Қазақстанда рақымшылық заңын жүзеге асырудың негізгі сатысы басталды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат».
«2017 жылдың 1 наурызы күні ҚР рақымшылық туралы Заңы қабылданғаннан бастап, барлығы тоғыз мыңнан астам материал сотта қаралды. Соның ішінде республикада 800-ден астам сотталушы бостандыққа шықты. Қоғамнан оқшауланбай, пробациялық бақылауда жазасын өтеп жүрген тағы үш мың адам соттың шешімімен босатылды», - деп хабарлады республикалық пенитенциарлық жүйе ведомствосында.
Аталып өткендей, 1,2 мыңнан астам сотталушының жазасын өтеу мерзімі қысқартылды. Сонымен қатар, түрлі себептермен 60-тан астам сотталушының өтініші қабылданбады. Олардың көбісі қылмыс салдарынан келтірілген залалды өтемеген.
«Алайда, рақымшылық заңында қарастырылған уақыт аралығында залал өтелсе, сотталушының сотқа қайта өтініш беруге мүмкіндігі бар», - деп атап өтті ҚАЖ комитеті.