Тәуелсіздік тізгіні қолымызға тиіп, егемен ел болған алғашқы күндерден бастап-ақ елімізде тіл саясаты Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың тікелей басшылығымен салиқалы да сындарлы түрде жүзеге асырылуда.
Елбасы жыл сайынғы Қазақстан халқына арнайтын дәстүрлі Жолдауларында да тіл саясатына, оның ішінде қоғамдағы мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мәселесіне көңіл бөліп отырады.
Білім мен ғылым, экономика, бизнес, жалпы, бәсекелестік қарыштап дамып отырған бүгінгідей жаһандану кезеңінде Елбасы көрегендік танытып, алдымызға үш тілді білу қажеттігін қойып отыр. Әсіресе, өскелең ұрпақ пен жастар алдында бірнеше тіл білу міндеті тұр. Мемлекет басшысының 2007 жылғы «Жаңа әлемдегі Жаңа Қазақстан» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Үштұғырлы тіл» мәдени жобасын ұсынған болатын. Елбасы өзінің осы Жолдауында «Қазақстан бүкіл әлемде халқы үш тілді пайдаланатын жоғары білімді ел ретінде танылуға тиіс. Бұлар: қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілі – жаһандық экономикаға ойдағыдай кіру тілі», деп атап көрсетті.
Бұл дегеніміз, оқу орындары алдына жаңа міндеттер, жаңа талап, жаңа мақсаттар қойылып отыр деген сөз. Негізгі мақсат – өмірден өз орнын таңдай алатын, өзара қарым-қатынаста өзін еркін ұстап, кез келген ортаға тез бейімделетін, белгілі бір ғылым саласында білімі мен білігін көрсете алатын, көп тілді және көп мәдениетті құзыреттілікті игерген полимәдениетті жеке тұлға қалыптастыру. Сондықтан үш тілді меңгеру заман талабы деп ойлаймын.
Өткен тарихымызға үңілсек, ұлы ғұлама ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби өмірінде 76 ұлттың тілін білсе, Ұлы Абай орыс, қазақ тілдерімен қатар парсы, араб тілдерін меңгерген. Өр рухты дауылпаз ақын Махамбет пен қазақтың біртуар ұлы Шоқан да бірнеше тіл білсе керек. Қазақ тілінің еш уақытта өзімен көршілес халықтар тілдерінен кенже қалып, қатардан қалып өмір сүрмегендігі, өз үлесін ешкімге бермегендігі мыңдаған жыл тарихынан мәлім. Олай болса, неге біздің ұрпағымыз баянды болашақ үшін өзге тілді жетік меңгермеске?!
Көп тұғырлы білім беру саласы қазіргі таңда АҚШ, Ресей, Үндістан, Нигерия сияқты жүздеген ұлт пен ұлыс мекендейтін мемлекеттерде кеңінен қанат жайған. Осындай әлемге әйгілі, дамыған мемлекеттермен бәсекеге қабілетті болу үшін тілді білу, қазақ тілін әлемге әйгілі ету басты мақсат болуы керек.
ХХІ ғасыр – жаңа технологиялар мен ғылымның дамыған заманы. Тіпті оларсыз өмірді көзге елестете де алмаймыз. Ал білім беру саласында ғылым мен білімнің бірге жүретіні белгілі. Олай болса, ғылымның дамуындағы басты қағида – тілді білу.
Үш тұғырлы тілді меңгеру қалталы азаматтардың ғана емес, қарапайым ауылдағы ағайындардың да балаларының сондай мәртебеге қол жеткізуіне себепші болмақ.
«Үш тілді білім беру – болашаққа бастар жол» демекші, үш тұғырлы білім берудің маңызы мен алға қойған мақсаттары да орасан зор. Әлемде дамыған 30 елдің қатарына кіру мақсатында ғылым, білім, тілімізді дамытып, жаңа заман талабына сай, бәсекелестікке қабілетті ел болуымызға апаратын бірден-бір жол да осы.
Ләззат ДОСТІЛЕУОВА,
Опорный орта мектебінің жаратылыстану пәндері бірлестігінің жетекшісі
Маңғыстау облысы,
Бейнеу ауданы