секілді шараларды қамтиды. Аталған жұмыстар оң шешімін тапқан жағдайда, Қызылорда – Астана бағытындағы №75/76 жолаушылар пойызының жолын Петропавл қаласына дейін ұзарту жоспарланып отыр», делінген жауапта.
Бір қуанарлығы, бүгінде аталған пойыз Петропавлға дейін жүре бастады. Сөйтіп, депутаттардың араласуымен темір жол саласындағы кейбір халық қажетін өтейтін шаралар жүзеге асуда.
Әзірлеген
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»