Ақордада билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу жөніндегі жұмыс тобының қорытынды отырысы басталды. Оны Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ашты.
"Мен халыққа Конституция туралы үндеу жариялағаннан бері бір ай уақыт өтті. Осы аралықта жұмыс тобы көп іс атқарды. Конституцияға енгізілетін жобаларды тыңдау, талқылау болды, көп ұсыныс енгізілді. Осының бәрін қарап, арасында жұмыс тобының мүшелерімен де кездесіп, көп мәселелерді келісіп отырдық. Келіп түскен ұсыныстар барлық жерде мұқият қарастырылды", - деді Президент.
Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев өзінің тапсырмасымен Конституцияға өзгертулер енгізу туралы жоба бүкілхалықтық талқылауға салынғанын атап өтті.
"Мен қоғамдық пікірді мұқият бақыладым. Осыған байланысты мен халықтың басым бөлігінің біз енгізген өзгертулерді қолдағанын көрдім. Бүгін біз азаматтардан келіп түскен ұсыныстарды, олардың пікірлерін қарастырамыз. Қорытынды шығарып, әрі қарай қалай жұмыс істейтініміз туралы шешім шығарамыз", - деді ол.
Осы ретте Мемлекет басшысы бұған дейін Парламент арқылы Конституцияға өзгерістер енгізілгендігін де айтты. «Себебі біздің Конституциямызда Конституцияға өзгерістер референдум арқылы да, Парламент арқылы да енгізуге болады деп айтылған. Оны Президент шешеді. Сондықтан конституциялық құқықты пайдаландым. Негізгі саяси жүйеге айтарлықтай өзгерістер енгізейік деп отырғанымыз жоқ. Істеліп жатқан жұмыстың барлығы елімізге, жұртымызға керек екінші дәрежедегі мәселелер болғаннан кейін жұрттың барлығын дабыратпай Конституцияның талабы бойынша Парламент арқылы өткізуді дұрыс деп санадым», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сонымен қатар Президент бұған дейін Конституцияға енгізілген өзгерістер елдің дамуына айрықша әсер еткенін айтты.