Бұрынғы Шамалған, қазіргі Үшқоңыр ауылында 36 ұлт өкілі қоныстанған. Жиырма мыңға тарта халықтың тұрмысы да ауыз толтырып айтуға тұрарлықтай. Және жылдан-жылға күнкөрістері жақсарып келеді. Мұнда өскелең ұрпаққа саналы тәрбие, сапалы білім берудің барлық жолдары қарастырылған. Атап айтсақ, төрт жыл бұрын 280 балаға өз есігін айқара ашқан «Бота» балабақшасы мектепке дейінгі тәрбиенің қай жағынан болмасын мінсіз болуын қамтамасыз етуде. Олардың тұлға болып қалыптасуы жолында ауылдағы соңғы заманауи технологиялармен жабдықталған үш мектеп пен бір мектеп-гимназия ұстаздары аянбай еңбектенуде.
Мектеп демекші, Үшқоңыр ауылындағы Елбасы алғаш қалам ұстап, әріп таныған Қарасай батыр (бұрынғы Фурманов) атындағы орта мектептің орны ерекше. Мұндағы әрбір шәкірт «Президентіміз оқыған мектеп», деп мақтанып, Мемлекет басшысының өмірбаянын жатқа баяндайды. Себебі, осындағы «Шапағат» атты тарихи-өлкетану музейінде оқушылардың білімін жетілдіру үшін барлық жағдай бар. 1998 жылы ашылған мұражай ауыл тарихынан хабар беретін сан алуан деректер мен Нұрсұлтан Әбішұлының өмірі мен еңбек жолынан сыр шертетін жәдігерлерге толы. Елбасының қолынан «Құрмет» орденін алған мұражай меңгерушісі Рымкеш Байқонысова әрбір жәдігерге тіл бітіріп, түсінікті етіп орналастырған. 2007 жылы Президент жолы түсіп алғаш білім алған мектебін аралағанда өз ризашылығын білдіріп, 60 суретті сыйға тартқан екен.
Ауылдың өркендеп, гүлденуіне үлкен мән беретін Елбасымыздың туған жерінде ауыл шаруашылығына, құрылыс жұмыстарына қажет мамандарды дайындау ісі де жолға қойылған. Осы мақсатта су шаруашылығы колледжі мен № 2 кәсіптік мектеп те өз жұмыстарын мінсіз атқарып келеді. Ал ауыл жастарының бос уақыттарын тиімді өткізуіне елді мекендегі Мәдениет үйінде барлық жағдай жасалған. Саламатты өмір салтын ұстану үшін арнайы спорт үйірмелері жұмыс істесе, білімдерін тереңдетіп, ойларын жетілдіргісі келетіндерге кітапхана есігі ашық. Кинотеатр мен Жастар орталығы да жақында іске қосылмақ.
Өркениетті ауыл үшқоңырлықтардың денсаулығы да мықты болуы үшін жаңадан ашылған көп салалы ауылдық 50 төсектік аурухана жұмыс істесе, емхана 150 адамды бірден қабылдап тиісті дәрігерлік қызмет көрсетеді. Ал тіршілік нәрі – ауыз судың тазалығына «Нұрбол» ЖШС зор көңіл бөлсе, көгілдір отынның өшпеуін «Сигма» атты серіктестік қадағалап отырады. Бір айта кетерлігі, осындағы барлық мекемелер мен кәсіпорындар, ұйымдар болсын, өз жерлестері Елбасының сара саясатын қолдап, көрсеткен бағыт-бағдары бойынша жұмыстарын жүргізуде.
Бүгінгі таңда жүрек тазалығы мен иманның беріктігі адам баласы үшін аса қажет. Үшқоңыр ауылының шетінде, Төле бидің қалпағындай болған табиғаты тамаша, ауасы таза Үшқоңыр тауының бөктеріне жақын Қарасай мешіті орналасқан. Кереметтей көз тартады. Алла үйінің есігі әр мұсылманға айқара ашық. Он жыл бойы ойы түзу адамды имандылыққа шақырып, адалдыққа үгіттеген облыстық мешіт бұл. Кәлимаға тілі келгендер осында келіп неке қидырып, жұма намазға жығылуға, немесе имандылық уағыздарын тыңдауға келіп тұрады. Ал одан әрі, тау бөктерін бетке алсаңыз көрікті мазарға көзіңіз түсері анық. Онда Нұрсұлтан Әбішұлының ата-бабалары, әке-шешесі мәңгі ұйқыда жатыр. Қауырт жұмыстардан қолы босағанда, сәті түскенде Елбасы осы туған өлкеге ат басын бұрып, аруақтарға құран бағыштап қайтатын қасиетті орын.
Балалықтың бал дәурен шағының бағалы естеліктері сақталған қара шаңырақтың да оты маздап тұр.
Міне, Тұңғыш Президентіміз тыныстап, түлеп ұшқан ауыл келбеті осындай. Жамбыл бабамыз: «Еңсесі биік ел алып, ел бастаған ер алып» деп жырлағандай, тәуелсіздіктің туын берік ұстаған Елбасын өткен саяси науқанда жерлестері де еш күмәнсіз қолдай білді. Барлығы бірауыздан белсенділік танытып, дауыстарын берді. Бұл ең алдымен халық қалаулысының ел сенімінен шығып, үмітін ақтай білгендігінің жемісі.
Күмісжан БАЙЖАН.