• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
06 Наурыз, 2017

Мұғалім

278 рет
көрсетілді

Бір Құдайға сыйынып, Кел, балалар, оқылық, дейді Ыбырай Алтынсарин. Бала күнімде таңғалушы едім. Алтынсариннің осы өлеңіндегі шумақтардың бәрі төрт жолдан тұрады да, әуелгі шумағы неге үш-ақ жол деп. Ол кезде: «Кел, балалар, оқылық, Оқығанды көңілге, Ықыласпен тоқылық», деп басталушы еді ғой. Сөйтсек, кұдайсыз заманда «Бір Құдайға сыйынып» деген жол сыпырылып түсіп қалыпты. Ал енді қазіргі «Ана тілі» оқулығына қарасам, ата­мыздың өлеңі сол қалпында. Түзетілмеген. Кеңестік нұсқада әлі тұр. Қазақ әліппесін кирилл қарпінде түзіп, сахарада еуропалық үлгідегі, жаңа заман талабына сай тұңғыш мектеп аштырған Ыбырай атамыз ұлтымыздың ұлы ағартушысы екенінде күмән жоқ. Мұғалім. Шын мағынасындағы. Сол кісі аштырған мектептен XIX ғасырдың соңында, XX ғасырдың басында қазақтың небір білімді азаматтары шықты. Олардың бірегейі Ахаң, Ахмет Байтұрсынұлы болды. Бұл кісі Ыбырай атамыздың игілікті ісін жалғастырып қана қойған жоқ, жаңа бас­тамалар көтерді қазақтың жаңа әліпбиін жасады, тіл білімінің негізін қалады. Басқа да толып жатқан ұлы істерді атқарды. Бірақ, соның бәрін жиып қойғанда, Ахаң – ең әуелі Мұғалім. Әлихан Бөкейханов 20-жыл­дардың басында замандас інісі Ахметке жазған бір хатында «Сен ілгеріде өмірге келсең, Алтынсарин болатын едің, Алтынсарин енді туса, сенің орныңды басатын еді», дейді. Алтынсарин, Байтұрсынұлы ғана емес, Міржақып, Мағжан, Сұлтанмахмұт, Жүсіпбек Аймауытұлы, Отыншы Әлжанов, Биахмет Сәр­сенов, тағысын тағы, қазақ­тың жүздеген, мың­даған азаматтары мұғалім болып, «қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болуға» ұмтыл­ды. Кейінгі Алаш орда үкіметінің құрамына қараңыз, жартысына жуығы – ел ішінде мұғалімдік еткен жігіттер. Бұларға дейін де, яғни ақ патшаға бодан болған кер заман­ның алғашқы кезеңінде де, одан ілгері – қазақтың өз хандығы тұсында да мұғалімдер болды. Олар – араб әліпбиінде, мұсылман ілімі негізінде дәріс айтқан молдалар. Патша охранкасының салпаңқұлағы болып, ел ішін алатайдай бүлдірген, Кұрбанғали Халид жазатын «указной» молдалар емес, Қазанда, Таш­кент­те, Түркістанда, Бұқарда оқып келген, алаш жұртының өз ішін­дегі көзі ашық ақсақалдардан тәлім алған молдалар. Бұлар да – өз дәуірінің Мұғалімі еді. Мұғалім – қай заманда, қай елде болсын, қадірлі мамандық. Ұрпақтың ағартушысы, ұлттың тәрбиешісі. Мемлекеттің тірегі. Қай дәуірде де білімді мемлекет алда тұрады. Ал білімнің дәнін себетін мұғалім қауымы – өздері білер, білмес, шын мәнінде қоғамның қозғаушысы. Оған ешқандай күмән тумаса керек. Ертеде Мұғалім деген ұғым өте қадірлі еді. Әке-шешеміз қара танытқан ұстаздарын осы күнге дейін құрметтеп, ардақтап еске алып отырады. «Мұғалім айтты!» деп мектептен келсек, «е, мұғалім айтса, жөн» дейтін. Ал ендігі дәуірде, жасырдық не, жасырмадық не, мұғалім жұрты аса ардақталып тұрған жоқ. Оның үстіне әлгі, жабайы рынок төбеден жай түсіріп, ел ыңыршағы созылып жатқан қараөзек шақта мұғалімнің де күнкөрісі кері кетіп еді. Айлығы шайлығына жетпей тұрған жылдар келмеске кетті. Көш түзелген кейінгі кезде де мұғалім жұрты қоңыртөбел күн кешіп жатушы еді, Құдайға шүкір, қазір жаман емес. Сөз соңында белгілі өлеңдегі мына жолдар тағы да тілге оралады: Ұстаздық еткен жалықпас Үйретуден балаға... Баланың білгеніне қуанып, үйренгеніне жұбанып, жалықпай, жабықпай, жанұшырып жүрген мұғалім жұрты, сіздер аман болыңыздар. Сіздер аман болса­ңыздар, ел келешегі де кемел деп білеміз. Нұржан ҚУАНТАЙҰЛЫ АЛМАТЫ