Журналистердің арасында Валерий Жандәулетовті білмейтіндер кемде-кем. Бүкіл өмірін бұқаралық ақпарат құралдарына арнаған Валерий Айтмұқашұлы соңғы 25 жылда үздіксіз Қазақстан Президентінің Баспасөз қызметінде жауапты қызмет атқарып қана қоймай, Мемлекет басшысы баспасөз қызметінің қалыптасуының басы-қасында болды. Тәуелсіздік бедерінде елдің беделіне жұмыс істеді. Мерзімді баспасөздің мәселелеріне қатысты қалам тербеп, кітаптар шығарды. Қоғамдық өмірге белсене араласты. Бір сөзбен айтқанда, отандық баспасөздің дамуына бір кісідей еңбек сіңірді.
Жақында Алматыдағы Қазақстан баспасөз клубында Қазақстан Журналистика академиясының «Алтын Самұрық» жүлдесі салтанатты түрде табысталып, аталмыш Академия академиктері биыл бұл жүлдеге бірауыздан Валерий Жандәулетов лайықты деп тапқан. Ол кісінің қатысуымен тамаша деректі фильмдер мен Ю.Сенкевичтің «Саяхатшылар клубы» телебағдарламасының сериялары түсірілгенін айтуға болады.
Жарты ғасырға жуық Журналистер одағының мүшесі болған әріптесіміз – бүгінде Республикалық жүйелі сараптама және болжау орталығында сарапшы, білген-түйгенін журналистиканың кейінгі буынымен бөлісіп жүрген тәлімгер тұлға.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ