• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
06 Наурыз, 2017

Парламент рөлінің күшейгені – халық билігінің күшейгені

199 рет
көрсетілді

Конституцияға енгізуге ұсынылған өзгерістер қоғамды демократияландыруды одан әрі жалғастыра отырып, ел эко­номикасының дамуын жедел­детіп, халықтың әл-ауқатын арт­тыруға бағытталған. Жалпы, Президенттің өзі бастамашы бола отырып, өз өкілеттігін билік тармақтарына бөліп беруі әлемдік сая­сатта өте сирек. Ендігі жерде Парламенттің өкілеттігі күшейеді, – Үкіметті жасақтайды, оның қызметіне бақылау жасайды. Ал егер Сенат депутаттарының басым көпшілігі аймақтардан сайланатынын ескерсек, Парламенттің рөлін күшейту арқылы халық билігін күшейтіп отырмыз деп сеніммен айтуға болады. Тағы бір өзгеріс, 66-баптың 1-тармағы бойынша республика Президентiнің келісімімен мемлекеттік бағдарламаларды ендігі жерде Үкімет бекітеді және олардың орындалуын қамтамасыз етеді. Үкімет өзі бекіткен бағдарламаларды қалай орындап жатқаны туралы Парламент алдында есеп береді, сөйтіп, халық билігі Үкіметтің жұмысын бақылап отыратын болады. Жуырда ел өңірлеріне шыққан сапар барысында біз мемлекеттік билік тармақтарының арасында өкілеттіктерді қайта бөлуге қатысты болатын конс­титуциялық реформаларды бүкілхалықтық талқылау туралы Мемлекет басшысының бастамасын халықтың оң тұрғыдан қабылдағанына куә болдық. Тек 26-бапқа қатысты алаңдаушылық бар еді. Елбасы бұл бапқа қатысты өте көреген шешім қабылдады. Сол сияқты жергілікті өзін өзі басқару жүйесін дамытудың бір көрінісі – Президенттің жергілікті мәслихаттарды тарату мәселесін Үкіметпен, Парламент палаталары төрағаларымен келіскеннен кейін шешуі, аудан, қала, ауыл әкімдерін тағайындау немесе сайлау­ды тиісті заңдарға сәйкес жүргізу туралы өзгерістер ел арасында қызу қолдау тауып отыр. Бұл орайда да Парламент палаталарының бірлес­кен отырысындағы конституциялық реформа жөнін­дегі Жұмыс тобының хабарламасында келтіріл­ген ұсыныстар аймақ тұрғындарының айтқан ұсыныс­тарымен сәйкес келеді. Парламент палаталарының бірлескен отырысында Конституцияға өзгерістер енгізуге қатысты 6 мыңнан астам ұсыныс-тілектер түсуінің өзі біздің халқымыздың қоғамдық белсенділігінің жоғары екендігін байқатты. Ендігі жерде «Билікті дұрыс пайдалана білу де өнер» деп Елбасы айтқандай, Парламент пен Үкімет өзіне бөлінген билікті тиімділікпен пайдаланып, еліміздің стратегиялық бағдарламаларынан туындайтын міндеттерді орындауға бар күш-жігерді жұмылдыра білуі аса маңызды. Бекмырза ЕЛАМАНОВ, Сенат депутаты