«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басшысы Қанат Алпысбаев Ханойда Вьетнамның көлік министрі Чыонг Куанг Нгия мен «Вьетнам темір жолы» МК бас директоры Ву Та Тунгпен кездесіп, Қазақстан мен Вьетнам арасындағы көлік саласындағы серіктестікті дамыту туралы уағдаласты, деп хабарлады «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-тың баспасөз қызметі.
Кездесуге Қазақстанның «Ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау қауымдастығы» ЗТБ мен «Азық түлік корпорациясы» ҰК» АҚ өкілдері қатысты. Кездесуде тараптар өзара халықаралық тасымалдау мен логистикалық қызметті белсенді жүргізу жайы талқыланды. Оның ішінде Қазақстан Вьетнамнан Қытай арқылы келетін тауарларды жасақтау мен таратудың орталығы болып, өнімдерді ЕАЭО елдері мен Еуропаға шығаруды қарастыра алады. Оны кері қарай да тасымалдауға мүдделі.
Сонымен қатар, Вьетнамның Дундань шекаралық өткелінен Қытайдың Пэнсен – Достық және Алтынкөл (Қазақстан) стансалары арқылы Орталық Азия, ЕАЭО елдері мен Еуропаға шығарады. Атап өтерлігі, ЕАЭО мен Вьетнам арасындағы Еркін сауда айналымы жөніндегі келісімге сәйкес, 2020 жылдарға дейінгі сыртқы тауар айналымын 4 млрд доллардан 10 млрд долларға жеткізу көзделіп отыр. Қазақстан тарапы жүктерді алғашқы қанатқақты жоба бойынша Қазақстан – Қытай контейнерлік терминалын пайдалана отырып, Ляньюньган порты арқылы Хошиминге жеткізді.
Келіссөздер нәтижесінде, Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімдерін Вьетнам нарығына шығарып, осы елдің тропикалық және теңіз өнімдерін Қазақстанға жеткізу жоспарланып отыр. Тараптар екі ел арасындағы ауыл шаруашылығы өнімдері тасымалының артуы жалпы жүк тасымалының өсуіне ықпалын тигізетіндігіне сенімді.
Кездесу соңында «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ пен «Вьетнам темір жолы» МК арасында Қазақстанның Вьетнамдағы елшісі Б.Жұмахановтың қатысуымен Серіктестік туралы меморандумға қол қойылды.