• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
06 Наурыз, 2017

Қуандық Рахым, әнші: «Әкемнің қаны, анамның сүтімен дарыды...»

885 рет
көрсетілді

Қуандық Рахым – тыңдарманын жаңа әндерімен жиі қуантып жүрген талантты әнші. Содан болар оның шығармашылығындағы өзгерістер мен жеке өмірі көпшіліктің қызығушылығын тудыратыны анық. Жезқазғаннан шыққан жез таңдай әнші, ерекше қоңыр дауыс иесімен сұхбаттасудың сәті түсті. – Сұхбатымызды отбасыңыздан, өнер жолына келуіңізден бастасақ. Жал­пы, ән әлеміне, өнерге деген қы­зы­ғушылық қайдан бастау алды? – Мен Қарағанды облысы, Сәтбаев қаласының тумасымын. Өнерлі отбасынан шықтым. Анам кезінде Жезқазған өңірінің белді әншісі болды. Үйде 4 ағайындымыз. Бәріміз де өнерден құр алақан емеспіз. Ең алғаш әнге баулыған анам. Сосын Сәтбаев қаласындағы ұстазым Айгүл Жұмашқызы тәрбиеледі. 9-сыныпты бітірген соң Қарағандыдағы Тәттімбет атындағы өнер колледжінің дәс­түрлі ән бөліміне оқуға түстім. Мұн­да мәдениет қайраткері Мейір­хан Адамбековтен сабақ алдым. Өнер маған әкемнің қанымен, анамның сүтімен дарыды. Сондай өнерлі әулеттің ұрпағы бола тұра, басқа мамандықты армандауым мүмкін емес сияқты. Алғаш рет 1-сыныпта әліппемен қоштасуда ән айттым. Ұстазым менің дарынымды сол кезде байқаса керек, үнемі сынып, мек­тепаралық кештерде міндетті түрде ән айтқызатын. «Әнші боламын» деп армандадым, бала кезден қызықтым. Және сол бағытта шаршамай еңбектенудемін. – Ән қоржынында авторлық ән­деріңіз нешеу? – Ән қоржынымда әндер өте көп. Жиырмадан астам ән бар. Болашақта екі үнтаспа және екі түрлі бағытта шығарсақ деген ниетіміз бар. Бірі, тек дәстүрлі әндер, екіншісі, эстрадалық бағыттағы авторлық әндер. Өзім шығарған үш әнім бар. Алайда, «сазгермін» деп тө­сімді қағудан аулақпын. Кейде шабыт қысып, әдемі әуендер көмейге келіп қала­тыны бар. Кейбірін жақындарыма тыңдатып та жүрмін. Кейбірін тек өзім ғана тыңдаймын. Себебі ұяламын. Бірақ жуырда ұятты жиып қойып, про­дюсеріммен ақылдаса отырып ре­пертуарыма өзім жазған бірнеше ән­дерді қостық. Олар: «Уайымдама», «Мақ­та қыз», «Кейіпкерімсің» деген әндер. Болашақта да сәтті шыққан еңбектерімді репертуарыма қосып, өнерсүйер қауымға сыйлаймын деген ойдамын. – Кез келген әнші сахнаға өзіндік қолтаңбамды қалыптастырсам деп келеді. Сіздің ерекшелігіңіз қандай? – Әрбір әнші көптің бірі болуды емес, өнерден өзінің ойып алар орнын табуды мақсат етеді. Менің басқа әншілерден ерекшелегім бар деп айта алмаймын. Алла тағала әркімге өзіне лайықты әдемі дауыс береді ғой. Сол нығметпен ерекшеленетін шығармын. Дәстүрлі әннен эстрадаға ауысқанымның да өзіндік себебі бар. Өйткені, біз жастарға бірден дәстүрлі әнді тыңдатып кете алмаймыз. Эстраданы айтып, кейін арасында дәстүрлі әнді тыңдатсақ, олар жақсы қабылдайды. Мәселен, өткенде маған бір қыз орысша жазды. «Мен бұрын қазақша әндер тыңдамайтынмын. Сіздің әндеріңізді тыңдағаннан кейін ғана қазақша әндерге мән беріп жүрмін» деп... Міне, соларға ертең дәстүрлі әндерді тыңдатсақ, домбырамен ән салсақ, олар да үйренеді деп ойлаймын. Менің әндерім еуропалық стильде емес, қазақи бағытта. Дәстүрлі әнші болған соң, эстрадаға келгенде мені халық жақсы қабылдады. Аз уақыттың ішінде танымал болуыма да осы әсер еткен болар. Өйткені, халық дәстүрлі мақамдағы әншілерді жақсы көреді. – Стиль, имидж қалыптастыруда кімдермен ақылдасасыз? – Бұл тұрғыда кәсіби маманның кеңесіне құлақ асуды жөн көреміз. Олардың қатарында, әрине, продюсерім Жанна Абуова, одан кейін Айжан деген стилисіміз бар. Ал бейнебаян кезіндегі менің әртүрлі жанрдағы имидждерімнің авторы режиссерлер. Себебі, әр режиссердің өз қиялы мен образы бар. Әншінің міндеті сол кейіпкерді мінсіз көрсету. – Танымалдылық сізге не беруде? – Өзімді «танымалмын» деп кеу­демді ұрудан аулақпын. Өнерге жаңадан тәй-тәй қадам басқан жас өнерпаз ретінде өз тыңдарманым, өз көрерменім бар. Және өнерде де танып, шығармашылығыма баға беріп жүрген аға-әпкелер бар. Олардың барлығының жақсы пікірі мен маған деген құрметі, меніңше, танымалдылыққа жету жолындағы еңбектің жемісі деп білемін. – «Жігітке жеті өнер де аз» дейді. Сіздің бойыңызда біз білмейтін қан­дай қасиеттер бар? Жалпы, қандай аспаптарда ойнайсыз? – Әзірге меңгергенім үш аспап. Дәстүрлі әнші болғандықтан домбырада, күйсандық және қылқобызда ойнаймын. Мұнымен тоқтамай болашақта аспаптар тізімін толықтырсам деген ниетім бар. – Өмірлік ұстанымыңыз қандай? Сіз үшін жетістікке жетудің формуласы қандай? – Адам болып келген өмірден адам болып өтуді басты мақсатым деп санаймын. Және қандай биікке жетсем де, қарапайымдығымды сақтап, адамгершіліктің жібін аттап кетуден сақ болуға тырысамын. Жетістікке жетудің формуласы өте оңай. Айқын мақсат, талмас еңбек, ең бастысы, үлкен сабырлылық қажет. Осы үш нәрсені көкейге құйып, тәуекел етіп іске кіріскен әр адам жетістіктің дәмін сезеді деп сенемін. Әңгімелескен Арайлым ШАБДЕНОВА