• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
06 Наурыз, 2017

Батыс Қазақстанда «мейірімді көктем» басталды

159 рет
көрсетілді

Алғыс айту күнімен басталған наурыз Батыс Қазақстан облысында «Мейірімді көктем» шарасына жалғасты. Арнайы құрылған қайырымдылық қызметін үйлестіру кеңесі тұңғыш рет бас қосып, кеңейтілген отырыс өткізді. Оған өңір басшысы Алтай Көлгінов және қайырымдылық істермен айналысып жүрген кәсіпкерлер, этномәдени орталық жетекшілері қатысты. – «Алғыс күні» мерекесінің Ассамблеяның құрылған күнімен тұспа-тұс келуі тегін емес. Жүк вагондарына тиеліп, бір түннің ішінде қазақ даласына аттандырылған көптеген халықтың трагедиясы ұмытылмайды. Бірақ ол халықтар қазақ халқының кеңпейілділігі арқасында жаңа мекенге тез жерсініп кетті. Ұрпақ өрбітіп, салт-дәстүрін жаңғыртып, көп ұлтты Қазақстанның дамып-гүлденуіне өз үлесін қосты. Бүгіннен бастап облысымызда «Мейірімді көктем» жобасы бастау алып жатыр. Бұл істен өңір кәсіпкерлері қалыс қалмайды деп сенемін. Мемлекет кәсіпкерліктің дамуына барынша жағдай жасауда. Бизнес өкілдері де өздерінің әлеуметтік жауапкершілігін жете сезініп, бұл бағыттағы жұмыстарға қолдау білдіреріне сенімім мол», деді Алтай Сейдірұлы. Қайырымдылық қызметін үйлестіру кеңесінің негізгі міндеті – мемлекет барынша қолдап отырған бизнес өкілдері мен көмекке мұқтаж орталарды байланыстыру, қайырымдылық шараларына мұрындық болу. Бірінші кезекте мүмкіндігі шектеулі азаматтардың ем-шаралары мен арнайы арбалар сатып алып беру жоспарланып отыр. Мәселен, Гүлмира Батпақұлова жетекшілік ететін «Арба» қоғамдық ұйымының он адамды арнайы орындарда емделуге жіберу өтініші алдымен қаралатын болды. «Мейірімді көктем» шарасы үш айға созылмақ. Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ, «Егемен Қазақстан» ОРАЛ