• RUB:
    5.12
  • USD:
    483.23
  • EUR:
    534.74
Басты сайтқа өту
22 Ақпан, 2017

Бұл – еселі еңбек ететін уақыт

272 рет
көрсетілді

Елбасы тағы бір келешекке сеніммен қарышты қадам бастыратын жаңа бастама ұсынды. «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдаудағы халық игілігі үшін атқарылар ауқымды шаралар, жүзеге асырылар кешенді жобалар көңілді қуантты. Бұған дейінгі жалпыұлттық мәні бар стратегиялық бағдарламалардың жалғасы іспетті бұл Жолдауда да кем-кетігіміз сарапталып, кемшін тұстарымызды толықтырар іс-шаралар айқындалған. Аталған Жолдау – орасан жаңа мүмкін­діктер, Елба­сының өз сөзімен айтар болсақ, «өмір сапасының қазақ­стандық үлгі-қалыбын қалып­тастыруға» апа­рар даң­ғыл жол. Маңызды кешенді үш міндет пен бес негізгі басымдық атап көрсетілген Жолдаудың мақсаты – Қазақстанның күн санап бой көтеріп, жаңашылдықпен жарысып келе жатқан елдердің көрікті көшінен қалмай, әлем көгінде Мәңгілік Ел болу. Бүгінде Қазақстан бұрын-соңды бастан кешпеген мамыра­жай тірліктің, көңілге шаттық ұяла­тар шуақты да жарқын күн­дер­дің куәсіне айналды. Шар­тарапқа Қазақ елін танытып, ширек ғасыр бойы әлем жұртшы­лы­ғын кемелдігімен һәм кемең­герлігімен мойындатқан Елбасы­ның алдымызға қойып отырған басты міндеті – «жұртым» деп жұмылып, «елім» деп еселі еңбек ететін уақыттың келгендігі. Елбасы биылғы Жолдауында басты басымдықтардың бірі ретінде цифрлы индустрияны дамытуды атады. Аталған саланы өркендету арқылы басқа да сала­ларға тың серпін беруге мін­деттеді. Еңбек өнімділігін арт­­тыра отырып, әлемдік сұр­аныс­тағы жаңа нарықтарға шығу, экс­портты толықтыру, эконо­ми­ка­лық тұрақтылық пен жаңа жұмыс көздерін ашу, қолда бар қара­жатты үнемдеп, халық игілі­гіне жұмсау, қазынаны мейлін­ше жауап­кершілікпен игеру де ма­ңызды бағыттар ретінде айтылды. Еңбек нарығын жаңғырту арқылы мемлекет-жекеменшік басқару құрылымын қолдау жолға қойылса, халықтың әл-ауқатын арттыру, әлеуметтік сала­лар­дың қарқынды дамуы сын­ды өзекті мәселелердің шеші­мін таба­тындығын тілге тиек етті. Нақ­т­­ы­ланған бағдарламалар шең­­берінде әр өңір­де кәсібін нәсіп­­ке ай­налдырар «отба­сылық кәсіп­­кер­лікті» дамыту үшін де қол­дау халық әлеуе­тін көтерері хақ. Барлық өңір­дегі бос жұмыс орын­дары көр­сетілген бірыңғай он­лайн плат­форма – жүйелілігі айқын­далған ашық қоғамның көрінісі. Өркениет көшіндегі елдер үшін «еңбек» пен «білім» ұғым­дары – бір-бірінен ажырағысыз құн­дылықтар. Ашығын айту керек, Жолдауда басымдыққа ие бол­­ған адами капиталдың сапалық өсуі бо­йынша мемлекет тарапынан көр­сетіліп жатқан қолдау ұшан-теңіз. Оған барша­мыз да күнделікті өмірде куә болып жүрміз. Бұған дейін де білім беру саласын басты орынға қойып, назарынан тыс қалдырмаған Елбасы өзінің жаңа Жолдауында да еліміздегі білім беру жүйесін жаңғыртудың қажеттілігін және оны жүзеге асырудың іс-шараларын да атап көрсетіп берді. Әлемдік тәжірибе эконо­мика­лық тұрғыдан жан-жақты даму көрсеткіштеріне қол жет­кізуде техникалық және кәсіптік білім­нің өте қажеттілігін дәлел­деді. Өндірістің әртүрлі сала­лары да кәсіби білікті мамандар тап­шылығын сезінуде. Сондықтан, бүгінгі еңбек нарығы мен қоғам­ның қажеттіліктерін қанағат­тан­дыруда техникалық және кәсіп­тік білім берудің беделі мен маңызын жоғарылататын Елбасы бастамасы – «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру жүйесі» жобасы еліміздегі мыңдаған азамат үшін өмірге жолдама болмақ. Мемлекеттік тілге басымдық бере отырып, жаңа экономика тілі – ағылшын тілімен сауаттану қажеттілігі Жолдауда ашық та анық айтылды. Расында да, жаһандық көштен қалмаудың бір шарты – «өзге тілдің бәрін біліп, өз тіліңді құрметтеу» емес пе?! 2017 жылдан бастау алатын әлеуметтік қамтамасыз ету сала­ларына беріліп отырған басым­дық – зейнеткерлер мен аз қам­тылған топтарға, жас ана­ларға бөлінетін қаражат-көмектің басы болмақ. Тәуелсіздік тұғыры – тыныш­тық пен біртұтастық. Бұл қа­сиетті ұғымдардың салмағын Ел­басы қазақстандықтарға ғана емес, барша әлем жұртшылы­ғы­на сезіндіріп, тың бастамалары­­мен насихаттап-ақ келеді. Биыл­ғы Жолдауда да ел тұтастығы­на айрықша мән берілген. «Діннің тұтастығы – елдің тұтастығы» деген ұстанымдағы Елбасы Жол­дауда елдің ертеңі мен бола­ша­ғы­на кесел келтіретін діни экст­ремизмнің жолын кесіп, адас­қандарды сауаттандыру кезек күттірмейтін мәселе екендігін атап өткен. Сайып келгенде, бұл – тәуелсіз елдің әр тұрғынының және, тұтастай алғанда, бейбіт еліміздің қауіпсіздігі. Негізгі қағидасы нәпақаны еңбек­тен ғана іздеуге, басты орын­ға әділдік пен адалдық, сапа ұғым­дарын қоюға шақыратын бұл Жол­дауда қамтылмай қалған сала жоқ. Асқан көрегендікпен, нақ­ты дәлдікпен атқарылар жұ­мыс­тың тетіктері де ұсынылып отыр. Елбасы алға қойған биік мақ­саттарды бірлесе жүзеге асыру – біздің еншіміздегі мерейлі міндет әрі азаматтық парызымыз. Үшінші жаңғыру жолына нық сеніммен қадам басқан еліміздің Көк байрағы әлемнің ең мықты мемлекеттері көз тіккен асқар биіктерде желбірей беретіндігіне еш күмән жоқ. Бақытгүл ХАМЕНОВА, Парламент Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшесі