• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
06 Наурыз, 2017

Астанада сұйытылған отынды газ күйіне айналдыратын станса ашылды

202 рет
көрсетілді

Бұл Астана астана болғалы айтылып келе жатқан түйінді мәселе еді. Қыс түссе болды, көк түтінге оранатын бас шаһар енді ондай кейіпті басынан өткеруден арылады. "Қалаға табиғи газ тартылса" деген көп жылғы арман орындалған сыңайлы. Жақында сұйытылған отынды кәдімгі газ күйіне айналдыратын "Тұран" атты алғашқы станса ашылды. Назарбаев Университетінің маңында орналасқан нысанның тұңғыш тұтынушысы да аталған оқу орны болмақ. Елорда атауын иеленбеген, Кеңес заманындағы Целиноградтың одақ аумағындағы екінші экологиялық таза қала атанғаны көзкөргендердің есінде. Алайда, Арқаның төсіндегі шағын шаһар Астана болып, еліміздің түкпір-түкпіріндегі жұрт осылай қарай ат басын бұрғанда, ауқымын да кеңге жайған. Алты ай қыста тұрғын­­дар жаққан, қазандықтардан будақ­­та­ған көмір түтіні мен қаптаған автокө­лік­тердің зиянды қалдықтары қала эко­ло­гиясын біршама ластап үлгер­генін мойындамасқа амалымыз жоқ. Оның үстіне биыл Астана бала­малы энергия көздерін сынайтын алып алаңға айналады. «Болашақтың энер­гиясын» насихаттайтын ЭКСПО көр­месін ұйымдастыра отырып, көмір жағып отырғанымыз, әрине, күл­лі Қазақстанымызға сын еді. Олқы­лықтың орнын толтырған оқиғаға орай қала әкімі Әсет Исекешев былай деді: «Бұл – Астана тұрғындары үшін ерекше сәт. Елбасы экология мен қоршаған ортаны қорғау мәселесіне үнемі ыждағатпен көңіл бөледі. Мемлекет басшысы елімізді жаппай газдандыру керектігіне, экологияны жақсарту мен халықтың денсаулығын қорғауға назар аударды. Астана да бұл үдерістен тыс қалмайтыны мәлім. Сол мақсатта біз LNG инновациялық технологиясы негізінде баламалы энергияның жаңа көзін іске қостық. Бұл жоба көмір мен дизель отынына қарағанда, зиянды қал­дықтардың ауаға таралуын 70-90 па­йызға азай­тады. Газ стансасы шет ел инвес­тиция­ларының есебінен салын­ды. Осыған қатысты өзіміз басым­дық беріп отырған, алда жүзеге асыры­латын біршама жоспар бар. Соның арқа­сында елордада эко­ло­гия мен зиян­ды қалдықтар мәсе­л­есін шешеміз деп ойлаймын. Бұл жоба елорда хал­қы­ның игілігіне қызмет етеді». Назарбаев Университеттің иннова­циялар жөніндегі вице-президенті Қанат Байғариннің айтуынша, халық­аралық білім ордасында осы күндері «Жасыл кампус» бағдарламасына сәйкес зиянды қалдықтардан арылу үдерісі жүріп жатқан көрінеді. Газ стан­сасының ашылуы соған үлкен септігін тигізбек. Яғни, бас қала байырғы «экологиялық таза шаһар» атағын қайтарып алатын күн алыс емес. ASTANA LNG жобасы туралы айтсақ, пайдалы бастаманың алғаш­қы қадамдары осыдан екі жыл бұ­рын өткен инвестициялық форум ба­ры­сында жасалған. Сол шарада қажет­ті құжаттарға қол қойылған. Ал «Газпром экспорт» ЖШҚ мен «Global Gas Regazification» ЖШС ара­сында сұйытылған табиғи газ­ды жеткізу жөнінде жасалған келісімшартқа сәйкес, ағымдағы жылдың қаңтар айының аяғында отын­ның алғашқы партиясы Ресей­дің Екатеринбург қаласынан көлік­пен Қазақстанға жеткізілді. Бұл жобаны жүзеге асырушы да Ресей компаниясы – «Газпром Трансгаз Екатеринбург» ЖШҚ. Осы мекеменің бас директорының орынбасары Сер­гей Лиховскихтің сөзіне қара­ған­да, елімізге жыл сайын 320 мың тонна немесе 500 млн текше метр сұйытылған газ жеткізілмек. Газдан­дыру жобасына тек Астана қаласы ғана емес, еліміздің солтүстік және шығыс өңірлері де кіріп отыр. «Global Gas Regazification» ЖШС директоры Панает Саулиди биыл метан газының 5 мың тоннасын жеткізу бойынша келісімшарт жасал­ғанын айтады. «Жоба, жал­пы алғанда, 2021 жылға дейін жалғасады. Ол кезең-кезеңімен жүзе­ге асырыла­ды. Бастапқы кезеңге 2 млрд теңге бөлінді. Ал инвес­тицияның жалпы көлемі 20 млрд теңге шамасында», дейді ол. Алда Астана қаласын жаппай газбен қамтамасыз ету жоспары тұр. Мәселен, 2018-2019 жылдың жылу беру маусымында «Көктал» тұрғын а­лабын жартылай газбен жылыту көзделіп отыр. Әзірге сұйытылған газ Ресейден жеткізіледі. Алайда, маман­дар сөзіне сенсек, болашақта Қазақ­стан тиісті технологияны мең­гере­тін болса, осы жерде-ақ бар­лық жұмыс атқарылатын болады. Асхат РАЙҚҰЛ, «Егемен Қазақстан»