• RUB:
    5.49
  • USD:
    477.14
  • EUR:
    521.28
Басты сайтқа өту
13 Сәуір, 2011

Кентке көпір салынса екен – дейді Ақжайық ауданының бір топ ақсақалдары

565 рет
көрсетілді

«Егемен Қазақстанның» Орал қаласындағы тілшілер қосынына Жайықтың жағасындағы қалың елдің арасынан арнайы келген бұл ақсақалдарды жақсы білетін едім. Тоқсанға жақындаса да қарттыққа бой алдырмай, әлі де тіп-тік қалпында келе жатқан соғыс және еңбек ардагері Қасен Қоспаев аға менен үміт күте қарап қалыпты. Ақжайық аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғилаж Лұқ­па­новпен де елге шыққанда, кейде облыс орта­лы­ғындағы жиындарда кездесіп қалып жүре­тін­мін. Ойы орнықты, пікірі байыпты жан. Осы қатардағы Наурызбай Әбілқайыров, Мәди Мусин, Иван Еремин, Күләш Жұмағазиева және Сейілхан Мыңжасов секілді апа-ағаларымыз да өз бақыттарын еңбектен тапқандар. Қош келдіңіздер, келген шаруаларыңызды айта отырыңыздар, дедім мен оларға. Айна­лай­­ын, Теміржан, біздің әңгімеміз ұзаққа со­зы­лып кетуі мүмкін. Оған уақытың бар ма? Шы­дамың жетіп, аяғына дейін тыңдай аласың ба, деп Қасен аға маған тағы да сұраулы жүзбен көз тастады. Тыңдай аламын, дедім мен көп ойланбастан. – Қарағым, біздің ауданның хал­қы үшін Жайық өзенінің ма­ңы­зы өте зор. Алайда, өзеннің сол жағалауында орналасқан ал­ты ау­ылдық округ, ондағы он сегіз ірі елді мекеннің тұрғындары бүгінде күрделі жағдайларды бас­тан кешіп отыр. Жылдың күзгі-қысқы және көктемгі кезеңде­рін­де Жайық өзе­ні деңгейінің көте­рілуіне байла­ныс­­ты сол жаға­лау­дағы тұрғындар аудан орталығы Чапаев кентіне облыс орталығы Орал қаласы ар­қы­лы қатынайды. Ал бірқатары Аты­рау облысының Индер ауданы тұсындағы көпір­ден өтіп келуге мәж­­бүр. Өйткені, соңғы жылдар­да­ғы экологиялық өзгерістер салда­рынан ауа райы қыс мезгілінде де жылынып кетіп жүр. Өзен мұзы жұқа болып келеді. Сондықтан да жеңіл кө­ліктермен өтудің өзі адам өміріне қауіпті. Тіпті, қыстың өзінде бо­ранның салдарынан жол бітеліп, тосқауылға ұшырайды. Мысалы, Орал арқылы Чапа­евқа келу Қурайлысай мен Есенсайдан 610 шақырым. Ал көпір салынып, тұрғындар тікелей өт­се, небәрі 60-75 шақырым болар еді. Басқа ауылдар жөніндегі жағ­дай да дәл осындай. Жанар-жа­ғар­май мен басқа да шығын­дар­ды есептер болсақ, ұтқанымыз­дан ұтылғанымыз әлдеқайда көп. Бұл тұйықтан шығудың қазіргі ең қарапайым жолы қолдан құрас­ты­рылған жеңіл автокөліктерді өт­кізуге ғана жарамды паром­дар­ды пайдалану болып отыр. Қол қызметі арқылы сыммен тарты­ла­тын мұндай өткелді іске қосу үшін жыл сайын тиісті мекемелерден рұқсат алу керек. Адам өмірі қауіпсіздігіне алаңдайтын он­дағы мамандар мен жетекшілер оңайлықпен рұқсат бермейді. Содан соң амалы таусылған ха­лық қайықпен өтуге тәуекел жа­сайды. Былтырғы қазан айында Базартөбе ауылы тұсынан өзен­нен қайық арқылы өтпекші бол­ған төрт адам суға кетіп қаза тап­ты. Бір адамның мүрдесі әлі күнге дейін табылған жоқ. Әрине, қалқымалы көпір екі жағалауды жалғастыруға қолай­лы болғанымен, Жайық өзенінің экологиясына тигізер кері әсері мол. Өйткені, ұзақ жылдардан бері Атырау облысының Индер елді мекенінің тұсында орналасқан қал­қымалы көпір бекіре балық­тардың Жайық өзенінің жоғары арнасына көтерілуіне бөгет жаса­ды. Кезінде бүкіл Кеңес одағы халқының ортақ игілігі болған, тіптен дүние жүзіне экспортқа шы­ғарылып келген қара уылды­рық пен бекіре тұқымдас балық түрлері бүгінде құрып бара жа­тыр. Соңғы алты-жеті жылда ол­ар тұрақты қалыптасып келген өзінің уылдырық шашатын мекеніне жете алмай қалып жүр. Бұл ауданның Мойылды мен Коловертное елді мекендерінің аралы­ғындағы Жайықтың 80-90 шақы­рым арнасын қамтиды. Тұрақты өткел болмау салда­ры­нан әр жылдарда Жайық өзені­не батып кеткен паром мен техникалар бүгінде кеме қаты­на­сы­на да үлкен қауіп туғызуда. Өйт­кені, соңғы жылдары өзен дең­ге­йі күрт төмендеп барады. Чапаев кенті стратегиялық маңызы бар тоғыз жолдың торабында орна­лас­қан. Егер осы арадан автокө­ліктер өтетін көпір салынса, об­лыстың оңтүстігінде орналасқан аудан орталықтары мен ірі елді мекендер Жаңақала, Жалпақтал, Қазталов, Жәнібек, Сайқын, Орда, Жаңақазан өңірінің тұрғын­дары осы көпір арқылы Самара-Шымкент тас жолына шыға алар еді. Мұндағы халық нөпірі 140 мыңды құрайды. Бұл облыс хал­қының төрттен біріне жуық. Сонымен бірге, Ресей Федера­ция­­сының Астрахань, Волгоград, Саратов облыстары тұрғындары үшін де Орынбор бағытына тікелей шығуға мүмкіндік туады. Бұл жерде назар аударатын мәселе – 1978 жылы Чапаев-Жым­питы бағытында үлкен автожол құрылысын жүргізу бастал­ған болатын. Сөйтіп, Жайық өзе­нінің сол жақ бетіндегі Қызыл­жар ауылынан Жымпиты-Орал автожолына қарай 30 шақырым биік жалпақ жол көтерілді. Алайда, қаржының тапшылығына бай­ланысты кейін бұл жоба аяқсыз қалып қойды. Бұған қоса, Жай­ықтың сол жағындағы Қаратөбе, Сырым, Теректі аудандарының тұр­ғындары мен Алматы, Шым­кент, Ақтөбе қалаларынан қа­ты­най­тын автокөліктер үшін де кө­пірдің көмегі мол. Осы арадан тікелей Волгоград қаласына, сол сияқты облыстың оңтүстік аудан­да­рына бағыт ұстау өте қолайлы. Қазіргі кезде Елбасының тап­сырмасымен елімізде туризмді да­мыту бағдарламасы жасақталу­да. Осы орайда Бөкей ордасы ауда­нының аумағында қазақ мем­ле­кет­тілігінің қалыптасуында ер­екше орын алатын тарихи-өлке­тану ескерткіштері көп екенін айта кеткен жөн. Мұның бастау­ын­да, әрине, Орда өңіріндегі мұра­жай кешені тұрады. Болашақта Шалқар көлі – Чапаев – Бөкей ор­да – Сарайшық – Маңғыстау туристік саяхат бағыттарын ашу ойда бар іс. Алдағы жылдарда Бөкей ордасы ауданына қатқыл жол салынып бітеді. Ал Орал-Атырау тасжолы бү­гінгі заман та­лабына сәйкес жа­сал­ған. Ал­да­ғы жылдарда осын­дай сапалы жол Атырау мен Ақ­тау қала­ла­рын байланыстырмақ. Біз бұл мәселелерді тектен-тек айтып от­ырған жоқпыз. Өйткені, айтыл­ған мәселелердің негізгі тамыры Ақ­жайық ауданының та­рихымен ты­ғыз байланысты. Аудан тарихында көршілес ау­дандармен бір қосылып, бір ажыратылу сияқты оқиғалар бірнеше мәрте қайталанды. 1962 жыл­ғы 30 желтоқсанда Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің Төралқасының жарлығымен Тайпақ ауданы тара­тылып, Чапаев ауданына қосыл­ды. Ал 1964 жылы 31 желтоқ­сан­да қайтадан бөлінді. 1997 жылы мамыр айында тағы да Чапаев ауданына қосылды. 1977 жылы Чапаев ауданының Жайық өзені­нің сол жағалауындағы шаруа­шы­лықтар мен ауылдар бөлініп, жаңадан Ақжайық ауданы ша­ңы­рақ көтерді. 1987 жылы ол аудан таратылып, біраз бөлігі қайтадан Чапаев ауданының құрамына қо­сылды. 1992 жылы Ақжайық ауданы қайта құрылып, 25 мың­нан астам халқы бар іргелі елді мекендер Чапаевтан тағы бөлініп кетті. Ол аудан 1997 жылғы оң­тай­ландыру науқаны кезінде қай­тадан ыдырап, Теректі ауданы­ның аумағына енгізілді. Ал Ақ­жайық атауы бұрынғы Чапаев ау­данына беріліп, қазіргі Ақжайық ауданы бұрынғы Чапаев пен Тай­пақ ауданынан құралды. Бұл жағдай, әрине, жергілікті халық үшін өте ауыр тиді. Өйт­кені, ұзақ жылдар тұтас бір аудан болып тұрған іргелі ел аралас-құралас өмір сүріп, құдандалы, тума-туысқан болып кеткен еді. Қазіргі кезде жол мен өзен ар­қылы қатынаудың қиыншылы­ғы­на қарамастан, Жайықтың арғы жа­ғы мен бергі жағындағы тұр­ғын­дар бір-бірімен байланысын үзбей келеді. Осы арада айтайын дегеніміз, Орал қаласында соңғы жылдары Жайық өзенінің үстіне жаңа автокөлік жолы салынды. Тап осындай бірнеше жаңа көпір Атырау қаласында да пайда­ла­ну­ға берілді. Сонымен бірге, Аты­рау қаласынан Оралға қарай 170 ша­қырым жердегі Индер ауылы тұ­сында Жайық өзенінің үстінен өте­тін жаңа көпір салынды. Чапаев кенті Оралдан – 130, Индерден 205 шақырым қашықтықта орналасқан. Олай болса, Чапаев кентінің тұсынан тағы бір көпір салынуы – өмірдің өзі қойып отырған қа­жеттілік деп есептейміз. Бұл мә­се­ле аудан әкімінің жыл сайынғы есептік кездесуінде ұдайы көте­ріліп келеді. 2008 жылы облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов ау­дан тұрғындарының өтінішін аяқ­сыз қалдырмай, жергілікті бюджеттен көпір құрылысының тех­никалық-экономикалық негіздемесіне 50 миллион теңге қарас­тыр­ған болатын. Алайда, әлемдік қаржы дағдарысына байланысты бұл мәселені шешу кейінге қал­дырылды. Дағдарыс мәңгілік ем­ес. Олай болса, бүгінгі жағдай бұл мәселені қайта көтеруге мүмкін­дік береді деп ойлаймыз. Біздің қабырғамызға қара тастай батып жүрген мәселе осы еді. Осы айтқандарымыз «Егеменнің» бетінен көрініс тапса деп едік. Мен ақсақалдардың айтқанда­рын газетімізге жолдауға уәде бер­дім. Әлбетте, аманатқа қиянат жасауға болмайды. Сондықтан да осы жолдарды жазып отырмын. Ақсақалдардың осынау орынды тілегі тиісті мемлекеттік органдар тарапынан ескерусіз қалмай­тынына сенгіміз келеді. Темір ҚҰСАЙЫН. Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданы.