• RUB:
    5.12
  • USD:
    483.23
  • EUR:
    534.74
Басты сайтқа өту
23 Ақпан, 2017

ЭКСПО-ға дайындық басты назарда

175 рет
көрсетілді

Орталық коммуникациялар қызметінде «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне қатысушылардың ІІІ жиналысының қорытындысына арналған баспасөз мәслихаты өтті. Брифингте Халықаралық көрмелер бюросының (ХКБ) бас хатшысы Висенте Лосерталес, Қытай Халық Республикасының секциялар комиссары Ван Цзиньчжень, Литва Республикасы секциялар комиссары Ромас Янкуас, ЭКСПО-2017 комиссары Рапиль Жошыбаев пен «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Ербол Шорманов көрмеге дайындық жұмыстары туралы берді.   Онда Висенте Лосерталес кешеден бері ЭКСПО көрмесі өтетін жерде болып, құрылыс жұмыстарымен танысқанын, қазір көптеген елдер павильондарын ашуға белсене әрекет етіп жатқанын айтты. Сонымен бірге ол көрменің аумағында шетелдік қонақтарға арналып салынған пәтерлердің құрылысына бағасын беріп, «Астана ЭКСПО-2017» компаниясы көрмеге қатысушыларды баспанамен қамтамасыз етуде жақсы жұмыс істегенін атап өтті. Кездесуде Ербол Шорманов Халықаралық көрмелер бюросының өкілінің сөзіне қосыла келіп, бұл жерде 1 374 пәтердің салынғанын, онда ұлттық секциялар комиссарлары, олардың отбасылары  мен басқа да шетелдіктердің орналасатынын айтты. Ал кешегі жиын туралы «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары оның тиісті деңгейде өткенін, шетелдік комиссарлардың еліміздің көрмеге дайындығына жоғары баға бергенін жеткізді. Сондай-ақ, ол жиында көрме кезінде болашақ энергиясы саласы бойынша ең үздік атанған инновациялық жобаға 20 000 еуро көлемінде сыйақы тағайындау туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді. –Жиында көрмеге қатысты барлық мәселені талқыладық. Қазір ЭКСПО-ға 115 ел мен 18 халықаралық ұйым қатысуға ниет білдіріп отыр. Кешегі басқосуда біз солардың бірімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойдық. 2020 жылы Дубай қаласы кезекті ЭКСПО көрмесін өткізеді. Осыған байланысты біз Біріккен Араб Әмірліктерінің өкілдерімен өзара тәжірибе бөлісу туралы мәселені талқыладық, – деді ол. Дастан КЕНЖАЛИН, «Егемен Қазақстан»