• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
06 Наурыз, 2017

Көлеңкесімен қорғай жүреді

232 рет
көрсетілді

Ақтөбе аймағында «Біз – біргеміз!» атты әлеуметтік-қайырымдылық тұрғысынан мәні мен маңызы жоғары акция өткізу ісі дәстүрге айналған. Оның басты мақсаты өз атауынан көрініп тұрғанындай – қоғам мүшелерін жұмған жұдырықтай бір арнаға топтастыруға, мүмкіндігі шектеулі жандардың қарым-қабілетін көтеруге, азаматтық бастамаларды қолдауға, және отаншылдық сезімді тереңдетуге бағытталған. Кеше осы бағыттағы кезекті кездесу облыс орталығындағы «Атамекен» мәдени-орталығында өткізілді. Өмір күнде той емес, оның алдын ала болжауға мүлдем келмейтін әр түрлі сынақтары мен тосын жағдайлары да жетерлік. Ащысы мен тұщысы алмасып келетін өмірде асу да, тасу да, күйініш те, сүйі­ніш те болмай тұр­майды. Ойламаған жерден тағдырдың ауыр теп­кісіне тап келетіндер де бар. Оларға үнемі қолдау мен қамқорлық көрсету – біздің айнымас парызымыз. Әлеуметтік борышымыз. Дәстүрлі акцияда Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев өз сөзін осы арнадан сабақтады. Тұтастай алғанда өмір­де мүгедек жандарға көр­сетіліп жүрген құрмет дең­гейі жоғары. Мұнда оларды көлеңкесімен қор­ғай жүретін мәрт азаматтар легі де мол. Әрісін айт­­пағанда өткен жылы облыс­тық әкімдік тарапынан 32 мүгедектер отба­сына жан-жақты жаб­дықталған жайлы пәтер­лер берілген. Биылғы жыл­дың өзінде баспанаға мұқтаж бес мүмкіндігі шек­теулі жеке тұлғалар уа­қытша баспанаға орна­лас­тырылған. Сондай-ақ, биылғы өткізілген акция кезінде сал ауруына ұшыраған азаматтарды қол­дау орталығы қоғамдық бірлестігіне бір миллион бес жүз мың теңгенің сер­тификаты берілді. Әрі мүге­дектерге арналған көлік-таксилер сыйға тартылды. Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан» АҚТӨБЕ