• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
21 Ақпан, 2017

Ақылы қызмет – заман талабы

574 рет
көрсетілді

Теңдесі жоқ археологиялық-этнографиялық, тарихи-мәдени мұраларымызды көздің ағы мен қарасындай қорғау, мұқият мінсіз сақтау, үздіксіз толықтыру, жан-жақты білгірлікпен наисхаттау, яғни келешектің рухани игілігіне, кәдесіне жарату – асыл парызымыз. Статистикалық мәліметтерге ойыс­сақ, Мәдениет және спорт минис­­трлігінің 2015 жылдың 30 нау­рызындағы №119 бұйрығымен бекі­тілген республикалық маңызы бар Тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізімінде 219 айтулы кө­не археологиялық қалалар, ерте темір, қола дәуіріндегі обалар, қорым­дар, композициялық қойтастар мен тас белгілер, кесене-мавзолейлер, сағанатамдар, күмбезтамдар, шырақ­тастар, мазарлар, мешіт-медре­селер, ескі тұрақтар, көпірлер, бекініс-қамалдар, қамал қақпалары, ғимараттар, әскери лазарет, казармалар, тарихи тұлғалар мүсіндері көрсетілген. Бұлардың әрқайсысы тізбек-тізбек тарихтың, мәдениеттің, бағзы заманның тірі куәгеріндей, көркем куәлігіндей. Қазақстан Республикасының мә­дени саясаты тұжырымдамасының негізі – «Әзірет Сұлтан», «Отырар» тәрізді алты мемлекеттік тарихи һәм мәдени қорық-музейлердің мәдени-ағартушылық, ғылыми-танымдық қызметін одан әрі жетілдіру көзделіп, «республикалық мемлекеттік кәсіп­орын» болып қайта құрылды. Өйт­кені, осылай еткенде қорық-музей­лер ақылы қызмет көрсету арқылы өздерінің инфрақұрылымын дамы­туға, материалдық-техникалық базасы­ның толысуына, жәдігерлерді сақтауға, қорғауға, зерттеуге, кеңінен наси­хаттауға мүмкіндік алады. Осын­дай ұйымдастыру-құқықтық түрінің заңнамалық сипаты бар. Бұған дейін музей-қорықтарды тамашалау тегін болатын. Ақысыз қолжетімділіктен, жүріс-тұрыс мәдениетінің олпы-солпы болғанынан, бойкүйездік жайлаған­дықтан, өзіне-өзі есеп бермегендіктен музей-қорық аумағында тазалық пен тәртіп сақтамау белең алған-ды. Біріншіден, музей аралау бейнебір тарих қойнауына саяхат жасау іспетті. Ал кесенеге кіру ақылы қызметі бір ғана Қазақстанда ғана деуге болмайды. Жаһандық деңгей-дәрежесіндегі музейлер тәжірибесінде бар үрдіс. Мысалы, өз басым Тайланд астанасы Бангкок және Самуи аралының, Иорданияның ғажапстаны Петраның, Түркияның жер асты қаласы Каппадокияның музей-қорықтарының, Пәкістанның Таксилла мен Силсилла қалаларының ескі орындарын көргенде ақысын төлеп, қызығына қанықтым. Өзбекстанның сәулет ескерткіштері – Хазірет Имам, Гүр-Әмір, Бибі-Ханым, Рухабад, Жаһангир, Күмбезді-Сеийдан кесенелеріне, Хазірет-Хызра мешітіне, Шахи-Зиндаға кіру сәулет ерекшеліктеріне қарай билет құны 200 сумнан 500-ге дейін болса, шет ел азаматтары үшін 3-7 доллар шамасында белгіленген. Музей ісі, туризм саласы бойынша озық үлгі танытып отырған Түркияда Ататүрік жерленген кесенеге кіру бағасы – 400 лира, Долмабахче ханым сарайына – 40 лира, Топкапы сарайына – 15 лира, Айя-София музейіне 40 лираны құрайды. Ұлы суреткер Лев Толстойдың «Ясная поляна» музейіне кіру – 250 рубль, орыс халқының ұлттық пантеоны іспетті Петропавловск қорғаны музейіне кіру – 200 рубль, «Русский» музейіне Ресей және Беларусь азаматтары үшін – 300 рубль, студенттер мен зейнеткерлерге – 150 рубль, шет ел азаматтарына, жас ерекшелігіне қарай, ересектерге 450 рубль, студенттерге 200 рубль екен. Ақылы қызмет түрін қолдану – заман талабы. Даңқты музей-қорықтарды сақтаудың және дамытудың бірден-бір дұрыс жолы осы. Және де мұнда сан сипатты ұшан-теңіз қисапсыз қыз­мет түрлері шоғырланған. Түркі жұрттарының шамшырақ тұлғасы, кемеңгер білімпаз, көсем ойлы ақын атын иеленген Түркістандағы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне келушілер соншалықты нөпір. Мұнда Әмір Темір заманында құйылған, жасалған Тайқазан, Шырағдан (бірі Францияның Лувр музейінде сақтаулы), Кесене қақпасы... Сонымен қатар, музей-қорықтың құрамдас бөліктері Жұма мешіті, Қылует жер ас­ты мешіті, Рәбия Сұлтан Бегім кесенесі, Шығыс моншасы, Түркістанның төрт қақпасы, Сегіз қырлы сағана, Есім ханның кесенесі, Әулие Құмшық-ата хильветі, Шілдехана және т.с.с. Сонымен бірге, туристер үшін кинозалда деректі фильм көрсетеді. Тізбек-тізбек жұмыстар, іс-шаралар ақылы қызметті қажетсінетіні сөзсіз. Ол өз кезегінде тарихи-мәдени орындардың сервистік қызмет түріне де септігін тигізеді. Ендеше, музейлерге барып, тарихи танымымызды кеңейту де ұлттық мәдениетке қосылған үлес болып табылады.

Серік НЕГИМОВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері