• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
21 Ақпан, 2017

Індет пен міндет

583 рет
көрсетілді

Ақыл-ойдың тұңғиығын та­қы­рлап, өркениет асқарына аяқ бас­қан адамзаттың әлі күнге дейін «та­мырына балта шаба алмай» ке­ле жатқан бір кеселі – «сыбайлас жемқорлық» атты індет. 2016 жыл­дың қорытындысы бойынша, әлем­дік жемқорлар рейтингінде зерттеу жүр­гізілген 176 мемлекеттің ішінде Қазақстан мүм­кін болған 100 балл көр­сет­кіш­тен 29 балл жинап, 131-ші орынды ие­ле­ніпті. 2015 жылғы нақ осындай әлемдік рейтингте еліміз зерттеу жүргізілген 168 мемлекеттің ішін­де 123-ші орынды иеленген еді. Бір жыл ішінде еліміздегі «сы­бай­лас жемқорлық» індеті одан әрі ас­қы­нып, халықаралық рей­ти­н­гі­де бірден сегіз сатыға «өсіп­піз». Transparency International атты ха­лықаралық қор өткізген бұл әлемдік мемлекеттер рейтингінде 90 балл жинаған Дания мен Жаңа Зеландия көш бастаса, 10 балл ал­ған Сомали жемқорлар тізімінің нүк­тесін қойыпты. Жыл ішінде көр­сет­кішін сегіз саты төмендеткен Қазақстан­ әлем­дік рейтингіде сыбайлас­ жем­қор­лық бойынша аты шыққан Украина, Непал және Иран сияқты мем­лекеттер тобына жақындапты. Тәуелсіздігіміз салтанат құрған ширек ғасыр ішінде сыбайлас жем­қор­лықпен аяусыз күресіп келеміз. Бұл індетке қарсы заң қабылдаудан да, форум өткізуден де кенде емес­піз. Бірақ сыбайлас жемқорлық қасі­ре­тінің беті қайтпақ түгілі, жылдан-жыл­ға қазақи кеңістігімізді жегі құрт­тай жайлап барады. Тіпті, бұл қа­терлі індетке шалдықпаған билік тар­мағы қалмағандай. «Түйені жү­гі­мен, биені түгімен жұтатын» әкім­қара­ларды былай қойғанда, жыл бас­тал­май жатып, Ұлттық экономика министрі қамауға алынды. Осы орайда Елбасы өзінің «Қазақ­стан­­ның Үшінші жаңғыруы: жаһан­дық бәсекеге қабілеттілік» атты Жол­дауында «Біз елдегі сыбайлас жем­­қорлық деңгейін төмендету ба­ғы­­тын­да елеулі қадамдар жасадық. Алай­­да, басты назар көбіне сыбай­лас жемқорлықтың салдарымен кү­ре­су­ге аударылып отыр. Сыбайлас жем­қорлықтың себептері мен ал­ғы­шарт­тарын анықтап, оларды жою жұ­мысын күшейту қажет», деп атап көр­сетті. Ендеше, бұл індеттің тамырына балта шабу үшін ең алдымен, оның шығу себептеріне тосқауыл қойылуы керек. Батыс сарапшыларының пікі­рін­­ше, Қазақстандағы жемқорлық не­потизмге, яғни қызмет бабында туыс­тық, рушылдық, жершілдік байланыс­тармен өсуге, сонымен бір­ге фаворитизмге, яғни басшыға сүйі­кті болу, біреудің ығында жүр­уге және біреуге арқа сүйеуге негізделген. Әрине, әкімнің немесе министрдің баласы жоғары қызмет атқармасын деген талап жоқ. Өкінішке қарай, бізде қызмет бабында «көкесінің» беделімен ғана жоғарылау қалыпты қағидаға айналып бара жатыр. Бұл келеңсіздік әкімдіктерде, министрліктерде, ұлттық компанияларда кімдердің балалары және туыстары отырғанынан-ақ бетке ұрып тұр. «Қанына тарт­па­ғанның қары сынсын» деген қа­ғиданы кландық, рулық және ко­ман­далық топтардың ұранына айнал­дырып, сыбайлас жемқорлықтың қаз­ақи пирамидасын жасадық. Бұл өте қауіпті. Ұйымдасқан «қазақи жем­қорлар пирамидасы» азғантай қа­зақты ала тайдай бүлдіріп, үлкен қа­сіретке ұрындыруы әбден мүмкін. БҰҰ-ның мәлімдеуінше, бү­гін­де адамзат алдында тұрған жа­һан­дық ең ірі үш қатер бар екен. Со­ның бірі – байлар мен кедейлер арасындағы алшақтық, яғни әлеу­мет­тік теңсіздік ең қауіпті шекке жет­кен. Бұл көрсеткіш бойынша да жағдайымыз онша мәз емес. Елі­міз­дегі акционерлік қоғамдар мен банк­тердегі жалақы айырмашылығы жүз­деген есе өсіп кеткен. Әлеуметтік әді­летсіздік белең алған ортада жем­қор­лықтың қаулай түсетіні де айдан анық жайт. Елбасы сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күресудің стратегиясына бай­ланысты Қазақстанда маңызды үш элементтен тұратын жүйені құ­ру­­ды тапсырған болатын. Ол – бі­р­ін­шіден, азаматтарға қызмет ете­тін тиімді мемлекет, екіншіден, эко­но­микалық дамудың қозғаушы кү­ші ретіндегі мықты бизнес, үшін­ші­­ден, жауапкершілігі жоғары аза­­мат­тық қоғам. Бүгінгі таңдағы бү­кіл қазақстандық қоғамның жұ­мыла ат­қарар міндеттері осы. Әйт­песе, шек­тен шыққан бұл індет қаз­ақ­стан­дық қоғамның болашағына аса зор қатер төндіруі мүмкін.

Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»