• RUB:
    5.14
  • USD:
    480.11
  • EUR:
    532.25
Басты сайтқа өту
24 Ақпан, 2017

Дәстүрлі әнші Татьяна Бурмистрова: Қазақтың ән-күйіне ғашық болдым

874 рет
көрсетілді

Өткен ғасырдың 70-жылдары сахнаға жарқ етіп шығып, бүкіл Кеңес Одағын қазақ әуенімен әуелеткен үш Татьяна елдің есінен әлі күнге шыға қойған жоқ. Татьяна Бурмистрова, Татьяна Полтавская және Татьяна Мартыненко. Әйтсе де, ел қуана қабылдаған үш қыздың өнер жолдары ұзаққа бармады. Тыңдармандары көбейген сәтте сахнаны орта жолдан тастап кетті. Тек араға жылдар салып, Татьяна Бурмистрова ғана қолына домбырасын қайта алып, ел аралап концерт берді. – Жастайымнан қазақтың ән-күйіне, домбыраға ғашық болдым, – дейді Татьяна бізбен әңгімесінде. – Мені өнерге жетелеп әкелген де осы құштарлық. Әйтпесе, осы күнге дейін нота білмеймін, яғни музыкалық сауатым жоқ. Негізгі мамандығым дәрігер екені елге мәлім. Кезінде екі Татьянаның басын қосып, әйгілі трионы құрған өзім едім. Бір кездері ән салуды тоқтатып, дәрігер болып қызмет еткенім рас. Сонда бір ақсақал маған былай деп еді: «Сен адамдардың тәнін емес, әніңмен жанын емде». Сонда халықтың мені дәрігер емес, әнші Татьяна ретінде жақсы көретінін, іздейтінін сездім. Содан бастап шығармашылығымды қайта қолыма алдым. Ақтөбе, Ал­маты, Шымкент қалаларында шы­ғар­машылық кештерімді өткіз­дім. Алматыда «Ұлттық өнер» деген орталығым бар. Білесіз бе, бұрынғы жылдарға қарағанда, қазір шақыртулар көп аламын. Мұның бірден-бір себебі, халық дәстүрлі өнерді сағынды. Еліктегіш қызыл дүние өтті. Енді жұрт төл туындыларын, ұлттық мұраларын іздей бастады. Сондықтан мен секілді дәстүрлі әншілерге қазір жалқаулықты қойып, бас көтермей жұмыс істеу қажет. Сахнада жарқырап жүріп, ұлттық өнерді насихаттайтын нағыз уақыт келген секілді. – Сізді қазақтың салт-дәстүрін мықты ұстанады дейді ғой... – Оныңыз рас. Менің туған жерім алақандай Алғабас ауылы нағыз қазақтың қаймағы бұзылмаған өлке. Ауыл балаларымен ойнап жүріп қазақ тілін үйреніп, үлкендерден дәстүрді бойыма сіңіріп өстім. Көптеген өзге ұлттың өкілдері «біз де сіз сияқты қазақша таза, жүйрік сөйлегіміз келеді. Қалай үйренсем болады?» деп сұрап жатады. Менің қазақ тілін үйренгісі келетін жандарға айтарым, қазақ поэ­зиясын оқу керек. Себебі, поэзияда сөздің сұлулығы тұнып тұр. Бірде гастрольдік сапарда бір кісі: «Мен сіздің тұрақты тыңдарманыңызбын. Мүмкін болса немере қызымның тұсауын сізге кестіртейін деген едім», деп өтініш жасады. Сонда мен: «Кешіріңіз, біздің ауылда қыз баланың тұсауын кеспейді. Егер кессе, кезбе болып кетеді деген ырым бар. Бүгін сіздің өтінішіңізді орындасам, ертеңгі күні қызыңыз аяғына тас байлап қойса да үйде отырмаса қайтемін? Одан да жолымды басқаға берейін», дедім. Расымен де өскен ортамнан көрген салт, ырымдарды үнемі ұстанып жүремін. Және де білгенімді өзгелермен бөлісіп жүргенді ұнатамын. – Сіз сахнаға оралғалы бері ел көкейінде баяғы атағы дүркіреген үштік қайта құрала ма деген үміт пайда болды... – Менің де, халықтың да қа­лауы осы еді. Бірақ Полтавская мен Мартыненко өнерден қол үзді. Турасын айтқанда ән салғылары келмейді. Дегенмен, 2013 жылы араға бақандай 30 жыл салып Алматыда үшеуміз бас қосып, ел алдында концерт бердік. Өткен-кеткенді еске алып, бір жасап қалғанымыз анық. Ендігі жоспарым өзге ұлттың қыздарын жаныма ертіп жүрсем деймін. Осы ретте айта кетейін, қазақша ән салып жүрген таланттардың құлағына алтын сырға, егер маған шәкірттікке ұмтылған жастарға ұстаз болуға дайынмын. Себебі, мені де ертең іздейтін, үлгі тұтатын ізбасарлар қажет. Сондықтан, алдағы күндері сахнаға Татьяна болмаса да Наташа, Светалармен бірге шығып қалуым мүмкін. Әңгімелескен Айнұр АСАНҚЫЗЫ Оңтүстік Қазақстан облысы