Әрқашан халықтың мүддесі жолында, бизнесті қолдау бағытында қызмет етіп жүрген «Ақ жол» партиясы конституциялық өзгерістерге қатысты өзінің 18 нақты ұсынысын дайындап, жұмыс тобына жіберген болатынбыз. Егер бұл өзгерістер жүзеге асса, билік тармақтарының өкілеттілік құзыреті күшейіп, Үкімет пен Парламенттің жауапкершілігі артатын болады. Мұндай реформалардың арқасында саяси партиялардың арасындағы бәсекелестік те артады. Бұл – өте маңызды.
Жалпы, Елбасы осы ауқымды реформа шеңберінде бірқатар өкілеттігін биліктің түрлі тармақтарына беруді ұсынды. Бұл – мемлекет тарихындағы ерекше жағдай. Себебі, билік тармақтарының әлеуетін кеңейту арқылы олардың халық алдындағы жауапкершілігін арттыруды көздеп отыр.
«Ақ жол» партиясы Президенттің бұл тарихи шешімін қуаттайды. Парламент депутаттары да өз кезегінде бұл шешімді жан-жақты ой елегінен өткізіп, қолдау білдірді. Себебі, бұл – билік тармақтары жүйесін жандандыруға сеп болатын үдеріс. Ал ол экономиканы дамытуды, халықтың әл-ауқатын арттыруды, Парламент пен Үкіметтің қоғам алдындағы ашықтығын қамтамасыз етуді қарастырады.
Азат ПЕРУАШЕВ,
Парламент Мәжілісінің депутаты