• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Экология Бүгін, 16:08

Астанада тәулігіне 1,5 мың тонна қалдық өңдейтін экопарк бой көтереді

30 рет
көрсетілді

Астанада экология саласындағы ірі инвестициялық жобаға жол ашылды. Премьер-министр Олжас Бектенов қытайлық Shenzhen Energy Environment Co., Ltd компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы Ван Ганмен кездесіп, қалдықтарды кәдеге жарату және озық экологиялық стандарттарды енгізу бағытындағы ынтымақтастықты талқылады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Кездесу Аймақтық экологиялық саммит – 2026 аясында өтті. Тараптар еліміздің жаңа Конституциясында бекітілген қоршаған ортаны қорғау нормалары мен «Таза Қазақстан» бастамасы негізінде бірлескен жобаларды жүзеге асырудың маңызын атап өтті.

Бүгін елордада қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеп, электр энергиясын өндіруге арналған «Астана энергиясы» экопаркі» инвестициялық жобасының бірінші кезеңінің құрылысы басталды. Жобаға 180 млн доллар инвестиция бағытталады. Бірінші кезеңде кәсіпорынның қуаты тәулігіне 1,5 мың тоннадан астам қалдықты өңдеуге, ал өндірілетін электр энергиясы 50 МВт-қа дейін жетуге тиіс.

Жоба аясында қалдықтарды тазартудың заманауи көпсатылы жүйелері енгізіліп, экологиялық талаптардың сақталуына ерекше мән берілмек. Осы мақсатта елордада «East Hope» ЖШС бірлескен кәсіпорны құрылды. Нысанды пайдалануға беру 2029 жылдың маусымына жоспарланған.

«Біздің мемлекеттеріміздің басшылары арасында сенімге құрылған қарқынды диалог орныққан, бұл – бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін негіз. Біз Қытай тарапы мен бизнеске экономиканың дамуына қосқан үлесі үшін ризамыз және барлық қажетті жағдайларды жасауға дайынбыз. «Астана энергиясы» экопаркі жобасы елорда үшін ғана емес, ел үшін де стратегиялық маңызға ие. Үкімет осы жобаны жүзеге асыру үшін барлық қажетті қолдау шараларын көрсетеді», деді Олжас Бектенов.

Премьер-министр Энергетика министрлігі мен әкімдікке осы тәжірибені басқа өңірлерге тарату мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.

Қалдықты кәсіп көзіне айналдырды: Ауыл тұрғыны ерекше экологиялық жобаны іске асырды

Өз кезегінде Shenzhen Energy Environment Co., Ltd директорлар кеңесінің төрағасы Ван Ган жобаның екінші кезеңін іске асыруға ниетті екенін жеткізді. Оның айтуынша, бұл болашақта қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарында жиналған қоқысты толық жоюға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда компанияның портфелінде тәулігіне 79 мың тонна қуаттылығы бар 57 қоқыс өңдеу зауыты бар. Шэньчжэнь қаласында қалдықтардың 90%-ы сұрыпталып, кәдеге жаратылып жатыр.

«Біз Қазақстанда жұмыс істеу мүмкіндігін жоғары бағалаймыз және жобаны сапалы жүзеге асыру үшін бар күш-жігерімізді салуға дайынбыз. Кәсіпорын Қытай мен Қазақстан арасындағы іс жүзіндегі ынтымақтастықтың маңызды үлгісі болатынына сенімдімін. Қазақстан Үкіметінің қолдауымен жобаны одан әрі ілгерілетуді жоспарлап отырмыз», деді Ван Ган.

Кездесу барысында тараптар көмірмен жұмыс істейтін жылу электр орталықтарын және газ электр стансаларын экологиялық жаңғырту, сондай-ақ өндірісті жергіліктендіру бағытындағы әріптестікті де талқылады.

Жиын қорытындысында тараптар жобаны белгіленген мерзімде іске асырып, экология және энергетика салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екенін растады.

Құс саңғырығынан «жасыл» энергия өндірілді

Соңғы жаңалықтар