Қазақстанның Тәжікстандағы Елшісі Нұрлан Сейтімов Тәжікстан Республикасының бас прокуроры Рахмон Юсуф Ахмадзодқа «Қазақстан Республикасының прокуратурасына 25 жыл» мерейтойлық медалін табыстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Нұрлан Сейтімов Тәжікстан бас прокурорымен кездесу барысында Қазақстан дамуының қазіргі кездегі негізгі бағыттары жайында кеңінен сөз қозғады. Сонымен қатар, ол Қазақстандағы билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа үндеуі мен «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауының негізгі бағыттарын таныстырды.
Тараптар сондай-ақ, екі елдің құқық қорғау органдары арасындағы өзара қарым-қатынастың келешегін, оның ішінде құқықтық ынтымақтастықтың кейбір мәселелерін талқылады.
Өз кезегінде Рахмон Юсуф Ахмадзод марапат үшін алғысын білдіріп, қазақстандық әріптестерімен жемісті ынтымақтастыққа дайын екендігін білдірді.