• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
28 Ақпан, 2017

Төл теңгемізді тұрақтандыру тетіктері

462 рет
көрсетілді

Төл теңгеміз ішкі қаржы рыногында қайтадан бедел ала бастады. Өткен жылдың басында енді қайтып оңалмастай құлдыраған ұлттық валютамыз жыл ішінде 1 АҚШ долларына шаққанда 380 теңгеден 311 теңгеге дейін нығайды. Ұлттық банктің соңғы дерегі бойынша теңге тек биылғы жылдың өзінде ғана 7 пайызға дейін көтерілген. «Ұлттық банк соңғы бес ай бойы теңге бағамын тұрақтандыруға ешқандай араласпау саясатын ұстанып, валюта рыногында бірде-бір интервенция жасаған жоқ. Сондықтан қазір еліміздің валюта айырбастау орындарындағы теңге бағамының қалыптасуына біздің ықпалымыз нөлге тең», деді Ұлттық банк басшысы Данияр Ақышев жақында БАҚ өкілдерімен өткен брифингте. Тұрғындардың банктерден шет ел валютасын сатып алу көлемі де көп өзгеріске ұшыраған жоқ. Доллар сатып алу көлемі 2016 жылдың қаңтарымен салыстырғанда, биылғы жылғы қаңтарда 5 пайыз ғана төмендеген. Бұдан шығатын түйін, төл теңгеміз еліміздің қаржы рыногындағы бас реттеуші – Ұлттық банктің қолдауынсыз-ақ еркін айналымда бағамын нығайтуға бет бұрды. Ендеше, ұлттық валютамыздың беделін көтеруге қазақстандық банк жүйесі тарапынан жасалған шара жоқтың қасы. Сонда соңғы күндері теңге бағамының күрт нығаюының басты себебі неде? «Қазақ теңгесі айырбасталымы шектеулі өзіне ұқсас валюталар арасында өткен алты айда барынша үлкен өсім ауқымына қол жеткізді, алдағы уақытта да қазақстандық №1 экспорттық тауар – мұнай бағасының шарықтауымен бірге теңге бағамы да нығая түспек», деп атап көрсетіпті BMI Research басылымының беделді сарапшылары жақында жарық көрген редакциялық сараптамаларында. Бұл пікірге Bank of America банк конгломератының сарапшылары да бірауыздан қолдау білдіріпті. Сонымен бірге, олар 2017 жылы теңге бағамының тағы да 15 пайызға нығаятындығына болжам жасапты. Біздің ойымызша, теңге бағамының тұрақтануына 2016 жылғы ақпанда елімізде бағаны АҚШ долларымен көрсетуге тыйым салған электронды сауданың жаңа ережесі де ерекше ықпал етті. Өздеріңіз ойлап қараңызшы, соңғы жылдары біздің елімізде тауар атаулы түгел есепті бірлікпен саудаланатын болды. Жарнамаланатын тауардың бәрі АҚШ долларымен бағаланды. Халық жалақыны да, жәрдемақылар мен өтемақыларды түгел теңгемен алады, ал тауар бағасы доллармен бағаланады. Тіпті, Halyk Finance сараптамалық ком­па­ниясы 2015 жылдың желтоқсан айын­да Қазақстанда долларлану үрдісі ең қау­іпті тарихи жоғары шегіне жетті де­­ген ресми мәлімдеме де жасады. Са­рап­­­шылардың дерегі бойынша, елі­міз­­де бағаны доллармен көрсетуге тыйым салған электронды сауда ережесі қа­был­данғаннан кейін жылжымайтын мү­лік бағасы бірден 10-15 пайызға а­р­зан­даған екен. Бұл тәртіпті енді тек жыл­жымайтын мүлік рыногында ғана емес, барлық сауда нүктелері мен жабайы базарларда берік қалыптастыру ке­рек. Сонда «доллар бағамы өсті, енді тау­ар бағасын өсіруге мәжбүрміз», деген алыпсатарлардың сылтауларына тос­қау­ыл қойылар еді. Қалай болғанда да, еліміздегі бас қа­р­жы реттеушісінің қатысуынсыз теңге ба­ғ­амының нығаюы ел экономикасының да­му­ына да, тұтынушылар сұранысының жақ­саруына да оң ықпал етуде. Сонымен бір­­ге, теңгенің тұрақтануы еліміздің Ұлт­­тық қорының толығуына да айтар­лық­­­тай игі ықпалын тигізіп отыр. Күні ке­ше Ұлттық банктің монетарлық опера­циялар департаментінің директоры Әлия Молдабекова «Біз кеше Қаржы ми­нистрлігіндегі әріптестерімізбен кеңес­тік. Ұлттық қорға түсетін қаржы көлемі 1,2 трлн теңге мөлшерінде күтілген бо­ла­тын. Дегенмен, бұл цифрдың өсе­тін­ді­гі қарастырылуда. Әзірге, алдын ала жа­­салған болжам – 1,5 трлн теңге», деп атап көрсетті. BMI Research сараптамалық тобының болжамы бойынша, әлемдік рыноктағы мұнай бағасы бірқалыпты баяу өсу үрдісін сақтайтын болады. Олардың айтуынша, мұнай баррелінің орташа бағасы 2017 жылы 57 АҚШ доллары көлемінде болып, 2018 жылы мұнай баррелінің бағасы 60 доллар көлемінде тұрақтанатын көрінеді. Сонымен бірге, бұл сарапшылар тобы Қазақстанның ұлт­тық валютасының таяу болашағына да берік болжам жасапты. BMI Research с­а­рап­шыларының болжамы бойынша, теңге бағамы 2017 жылы 1 АҚШ долларына 310 теңге, 2018 жылы 302.50 теңге, ал 2019 жылы 1 доллар 290 теңгеге дейін тө­мен­дейтін көрінеді. Міне, еркін айналымға жіберілген төл теңгеміз бір жылдың айналасын­да құлдыраудың шегіне барып, қайтадан күш ала бастады. Бүгінгі теңге баға­мын­да ешқандай жасандылық жоқ. Тең­ге­нің нығаюы нақты экономикалық аху­алға байланысты өрістеп келеді. Ен­ді төл теңгесін құрметтейтін нағыз қазақ­­стандық патриоттардың міндеті – ұлт­тық экономикамызды, ұлттық рыно­гы­мызды долларсыздану мақсатында бас­талған алғашқы қадамдарға барынша қол­дау көрсету.

Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, 

«Егемен Қазақстан»