• RUB:
    5.14
  • USD:
    480.11
  • EUR:
    532.25
Басты сайтқа өту
24 Ақпан, 2017

Терроризм мен экстремизм - кез келген ел үшін үлкен қатер

1583 рет
көрсетілді

Әлемдік деңгейде күн тәртібінен түспей тұрған экстремизм мен терроризмге қарсы күрес біздің елімізде де кеңінен жүргізілуде. Құқық қорғау органдары тарапынан жүзеге асырылып жатқан іс-шаралар да аз емес. Оны Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлерінің елордада экстремизм және терроризмге қарсы күрес мәселелері талқыланған жиында келтірген мәліметтерінен көруге болады. Деректерге қарағанда, еліміздің тиісті құқық қорғау органдары 2011 жылдан бері алдын ала дайындалған экстремистік бағыттағы 64 актінің жолын кескен. Өткен жылы осындай тоғыз актіге тосқауыл қойылған. Сондай-ақ, адамдар көп жиналатын жерлерге террористік шабуылдар ұйымдастыруға жол берілмепті. Ауғанстан, Сирия, Ирак, т.б. елдерде тұтанған қарулы қақтығыстар әлі басылар емес. Осы елдердің бірқатар ау­мақтарында халықаралық террористік ұйымдар еркін әрекет етеді. Оның үс­тіне, сол ұйымдардың «болашақ» тер­ро­ристерді дайындап, оларды белгілі бір нүктелерге ойран салуға бағыттап оты­ратын лагерьлері де бар. Өкінішке қа­рай, солардың арасынан біздің елдің адас­қан азаматтары да кездесіп қалады. Қауіп­сіздік қызметінің жүргізген іс-шара­ларының нәтижесінде жат ағымға еріп, алданып қалған 45 қазақстандық елі­­мізге қайта оралды. Сонымен бірге, 33 аза­матымыз өз еріктерімен қайтып келді. Экстремизм және терроризм сипа­тын­­­дағы әрекеттер ауыр қылмыс­тар­­ға жатады. Оған қатысы барлар­ заң та­лап­тарына сәйкес жазалануы­ тиіс. Ұлт­тық қауіпсіздік коми­теті­нің­ мә­ліметтері бойынша, соң­ғы бес жыл ішін­де террористік және діни-экс­т­ре­мистік сипаттағы қыл­мыс­­тар жа­­са­ғаны үшін 445 адам бас бос­тан­ды­ғы­нан айырылған. Ал өткен жылы 25 адам сотталған, қа­зір­гі кезде 50-ге жуық адам тергеу изоля­то­­рында отыр. Сирия – Ирак аймағындағы қару­лы жанжалдар салдары бүгінде Таяу­ Шығыс елдерінің көпшілігінде тер­рор­истік белсенділік қаупін күшейте тү­суде. Өйткені, терроршылардың қата­ры түрлі елдерден келетін жаңа топ­­т­армен толығуда. Жоғарыда айтқа­ны­­мыздай, олардың ішінде Қазақстан аза­маттары да кездеседі. Құқық қорғау ор­гандары оларды алған беттерінен қай­тару үшін нақты іс-шараларды қол­ға алып та жатыр. Мысалы, ұлттық қауіп­сіз­дік ор­гандары соңғы бес жылда 559 қазақ­стан­дықты террористік бел­сен­ділігі жоғары ай­мақтарға кетуден алып қалды. Қазіргі кезде қарулы жанжалдар бо­лып жатқан жерлерден өз отан­да­рына орал­ғандардың қоғамға қауіп ту­ғыза­ты­­ны белгілі. Себебі, олардың көп­ші­лігі өз­дерінің ұстанған радикалды көз­­қара­сынан бірден арыла қоймайды және олар түрлі әдіс-тәсілдерді жақ­сы меңгерген, тәжірибелері бар. Сон­дық­тан, қауіпсіздік органдары ондайлар тарапынан террористік актілер жасалу қаупі жоғары екенін жоққа шы­ғар­май­ды. Ал террорлық әрекеттер бел­сен­­ді аймақтарда қалып қойғандар ра­­ди­кализм идеяларын таратумен қатар, көпшілік арасында алауыздық тудырып, қатарына жаңа адамдар тартумен де айналысады. Соңғы жылдары залалсызданды­рыл­ған радикалды топ­тардың бір бөлігі халықаралық террористік ұйымдар жетекшілерінің нұс­қау беріп, жол көрсетуімен әрекет ете бастады. Қалған бөлігі өздерінің қыз­метін ақпараттық насихат түрінде жалғастыруға көшті. Сондықтан, бү­гінде Интернет желілері бойынша ра­дикалды идеологияның таралуы не­гізгі проблеманың бірі болып отыр. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәлі­мет­теріне қарағанда, қазіргі кезде ді­ни-идеологиялық және террористік әре­кеттердің әдіс-тәсілдерін оқытып-үй­рететін интернет-ресурстар желісі кө­бейіп кетті. Оған тосқауыл қою үшін мемлекет тарапынан кезек күт­тір­­мейтін қосымша шаралар қа­рас­тырылуы керек. Олардың ба­р­­лы­­ғы заңнамалық деңгейде ше­ші­лгені жөн. Осыған байланысты Мем­ле­кет бас­шысы Қазақстан хал­қына арналған Жолдауын­да «Діни экс­тремизмді насихат­тау­дың алдын алу, әсіресе, интернет пен әлеуметтік желіде оның жолын кесу жұмысын жүргізу керек. Қоғам­да, әсіресе, діни қарым-қа­тынас сала­сын­­дағы радикалды көз­қарасқа бай­ла­­нысты кез келген әре­кетке «мүлде төз­­беушілікті» қалып­тас­тыру керек», деп атап өтті. Бірқатар мемлекеттерде болған тер­рор­­лық шабуылдар көрсеткендей, соңғы жыл­­дары адамдар көп шоғыр­ланатын сау­да, демалыс және ойын-­сауық орын­да­ры, сондай-ақ, ірі­ көлік нысандары экс­­тремистер мен­ терроршылардың ны­­са­на­сына айнала бастағаны жасырын емес. Бұл біздің елде де қырағылықты ба­рынша күшейтуді талап етеді. Өйт­кені, еліміз­де жолаушыларға күндіз-түні қыз­мет көрсететін 20 әуежай, 17 темір жол вокзалы және 21 автовокзал бар. Осы нысандардың барлығы қа­жет­ті техникалық құралдармен то­лық жабдықталған деп айту қиын. Естуі­міз­ше, техникалық қамтылуы өте нашар деген бірқатар көлік нысандарына құрал-жабдықтар сатып алу үшін рес­публикалық бюджеттен қаражат бө­лі­ніпті. Экстремизм және терроризмге қарсы күресте бейнебақылау ерекше маңыз­ды рөл атқаратынын әлемдік тәжірибе көрсетті. Осы құралдың арқа­сында та­лай қылмыстың беті ашылды. Бірақ, ауыл-селоларды айтпағанда, қала­лардың өзі бейнебақылау құралдарымен толық қамтамасыз етілмеген. Оны Ақтөбедегі қайғылы оқиға көрсетіп берді. Ал қа­зіргі кезде елімізде қоғамдық тәртіпті қам­тамасыз ету мақсатында ішкі істер орган­да­ры­ның жедел бақылау орта­лы­ғына қо­сылған 4 мыңдай сыртқы бақылау ка­мерасы жұмыс істейді екен. Тиісті орган­дар қызметкерлерінің пікі­рін­ше, бұл жеткіліксіз. Сондықтан бей­не­­бақылау камераларының санын 51 мың­­ға жеткізу қа­жет. Бұл мәселе енді экс­тремизм жә­не терроризмге қар­сы іс-қимыл жө­нін­дегі мемлекеттік бағ­дар­ла­ма ая­сын­да ше­шілетін болады. Терроризм қаупінің дер шағында алдын алуда мониторинг жүргізу мен халықтың хабарламаларына на­зар аударудың орны бөлек. Осы­ған бай­ланысты Ақпарат және ком­му­ни­ка­циялар министрлігі Ұлттық қау­іп­сіз­дік комитетінің барлық аумақ­тық ор­гандары қосылған үш саннан тұ­ратын бір­тұтас «110» нөмірін бөлді. Со­­ны­мен бірге, аудандық және қалалық те­­лефон стансалары абоненттерімен тұ­рақты байланыс қамтамасыз етілді. Енді біртұтас «110» нөмірін Kcell, Activ, Altel және Tele-2 мобильді бай­ла­­ныс операторларына қосу мәселесі қарастырылуда. Бүгінде басым бағыттардың тағы бірі – жастарды экстремистік және тер­рористік әрекеттерге бой алдырудан сақтандыру. Осыған орай, Білім және ғылым министрлігі мен Мәдениет жә­не спорт министрлігі жаңа үлгідегі «Зай­ы­р­лылық және дінтану негіздері» деген оқу бағдарламасын әзірледі. Сон­дай-ақ, тәрбие жұмыстарының жаңа тех­­нологиясы дайындалды. Еліміздің ай­мақтарындағы жұмыспен қамту ор­ган­дары – білім басқармаларының, кә­мелеттік жасқа толмағандар ісі жө­нін­дегі комиссиялардың, жастар мәс­елелерімен айналысатын басқа да ме­­кеме-ұйымдардың жұмысын жан­дан­ды­ру қолға алынды. Терроризмге қарсы күрес мәселе­сіне қатысты ресейлік және батыс­тық әлеуметтік желілермен де ын­ты­­мақтастық жолға қойылып отыр. Со­ның нәтижесінде, Интернетке орна­лас­тырылған экстре­мистік және тер­рористік сипаттағы көлемі біраз болатын материалдарды өшіріп тастауға мүм­кіндік туды. Нақты деректер бой­ын­ша, Интернетте ай сайын терро­ри­с­тік маз­мұндағы 70 мыңға жуық материал көрі­неді екен. Со­лардың 400-ден аста­мы­ның қа­зақстандық аудиторияға ба­ғыт­та­ла­тыны байқалған. Қазіргі уақытта шет­­елдердің тео­ло­­гия­лық оқу орындарын бітірген қа­зақ­стан­дық түлектер мен шет елдерде тео­ло­гия­лық оқу орындарында оқып жүр­ген студенттердің тұрақсыздау идео­ло­гия­ны таратуы да проблемалық мә­се­ленің бірі болып тұр. Қоғамға жат осындай әрекеттерді болдырмау мақ­са­тында дін істері жөніндегі өкілетті ор­гандар шет елдерде рухани білім алу­дың баламасы ретінде оларды отан­дық теологиялық оқу орны – «Нұр» уни­верситетінде оқыту мүмкіндігін қара­с­тырып жатыр. Оның үстіне «Нұр» университетіне оқығысы келетіндерге білім гранты да бөлінбек. Осылайша, еліміздің қауіпсіздік органдары экстремизм мен терроризмге қарсы күресудің жаңа әдісін қолға алып отыр. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, «Егемен Қазақстан»