• RUB:
    5.14
  • USD:
    480.11
  • EUR:
    532.25
Басты сайтқа өту
24 Ақпан, 2017

Тайқазан елге тәуелсіздік қарлығашы болып оралып еді (сұхбат)

3738 рет
көрсетілді

Қасиетті Түркістан қаласы Түркі әлемінің 2017 жылғы мәдени астанасы болып отырғаны әр қазақты мерейлендіріп, жүрекке қуаныш ұялататыны анық. Шырақты шаһарымыз бұл мәртебені өткен жылдың желтоқсанында, ТҮРКСОЙ Тұрақты кеңесінің Әзербайжанның Шеки қаласында өткен отырысында қабылданған шешімімен еншілеген болатын. Астана мәртебесі аманат, жауапкершілік жүктейді. Алдағы наурызда салтанатты ашылу шарасы болмақ. Соған орай Түркістан тарихына тереңірек үңіліп, төрт құбыламызды түгендей түскеніміз абзал. Түркістан деген де Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, ондағы Тайқазан алдымен ойға оралады. 54 жыл Эрмитажда мырзақамақта ұсталған қымбат жәдігеріміз – Тайқазанның Хақтық жәрдемімен нақ иесіне қайтарылуы да өзінше бір ғибратты тарих. Осының жай-жапсарын бізге оқиғаның бел ортасында жүрген, сол кездегі Қожа Ахмет Ясауи музейінің директоры, қазіргі ардагер, Түркістан қаласының құрметті азаматы Нұрмахан НАЗАРОВ айтып берді. – Құрметті Нұреке, Тәуелсіздіктің дәл алдындағы жылдары Әзірет Сұлтан кесенесіндегі Әмір Темір құй­дыр­ған атақты Тайқазан әңгімесі шыр­қау шы­ңына жетіп тұрды. Оның Ле­нин­г­рад­тағы Эрмитаждан қайтарылу мә­се­­ле­сі қазақтың ар-намыс, абыройымен бір деңгейге қойыла сөз етілгенін бі­ле­міз. Құдайға шүкір, 1989 жылдың жа­зында ақ түйенің қарыны жарылды. Кезінде уақытша пайдалануға бе­рі­ліп, жарты ғасыр бойы жалынып сұ­рап қайтып ала алмай жүрген алып жә­дігер Тайқазанымыз өз ордасына қай­та келіп, тұ­ғырына қайта қонып, бе­рекеміз та­сы­ған күндер әлі есте. Ал ен­­ді осы арада Тай­қазанның қандай жағ­дайда, қалай, кім­дердің ықпалымен қай­тарылғанын баян етпестен бұрын, әуе­лі оның со­нау Ленинградқа, әлем көз тігетін Эрмитажға қалай барғанын әң­гімелеп беріңізші? – Айтайын. Оның жай-жапсары былай. 1935 жылы Иран өнеріне арналған халықаралық конференция Ленинград пен Мәскеуде бірдей өтті. Міне, осы алқалы жиынның көрмесіне уақытша қою үшін деген арнайы мәмілемен Түркістандағы Тайқазан аттай қалап алдыртылған екен. Негізінен сол жылдың 11-16 қыркүйек аралығында Эрмитажда, ал екі қорытынды мәжілісі Мәскеудегі Қызыл Армия үйінде өткен ІІІ Халықаралық конгрестің күн тәр­тібіндегі басты тақырыбы «Иран өне­рі мен археологиясы» еді. Әлемдік ғы­лы­ми қызығушылық тудырған осынау ке­лелі мәселені ой елегінен өткізіп зерде­леуге Австрия, Англия, Ауғанстан, Гер­мания, Голландия, Дания, Иран, Испания, Палестина, Польша, Сирия, АҚШ, КСРО, Түркия, Финляндия, Фран­ция, Чехословакия және Швеция сынды бар­лығы 18 елден 188 ғалым делегаттар жә­не конгрестің 153 мүшесі қатысқан. Эр­митаждың Шығыс бөлімі бойынша ұйым­дастырылған көрме 84 залды толайым толтырып тұрды дейді. Меймандар на­зарына Эрмитаждың өзінің қисапсыз қа­зына жәдігерлерімен қатар Әзербайжан, Ар­мения, Грузия, Қазақстан, Түрікменстан жә­не Украина музейлерінен әкелінген экспонаттар ұсынылады. Алдын ала бел­гі­ленген күн тәртібіне орай 46 ғылыми баян­дама жасалады. Осының ішінде КСРО тарапынан 18 баяндама ортаға салынып, онда академик А.Ю.Якубовский өзінің «Темір дәуіріндегі Орта Азия шеберлері» атты баяндамасының тең жарымын Ақсақ Темірдің Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі үшін жасаттырған қола бұйымдарына арнайды. Айта кетсек, мұндағы қоладан жасалған бұйымдардың саны 11 екен. Яғни, бір қазан, алты шы­рағ­дан және есіктерге орнатылған төрт балға. – Демек, қазақтың қасиетті Тай­қа­за­ны осы жолы алғаш рет дүйім дүниеге көз­айым етіліп, әлемдік қоғамдастыққа та­ныстырылып, ғылыми айналымға түсті емес пе? – Әлбетте, Тайқазан туралы ғылыми тұр­ғыдағы тұңғыш толғамды сөз осы ха­лықаралық конференцияда айтылған. Тай­қазанның Конгресс көрмесіне қатысуы Қазақстан үшін, қазақ халқы үшін сол налалы отызыншы жылдарда үлкен жұбаныш еді. Бағзыдан бергі Иран өнерінің құрамдас бөлігі саналған, көлемі жағынан әлемдегі ең үлкен қазанның қазақ мәдениетінің оша­ғынан табылуы да, біле білсек, арқауы үзіл­мес абырой болған сыңайлы. Ал енді кей­біреулердің тым әсіре байбалам салып айтып жүргеніндей, әртүрлі себептермен қазанның 54 жыл бойы қайтарылмай келуін кеңестік өкіметтің қазақ халқына жасаған озбырлығы, қасақана қысастығы деп қарау қисынды емес. Біз ол кезде Кеңес Одағы деп аталатын біртұтас мемлекет, бір ел едік. Бәріміздің бір Отанымыз болды. Сол үлкен Отанымызға бұрынғы аға буын да, одан кейінгі біздер де опасыздық жасаған жоқпыз, жасамаймыз да. Ол – біздің тари­хы­мыз, тағдырымыз. Ал тарихымыз бен тағ­дырымызды жүрегімізден өшіріп тас­тай алмаймыз. Сол сияқты, Тайқазан да ортақ Отанның мүддесіне, жалпымызға қыз­мет етіп, Эрмитажда қала берсе, жарты ғасыр сонда көздің қарашығындай са­қ­талса, достық дәнекеріне айналса, одан зиян шеккен де ешкім жоқ. «Сабыр түбі са­ры алтын», түбі қайырлы болғанын көз­іміз көрді. – Иә, сабақты ине сәтімен келген сияқ­ты. Бұған кеңес қоғамындағы өз­ге­рістер, демократиялық үдерістер, со­ны­мен бірге ұлттық сананың ояна түсуі де себеп болған шығар? – Дұрыс айтасыз. Тарих дөңгелегінің бір сәтті айналымында бізге көп игіліктер тәңір сыйындай тартылды, тіпті, егемендік те келді. Оның бәрі, сайып келгенде, халқымыздың ғасырлар бойғы күресінің өтеуі, ешкімге иілмеген рухының жеңісі деп білсек керек. Нақ осы сабақтастықпен ғажап жәдігеріміз – Тайқазан да туған жеріне оралды. Аға буынның есінде болар, СОКП Орталық Комитетінің 1985 жылғы сәуір айындағы пленумы одақтас респуб­ликалар халықтарының төл тарихына, ұлттық мәдениетіне, салт-дәстүрлеріне жол ашты. Осы кезде Одақтық үкімет басшыларына Эрмитаждағы қазанды қайтару жөнінде қоғам, әдебиет және өнер қайраткерлерінің қолдары қойылған хаттар жөнелтіле бастады. СОКП басшылығына, КСРО Жоғарғы Кеңесіне Түркістаннан сайланған делегаттар мен депутаттар арқылы да өтініш-аманаттар, талап-тілек­тер толассыз тоғытылып тапсырылып жат­ты. Әділетін айтсақ, осы жұмыстардың ба­сында кемел ақылды, қазақи қанды, ұлт­жанды мемлекет қайраткері, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков тұрды. – Иә, осы кісінің тапсыруымен Орта­лық Комитеттің сол кездегі бөлім мең­герушісі Мырзатай Жолдасбеков Ленинградқа екі мәрте барыпты. Біздің бі­луімізше, Тайқазанды алғаш көріпті. Сод­ан Эрмитаждың директоры Михаил Пиотровскиймен жолығып, сөйлесіп, асыл жәдігерді еліне қайтару қажеттігіне кө­зін жеткізіпті. Әр деңгейде осындай да әрекеттер болған екен. – Дұрыс айтасыз. Біз де Өзағаңның қамшылауымен 1989 жылдың 6 шілдесі күні Қожа Ахмет Ясауи мавзолейі ұжы­мы­ның атынан, темірді қызған кезінде соқ дегендей, КСРО халық депутаттарының съе­зіне жеделхат жолдадық. Онда былай де­лінген: «Мәскеу. Кремль. Халық де­пут­аттарының съезі. КСРО Жоғарғы Ке­ңесі төрағасының бірінші орынбасары А.И.Лукьянов жолдасқа. Екі мың жылдық тарихы бар ежелгі Түркістан қаласының еңбекшілері Ленинград Эрмитажындағы Қазанды өзінің нағыз иесіне, Ахмет Ясауи музейіне қайтару туралы Жоғарғы Кеңестен бірнеше рет өтініп сұраған еді. Мәскеу біздің өтінішімізді қанағаттандырады деп сенеміз. Ахмет Ясауи музей-мавзолейінің директоры Н.С.Назаров». Осыған қоса тағы бір жеделхат жол­да­дық. Оның да мәтінін келтіре кетейік. «Мәскеу. Кремль. Халық депутат­та­­рының съезі. Қазақ КСР депутатта­ры Н.Назарбаев, О.Сүлейменов, М.Шаха­нов жолдастарға. Түркістан қа­ла­­сы­ның еңбекшілері тоқырау және қай­та құру жылдарында КСРО Жоғарғы Ке­ңесіне Ленинград Эрмитажындағы қа­занды өзінің нағыз иесі – Ахмет Ясауи музей-мавзолейіне қайтару туралы сан рет өтініш жасаған еді. Осыған ықпал етулеріңізді сұраймыз. Осындай жеделхат А.И.Лукьяновқа жолданды. Ахмет Ясауи музей-мавзолейінің директоры Н.С.Назаров». Сол күні-ақ Жоғарғы Кеңес хат­шы­лы­ғын­дағы Воропаев деген кісінің атынан же­дел­хаттарды алдық деген мазмұнда жауап келді. – Негізгі сүйінші хабар да көп кешік­пе­ген болар? – Иә. Құдай сәтін салды. Осыдан дәл жиырма сегіз күн өткенде КСРО Мә­дениет министрі В.Г.Захаровтың Тай­қа­зан­ды Түркістанға қайтару туралы бұй­рығы шықты. Одан өзім ұшақпен, бір милиционер қосып, екі жүргізуші отыр­ғызып, «КамАЗ» машинасына тиеп, түр­лі өткелектерден өтіп, неше мың ша­қы­рым жол жүріп, сонау Ленинградтан Тай­қаз­ан­ды елге алып келуіміз де ұзақ-сонар қы­зық әңгіме. Сөйтіп, Қазақстанның ең қастерлі ескерткіші, Әзірет Сұлтан кесе­не­сінің бас жәдігері осылайша, 54 жылдан кейін өз еліне, өз ошағына оралды. Сон­да Тайқазан көп кешікпей келетін Тәу­ел­сіздігіміздің қарлығаш хабаршысындай бол­ған екен-ау. Міне, сол кездерде көп жыл­дардан бері орындалмай қапалы еткен халқымыздың аманат-арманын іске асы­руға болашақ Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың аса зор жәрдем-шарапаты тигенін айрықша атап айтуға тиіспін. – Мәскеуге, халық депутаттарының съезі­не, нақты Лукьяновтың атына же­дел­­хат жолдау ойыңызға қайдан келіп жүр? – Бұл енді бір күннің шаруасы емес, әбден толғағы піскен, шер-наласы еттен өтіп сүйекке жеткен мәселе еді ғой. Тайқазанның 1935 жылы Эрмитажға уақытша көрмеге қоюға алынғанын Өзбекәлі Жәнібековтен білген болатынбыз. Аупарткомда нұсқаушы болып жүр­генімде Өзағаңның тапсырмасымен Мәс­кеуге бара жатқан депутаттарға, де­легаттарға Тайқазанды қайтару жөнінде бір­неше рет хаттар да дайындағанмын. Бірақ, ол кезде нәтиже болмады. Сонау 1962 жылы Қазақстан ком­со­молының бірінші хатшысы Ө.Жәнібеков Бү­кіло­дақтық комсомолдың екінші хатшы­сы Е.Тяжельниковті Түркістанға арнайы ертіп әкеліп, сонда тек діндарларға қыз­мет етіп тұрған Әзірет Сұлтан ке­се­­несін аралатқаны, Тайқазанның бұ­рын қай жерде тұрғанын көрсетіп әңгі­ме айтқаны есімде. Сол әңгімеге жас ком­сомол қызметкері ретінде мен де қа­тыс­қам. Тайқазанды қайтару Өзбекәлі аға­ның өмірлік мақсаты еді. Осы мақ­сат орын­далғанша әрекет-күресін де тоқ­тат­­пады. Аға­ның мақсаткерлігі менің де ойы­ма шуақ, бойыма қуат беріп батыл қа­дамға жі­герлендіргені анық. Осы еңбегі үшін асыл азаматқа Түркістанда ескерткіш қой­ыл­са екен деген тілегімді әрқашан айтып жү­ремін. Тайқазан оралғанда Түркістан хал­қы­ның қуанышында шек болмады. Талай митинг, жиындар болды. Соның бірінде академик Зейнолла Қабдолов, түркістандық Кеңес Одағының Батыры Расул Есетов толғана сөйлегені көз алдымда. Өзағам екі жарым ай шамасында келіп құшағына алды Тайқазанды. «Тарих – баян, сыр қылып, Айтып келем, Тайқазан! Елу төрт жыл қыдырып. Қайтып келген, Тайқазан!.. Әмір Темір кезінде Сыйға тартқан Тайқазан. Таусылмайтын несібе, Ғимаратқа, Тайқазан!» деп, қуанғаннан менің де жүрегім жырлап қоя берген. Бірақ, осы орайдағы ең бір аталы сөзді академик Өмірзақ Айтбаев айтты. «Қазақ ырымшыл халық. Тайқазанның оралуы арқылы біздің еліміздің ырысы, дәулеті қайта келді. Сонымен бірге, қазақтың бүкіл қасиеті қайтып келген сияқты. Мен Өзбекәлі Жәнібековтің ең ұлы істерінің бірі осы деп есептеймін» деді ол. Сол айт­қандай, кенен тарихты Түркістан түркі әлемінің мәдени астанасы болған биылғы жылы қасиетті Тайқазанымыздың да мәртебесі биіктеп, оны ошағына қон­дыр­ған азамат рухы да ұлықталып, ұмытылмас бей­несі шаһарымыздың бір шамшырағы бо­лар деп ойлаймын. – Лайым солай болсын! Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Қорғанбек АМАНЖОЛ, «Егемен Қазақстан»