Қырық жылдық тарихы бар № 26 гимназия - Челябі қаласындағы таңдаулы білім ордаларының бірі. Гимназия тек соңғы жылдар ішінде бірнеше атаулы мемлекеттік гранттарды жеңіп алды. Мұнда оқушыларға сапалы білім берудің өзіндік оң тәжірибелері қалыптасқан. Гимназия оқушылары Бүкілресейлік, облыстық және қалалық олимпиадаларда жүлделі орындарға ие болып, ұдайы жеңімпаз атанып келеді.
Мектеп директоры Татьяна Шишкинаның айтуынша, гимназияда жалпы білім берумен қатар, оқушы тұлғасының жан-жақты, жарасымды жетілуіне де айырықша мән беріледі. Әсіресе шәкірттерді басқа халықтардың тарихымен, мәдениетімен, дәстүр-салтымен кеңірек таныстыру арқылы оларға Ресей сияқты көп ұлтты мемлекетте қалыптасқан ұлысаралық қатынастардың, көрші мемлекеттермен өзара достық байланыстың маңызын ұғындыруға мүмкіндік жасалуда.
Мәселен, жақында Челябі қазақтарының облыстық «Азамат» қоғамдық орталығының бастамасымен осы гимназияда Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлын еске алу кеші болып өтті. Оған Челябі облысы Білім және ғылым министрінің бірінші орынбасары Е.Коузова бастап, қалалық және қала аудандарындағы білім басқармаларының бірқатар қызметкерлері, жергілікті қазақтар, гимназия ұстаздары мен шәкірттері қатысты.
Шәкірттерге негізінен ақпараттық-филологиялық, лингвистикалық-ақпараттық және әлеуметтік-экономикалық бейінде білім беретін гимназия ұжымы әзірлеген аталмыш кеш аясында қазақ халқының даңқты перзенті – Бауыржан Момышұлының азаматтық һәм жауынгерлік өмір жолы жан-жақты көрсетілді; қатысушылар оның аңызға айналған ерліктері хақында жүрекжарды сөздер айтты.
Сондай-ақ осы кеште мектеп оқушылары арасында өткізілген «Что я знаю о Бауржане Момышулы» деп аталатын шығармашылық жұмыстардың қалалық конкурсы мәреге жетті. Конкурсқа қала мектептерінің отыздан астам оқушысы қатысты. Шығарма сайысына түскендердің басым көпшілігі – №26 гимназияның шәкірттері. Нәтижесінде олардың жетеуі жүлделі орынға ие болды. Ал 11 сынып оқушысы Вера Однокозованың шығармасы ең үздік деп танылды.
– Оқушылар шығармаға жан-жақты дайындалды, – дейді гимназия кітапханасының меңгерушісі Валентина Терина. – Олар Бауыржан Момышұлы туралы әдебиеттерді оқыды, фильмдерді көрді. Менің өзім оқушыларға Бауыржан Момышұлының «Москва үшін шайқас», «Ұшқан ұя» кітаптары бойынша бірнеше рет әңгіме өткіздім.
Сол шығармалардың кейбіреулеріне көз жүгіртейік:
«Мені Бауыржан Момышұлының өмірі мен ерлігі аса қызықтырды, – деп жазады 8-сынып оқушысы Екатерина Бендер. – Өлімнен де, оқтан қорықпаған осы батырлар туралы әлі де біле түскім келеді. Олар туған елі мен әлем халықтарының бейбіт өмірін қорғады, бұл ерлердің есімін біз мәңгілік жүрегімізде сақтауымыз керек».
11-сынып оқушысы Олег Терин былай дейді: «Отан қорғаушылар ерлігі ұрпақтардың есінде мәңгілік қалады. Олардың есімін жадымызда ұстап, жанқиярлық ерліктеріне тағзым ете отырып, біз мұндай істердің қасиетті міндеттілік қана емес, тарихтың ұлы оқиғаларына араласқан бақытты мүмкіндік екендігін де ұмытпауымыз керек».
«Қазақстан – менің бір Отаным, – деп толғанады 11-сынып оқушысы Ирина Антонова. – Мен Қостанай қаласында тудым, кейін отбасымыз Ресейге қоныс аударды. Қазақстанның бай тарихы мен мәдениеті біздің жүрегімізде мәңгілік ізін қалдырды. Балалық шағымның естен кетпейтін ең қызықты кезеңдерін осы елмен байланыстырамын. Кішкентайымнан орыс мәдениетімен бірге, қазақ мәдениетін де бойыма сіңіргенімді мақтаныш тұтамын... Әлі есімде, бала кезімде мүлде таныс емес бір адамның ескерткішін көрдім. Есейе келе сұрасам, ол Ұлы Отан соғысының қаһарманы Бауыржан Момышұлының ескерткіші екен. Осыдан кейін мен ол туралы әдебиеттерді оқи бастадым. Сөйтіп, Бауыржан есімін әрбір адам білуге тиіс деп түйдім... «Страна должна знать своих героев!» дейді Ресейде. Бауыржан есімі нақ осы Ресей халқының тарихи жадында болуға тиіс... Тоғызыншы мамырда Қазақстандағы әжеме келген кезімде, міндетті түрде Бауыржан Момышұлының ескерткішіне гүл шоғын қоямын...».
Ал ең үздік шығарманың иесі Вера Однокозова өз ойын былай түйіндепті: «Бізде Ұлы Отан соғысы туралы Жеңіс күні қарсаңында ғана ойланатын әдет бар. Бұл мүлде дұрыс емес. Бүгінгі қол жеткізген жақсы өміріміз бен барша игілігіміз – соғыс батырларының жеңімпаздығымен келді. Оқулықтарда жазылған есімдерді ғана емес, фашизмге қарсы соғысқан әрбір адамды мен соғыс қаһарманы деп есептеймін. Бауыржан Момышұлының ерлігі – бүкіл Кеңес Одағының ерлігі. Мұндай адамның есімін ешқашан ұмытпай есте сақтауымыз керек!».
Белгілі режиссер Қалила Омаровтың «Қазақтың Бауыржаны» деректі фильмін «Азамат» қоғамдық орталығы өз бастамасымен орыс тіліне аударып, ресейлік көрермендердің қабылдауына ыңғайлаған екен, кеш сол шығармамен түйінделді.
Серікқали БАЙМЕНШЕ, «Егемен Қазақстан» – Мәскеуден.