• RUB:
    5.18
  • USD:
    481.19
  • EUR:
    538.45
Басты сайтқа өту
02 Наурыз, 2017

Той – тойлау емес, ойлау үшін керек

276 рет
көрсетілді

Кеше «Нұр Отан» партиясының орталық аппаратында партия Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед ұйым ардагерлері, Мәжіліс депутаттары, партияның жастар қанаты және аймақтық филиалдар өкілдерінің қатысуымен жиналыс өткізді. Жиналғандар алдында сөй­леген М.Құл-Мұхаммед 1 наурыз­дың көптеген мерекелердің ба­сын қосқан күн екенін атап өтті. Нақты­лай айтқанда, партия Төраға­сы­ның бірінші орынбасары наурыз­дың алғашқы күні Қазақ­стан халқы Ассамблеясы құрыл­ғанын және осы күн Елба­сы Жар­лығымен Алғыс айту күні бо­лып бекітілгенін жеткіз­ді. Өзара толық түсіністік, үндес­тік, келісім­мен өмір сүріп жатқа­ны­мыз үшін Елбасы­на, Елбасының бе­й­біт­сүйгіш саясатына, бір-бірімізге ал­ғыс айтуымыз керек. Міне, осындай тойларымыз құтты болсын. Жалпы той дегеннің өзі – тойлау үшін емес, ойлау үшін керек, деді ол. Мемлекеттік Әнұран орындал­ғаннан кейін, М.Құл-Мұхаммед «Нұр Отан» партиясының Қазақ­­стан­ның саяси өміріндегі орны мен маңызына тоқталып өтті. Біз тәуелсіздігіміздің 25 жыл­дығын жыл бойы атап өттік. Өйт­кені, ол қазақстандықтар­дың отан­шыл­дығын, патриотизмін жап­пай насихаттау үшін, тәуел­сіздіктің маңызын біл­діру үшін керек болды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев іргетасын қалаған біздің партиямыздың әрбір күні де осы саяси күштің күні болуы керек. Өйткені, біз – қоғам мен Елбасының арасын жақындастыратын үлкен күшпіз. Парламенттік сайлауда халықтың басым көпшілік дауысына ие болған партия болғандықтан, біз халықтың сөзін сөйлеуіміз керек, халықпен бірге болуымыз керек. Өкілетті органдарға партия атынан сайланған барлық депутаттар осы міндетті абыроймен атқарып отырғанына сенімдіміз, дей келіп, М.Құл-Мұхаммед Қазақстан халқы Ассамблеясының маңызын да атап өтіп, оларды да Алғыс айту күнімен құттықтайтынын жеткізді. Сөзінің қорытындысында пар­тия Төрағасының бірінші орын­басары саяси ұйымның барлық ардагерлері мен жастарды осындай айтулы күнмен тағы да құттықтап, партия қатарына жаңа­дан өткен бірнеше адамға өз қо­лы­мен куәлік тапсырды. Олар­дың арасында әнші Рухия Бай­дүкенова, актер Данияр Жұма­ділов, ақын Марғұлан Атан, сту­дент Қаракөз Амантай, жас кәсіп­кер Самат Биғазы, инженер Асыл­бек Жалмұханбет, айтыс ақы­ны Жандарбек Бұлғақов және т.б. болды. Осыдан кейін бірнеше партия белсендісіне саяси ұйымның марапаты тапсырылды. «Белсен­ді қызметі үшін» атты төсбелгі­мен марапатталғандардың ара­сында Мәжіліс депутаттары Қабиболла Жақыпов, Бақтықожа Ізмұхамбетов, Зағипа Балиева, Бекболат Тілеухан, Аманжан Жамалов, Кәрібай Мұсырман және т.б. болды. Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан»