Әзілдеймін деп, ұятқа қалдырады
...Әлқисса, атам қазақ әлімсақтан сөз өнеріне ерекше мән берген. Тарихтың тереңіне зер салсақ, оған мысал жеткілікті, әрине. Бабаларымыздың бүкіл өнер атаулының алдына «Өнер алды – қызыл тіл» деп сөз өнерін қойғаны да жеткілікті шығар. Әйтпесе, қантөгіске ұласқалы тұрған талай дау-дамайды орамды ой, ұтымды сөз арқылы бейбіт жолмен шешкен бұрынғылардан «Ел бастау қиын емес, қонам деген жерден көл табылар, қол бастау қиын емес, шабам деген ерге жау табылар, бәрінен бұрын алқа топтың, аламан жұрттың алдында сөз бастау қиын, Тауып айтсаң, береке, таппай айтсаң, келеке боласың» деген ғибрат қалар ма еді?! Қазір кім көп, Құдай сақтасын, асаба көп. Таяқ лақтырсаң, асабаға тиеді, әйтеуір. Бірақ сан бар, сапа жоқ. Бүгінгі асабалардың басым көпшілігі той басталғаннан той тарқар сәт таянғанша аузы-аузыма жұқпай сөйлей берсем болды, менен өткен мықты жоқ деп ойлайтыны кәміл. Ал біздің дәуірімізге дейінгі ежелгі Римнің аузымен құс тістеген шешені, мемлекет һәм қоғам қайраткері Марк Тулий Цицероннан жолы кіші, жасы кіші бір замандасы бірде «Ушыққан талай дауды одан әрі өршітпей, сіз сөз арқылы бейбіт жолмен реттедіңіз. Сіздіңше, шешендік дегеніміз не?» деп сұраса керек. Сөйтіп, әлгі бейбақ шешендік туралы сала құлаш жауап күтіп тұрса, Цицерон «Шешендік дегеніміз – керек жерде, қажет кезде үндемеу», деп қысқа-нұсқа қайырған көрінеді... Демек, көрдіңіз бе, шешендік дегеніміз әсте ешқандай татымы, дәмі жоқ сылдыр сөзді суша сапыру емес. Әр тойдың өзіндік азды-көпті ерекшелігі, яки ішкі иірімдері бар. Той тізгінін ұстар тұлғаның әп дегеннен ең басты назар аударуы тиіс мәселесі, міне, осы фактор. Бұл – кешегі тойдағы айтқаныңды айна-қатесіз бүгінгі тойда айтып, береке таппайсың деген сөз. Мұндай қарадүрсіндіктен той жақсы өтіп, асабаның абыройы артып, рейтингісі көтерілмейді. Әрі әлгіндей атүстілік асабаны шығармашылық тоқырауға тіреп тынады. Ендеше, көп оқу, талмай ізденіс керек! Жалпы, той өткізу – үлкен жауапкершілік. Мысалы, бір үйдің бойжеткен қызы жасы 20-ға толып, ұзатылып бара ма, демек, әлгі әулет қызының теңіне қосылу тойын бақандай 20 жыл күтті деген сөз. Ал енді әке-шеше барын салып, нарын салып, қажет десеңіз, тіпті, жанын салып, 25-ке келген ұлының үйлену тойын жасаудың қамында ма, ендеше, бұл да ата-ана мен ағайын-туыстың жылдар бойы аңсап күткен қуанышы. Енді осы талай жыл күткен тойдың қалай өтуі той тізгінін ұстаған асабаға тікелей байланысты. Жақсы асаба той иелерінің қолының қысқалығынан дастарқаны жұтаңдау жайылған немесе басқалай міні бар тойды өзінің той жүргізу шеберлігімен байқатпай, әлгі тойдың кем-кетігін елетпей жібереді. Керісінше, олақ, қарадүрсін асабалар (егер оларды асаба деуге болса, әрине) дастарқаны майысқан, өзге шаруасы да келіскен тойдың өзінің берекесін қашырады. Қазіргі асабалардың дені той басталар-басталмастан той тарқағанша қол шапалақ сұрап, ығырыңды шығарады. Ей, айналайын-ау, егер сенің сөз саптауың, той жүргізу мәнерің тойшы қауымға ұнап, көптің көңілінен шығып жатса, олар сені қақсатпай-ақ қол шапалақтайды емес пе?! Осыған да көл-көсір ақыл керек пе??? Тойды жүргізіп тұрып, өзінің руын айтып, «Қане, осы рудың қазақтары болса, қол көтеріңіздер!» деп буынсыз жерге пышақ ұрып, бұйыра сөйлейтін асабалар да баршылық. Кең-байтақ даласының әр қиырынан құйылып, үш жүздің баласының басы жиылып тойға келген қазаққа трайбализмді тықпалаудың не қажеті бар??? Немесе «Мен бір айдың өзінде 2-3 несие төлеймін. Осыны ескеріп, асабаға да демеуші болып отырыңыздар, ағайын» деп бұлданатын, орысша айтқанда, әрі наглый, әрі қайыршы асабаларды да көріп жүрміз. Алсаң, несие алған сен өзің, ал оны желеу етіп, халықтың қалтасына түсудің не жөні бар??? Былтыр бір ағамыз өзінің 60 жасқа толу мерейтойына қонақ ретінде шақырған соң бардық. Қазақтың қай тойы уақытында басталып еді, бұл мерейтой да межелі уақытынан екі сағаттай кеш басталды. Жәй басталуының басты себебі, асаба түсте тағы бір мерейтойды басқарып, сол бітіп болмай, кешігіп келген екен. Өзінің кешігіп келгенімен қоймай, әлгі асаба өзінше тойды бастап жатып, «...осындай елге сыйлы, басы милы ағамыз алпысқа толды деп қадірлі қонақтар сіздер де келдіңіздер, кешігіп болса да, қарным қампайып, бұтым талтайып, мен де келіп қалдым», деп салды. Дені дұрыс, сөзі дұрыс, яки жөн білетін кісі әуелі асаба басымен кешігіп келгені үшін көпшіліктен кешірім сұрамас па еді?.. Сонан соң дене бітімінің кем-кетігі онсыз да көзге ұрып, көрініп тұр ғой, «қарным қампайып, бұтым талтайып» деудің не қажеті бар-ды?..Ұтымды сөздің жөні бөлек...
Меніңше, асаба тойға дейін той иелерімен жүздесіп-пікірлесу барысында той қонақтарының негізін кімдер құрайды соны біліп алып, той сценарийін той қонақтарының негізгі бөлігі сүйсініп қабылдайтындай деңгейде құруы шарт. Мәселенки, той қонақтарының басым көпшілігі халықтың қандай бөлігінен құралатындығын күнілгері білу арқылы асаба аталмыш тойдың аудиториясына фольклорлық сипаттағы ма, жоқ әлде қазіргі заманғы әзіл-қалжың көбірек өте ме, міне, осындай маңызды мәселелерді алдын ала болжай алады. Әрине, тойға жиылған жұрттың көңілінен толықтай шығу өте қиын, бірақ той тізгінін ұстаған кісінің соған ұмтылуы парыз. Ең бастысы, асаба топтың ішіне сіңіп, бар-жоғы белгісіз болып кететіндей емес, керісінше, интеллектуалдық тұрғыдан көпті жетелеп отыратындай тұлға болуы тиіс. Осы орайда, қазіргі асабаларға тән тағы бір ортақ кемшілік – олардың ортаға тілек айтуға шыққан қонақтарды кекетіп-мысқылдауы. Мәселен, кейбір асабалар қонақ тілегін айтып болысымен іле-шала, «Енді сіз сүй дейсіз ғой, енді сіз бүй дейсіз ғой» деген сарындағы кекесін мысқылға көшеді. Мұндай арзан маневр оған абырой әпермейді. Керісінше, асаба сөзден жаңылғанды жетелеп, сүрінгенді демеп жіберуге әр кез пейілді болуы шарт. Футболдан 1966 жылы Англияда өткен VІІІ (сегізінші) әлем чемпионатының екінші жартылай финалында Англия мен Португалия құрамалары кездесіп, осы ойынның тек 22-минутында ғана франциялық төреші Швинтенің ысқырығы қайыра естілген екен. Менің бұл мысалды алға тартып отырған себебім, кейбір тойлар асаба бастап берісімен өзі бір жүйелі арнаға түсіп, жарасымды жалғасып жүре береді. Өз басым интеллектуал асабаларға құрметпен қараймын. Мұндай деңгейдегі асабалар қысқа күнде қырық құбылатын саясаттың өзін әдемі әзіл, орынды қалжыңға айналдырып жібереді. Осыдан үш жыл бұрын Ақтөбедегі бір жолдас жігіттің қызының ұзатылу тойына қатысудың сәті түсті. Отағасы шаруасы шарықтап тұрған кәсіпкер, ал оның шаңырағының шамшырағы әуелі, әрине, Алла тағаланың, сонан соң отағасының арқасында аттөбеліндей аз ғана қазақты бақандай бес адамға көбейткен (Құдай көпсінбесін!) ардақты ана екендігін білетінбіз. Әрі әр перзентінің арасына көп уақыт салмай, бес рет босанса да, досымыздың келіншегі тал бойында бір міні жоқ талдырмаш, гүлнәзік келіншек-ті. Мәні мен сәні келісіп, қай-қай жағынан да жарасымды өткен тойдың соңын ала әдеттегідей қонақтарына ризашылығын білдіру үшін той иелеріне, ата-анаға сөз ұсынылды. Отағасы тойға келген дүйім жұртқа келістіріп рахметін айтты. Ал зайыбы «Мен отағасының айтқанына қосыламын», дей келе, қыз-күйеу баласына баянды бақыт пен ұзақ та жаймашуақ өмір тілеп, сөзінің соңына таман туған ұясынан ұшып бара жатқан балапанына деген аналық қимастық сезімге бой алдырып, жанарына жас үйірілді. Осыны байқап тұрған асаба: – «Гүлдерайым жеңеше, Ерік ағам екеуіңіз бес перзент сүйіп, ұл-қызыңызды түгелдей тең құрбысының алды қылып жеткіздіңіздер. Бұл тойға дейін сіздер Айнұр қарындасымыздың екі ағасын үйлендіріп, ұяға, екі әпкесін ұзатып, қияға қондырдыңыздар. Міне, бүгін кенже қызыңызды ел-жұрттың ақ бата, ақ тілегімен алақандарыңыздан ұшырып, теңіне қосудасыздар. Ана ретінде сіздің көңіліңіз біржола жайланды. Енді сіздің сәмбі талдай сымбатты өн бойыңызға салмақ жамап, қоң жинап, әлемдегі ең іргелі мемлекеттердің бірі – Германияның тізгінін ұстаған қазіргі ат үстіндегі канцлері Ангела Меркель секілді нән келіншек болуға толық хақыңыз бар», дегенде асабаның тапқырлығына риза болып, дуылдата қол соқпаған қонақ қалмады. Саяси тақырыпқа тағы бір сәтті мысал. Өткен жазда келін түсірген әулет жақында жаңа құдаларын шақырып, біз сол дастарқанда жаңа құдалармен бірге болдық. Келін түсірген отбасы жас келінге дән риза. Шынында да, «Жүзі жылыдан түңілме» дегендей, жас келіннің көркіне ақылы сай, әрі әдемі, әрі әдепті бала екендігі бір көргеннен-ақ сыпайы сәлемдесуі мен тәрбиелі жүріс-тұрысынан-ақ аңғарылып тұрды. Жас келіннің әп дегеннен үйдің шаруасын үйіріп әкеткендігін, үй-жайды мұнтаздай таза ұстауы мен тамақты дәмді пісіретіндігіне қоса, ине-жіп ұстауға керім икемді екендігін үйдегі үлкен кісі – Зүбайда әжей дастарқан басында сүйсіне әңгімеледі. Тіпті, абысындарының бірі сөз арасында жас келіннің жасауында тігін мәшинесі бар екендігін де айтып өтті. Қайыр-хош, сол құдалықты келін түсірген үйдің әлі үйленбеген кіші ұлы жүргізді. Өзі бір әжептәуір асабалық өнері бар бала екен. Бұл жігіт те жас жеңгесіне бек разы. «Егер Астанадағы көкелер менің Ләйлә жеңешем дайындаған женттің дәмін татса, бірден «Мына жентті ЭКСПО –2017 халықаралық көрмесіне қояйық» деп ұсыныс айтар еді», – деді бір сөзінде. Қайнысы мақтаған женттің дәмін көрдік, шынында да, тіл үйіреді екен! Демек, жаңағы саяси сипаты бар теңеу әбден орынды! Мен білетін бір асаба «Қазақтың тойын асаба болып бастап, асаба болып аяқтау үшін асабаға ең сезімтал интуиция, аяқасты импровизация, қазақтың ұлан-ғайыр даласындай кең көзқарас, жан-жақты эрудиция, шымыр логика және үлкен дипломатиялық шеберлікке қоса, қазақша айтқанда, темірдей жүйке керек» деп есептейді. «Болмасаң да, ұқсап бақ...» деп хакім Абай айтқандай, меніңше, асаба біткеннің жаңағындай интеллектуалдық өреге ұмтылғаны ләзім. Әйтеуір, «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы, Қиыннан қиыстырар ер данасы» дегендей, асабаның әр сөзі, әр сөз саптауы «аламанға дем беріп, алқа топты меңгеріп», тойдың жақсы өтуіне қалтқысыз қызмет етуі шарт. Иә, тойдың сәні – асаба, алайда, бәрі бірдей емес. Айтқан емес, айтар сөзінің әсер-ықпалын алдын ала дәл болжай білетін сұңғыла асаба ғана тойдың сәні. Біздің бұл айтқанымызға сіздің не алып-қосарыңыз бар болар, әлеумет?.. Бауыржан ҒҰБАЙДУЛЛИН, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі ОРАЛ