• RUB:
    5.18
  • USD:
    481.19
  • EUR:
    538.45
Басты сайтқа өту
02 Наурыз, 2017

Исатай арнайы сыйлыққа ие болды

177 рет
көрсетілді

Атырауда спорттың жекпе-жек түрінен ерлер және қыздар ара­сындағы Қазақстан чемпионаты өтті. Еліміздің түкпір-түкпірінен Жайық жағасына жиналған 200 спортшы екі күн бойы бақтары мен баптарын сынға салды. Жарыстың ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімі Нұрлан Ноғаев бұл спорт түрінен ел чемпионаты Атырауда алғаш рет ұйымдастырылып отырғанына тоқталды. КСРО және Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, ережесіз жекпе-жектен әлемнің бірнеше дүркін чемпионы, Дүниежүзілік жекпе-жек қауымдастығының президенті Сабыржан Махмет дүбірлі доданың намысты да жігерлі жастарды тәрбие­леудегі маңызын баса айтты. – Жарыс әлем чемпионатына іріктеу турнирі ретінде өтті. Жүлдегерлер Ас­та­на қаласында ЭКСПО-2017 көрме­сіне арналып ұйымдастырылатын әлемдік додада бақ сынайды, – дейді облыстық жекпе-жек ұлттық спорт федерациясының президенті Мәдихан Бекбенбетов. – Атыраудың атынан жарысқа шыққан қыздарымыз жоқ, себебі облыстық жекпе-жек ұлттық спорт федерациясының ашылғанына бір жылдай ғана уақыт өтті. Атыраулық арулар бұл спорт түріне енді ғана қадам басып жатыр. Қазір облыс орталығында екі және Құрманғазы, Жылыой, Индер аудандарында бөлімшелеріміз бар. Аз уақыттың ішінде аталған спорт түрінен екі әлем және бес Қазақстан чемпиондары тәрбиеленіп шықты. Екі күнге созылған сайыс қорытын­дысында жалпыкомандалық есепте алматылықтар жүлде саны бойынша І орын алды. Екінші орын Ақтөбе облысы командасына бұйырып, атыраулықтар үшінші орынға ілікті. Ал 85 кило салмақ дәрежесінде жеңіске жеткен атыраулық Исатай Теміровті өңір басшысы арнайы сыйлықпен марапаттады. Бақытгүл БАБАШ, «Егемен Қазақстан» АТЫРАУ