Жоғары хоккей лигасындағы плей-офф сынында өнер көрсетіп жүрген қазақстандық қос клуб сырт айдында өздерінің үшінші кездесулерін өткізді.
Тұрақты чемпионаттың жеңімпазы – Өскеменнің «Торпедо» командасы Ижевскіде «Ижсталь» клубымен күш сынасып, 2:3 есебімен ұтылып қалды. Бұл ойында бірінші шайбаны айдын иелері салды. Матчтың 13-минутында Кирилл Князевтің соққысы діттеген жеріне дәл тиген еді. Бұдан кейін кездесудің 16-шы және 25-ші минуттарында «Ижстальдің» шабуылшысы Денис Полюдов қатарынан екі гол соғып, есепті 3:0-ге жеткізді. «Торпедоның» құрамынан Константин Романов (39-ші минут) пен Александр Шин (41-ші минут) есеп айырмашылығын қысқартқанымен, ойын 3:2 болып айдын иелерінің пайдасына шешілді.
Қарағандының «Сарыарқасы» Чехов қаласында жергілікті «Звездамен» ойнап, 1:0 есебімен жеңіске жетті. Михаил Анисиннің кездесудің 21-минутында соққан жалғыз шайбасы Арқа хоккейшілеріне жеңіс сыйлады.
Әзірге «Торпедо» мен «Сарыарқа» ойындар сериясы бойынша 2:1 есебімен алда келеді. Еске салар болсақ, плей-офф ережесі бойынша, төрт рет жеңіске жеткен команда жарыстың келесі кезеңіне шығады.
Қайрат ӘБІЛДИНОВ,
«Егемен Қазақстан»