Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай Астанадағы Президенттік мәдениет орталығының ұжымы Керекуге келіп қайтты.
Әуелі Г.Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Елбасы және тәуелсіз Қазақстан» атты көрме ашылды. Көрменің ашылу салтанатына облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев, Президенттік мәдениет орталығының директоры Мырзатай Жолдасбеков қатысып, сөз сөйледі. Көрмені «Нұр Отан» партиясы мүшелері, зиялы қауым өкілдері, студент жастар, қала жұртшылығы аралап көрді. Көрменің мән-мақсаты – еліміздің тәуелсіздік жолындағы тарихын, 20 жыл уақытта жеткен жетістіктерді көрсетуге арналғанын да айта кеткен жөн.
Орталықтың жұртшылықпен өткен кездесуінде Мырзатай Жолдасбеков сөз сөйлеп, көрмеге Абылай хан мен Қазыбек би шапандары, «Алтын адам» сондай-ақ көшпенділер дәуірінің бірегей зергерлік бұйымдары қойылғанын айтты.
Аруақты Абылай хан мен Қазыбек бидің шапандарын көру, әрине, керекуліктерге ерекше әсер қалдырғаны сөзсіз. Бұдан кейін Естай ақын атындағы қалалық мәдениет сарайында Президенттік мәдениет орталығының ұлттық дәстүрлер театры Елбасының сахналық бейнесін сомдайтын «Бәйтерек» поэтикалық-музыкалық спектаклін көрсетті. Ақын Несіпбек Айтұлының «Бәйтерек» поэмасы негізінде дайындалған осынау музыкалық-поэтикалық қойылым жұртшылыққа әбден ұнады десек, келесі күні мемлекет және қоғам қайраткері, Президенттік мәдениет орталығының директоры Мырзатай Жолдасбековтің «Тәуелсіздік тағылымы» атты шығармашылық кеші өтті. Әншілер Мейрамбек Беспаев, Айгүл Елшібаева, Гүлжазира Бөкейханқызы, Гүлмира Сарина секілді өнер жұлдыздары шығармашылық кештің сәнін келтірді.
Фарида БЫҚАЙ.
Павлодар.