• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
06 Наурыз, 2017

«Күш атасын танымайды»

373 рет
көрсетілді

Шымкентте грек-рим, еркін күрес және әйелдер күресінен Қазақстан чемпионаты мәресіне жетті. Күрестің бұл түрлері Олимпиада бағдарламасына кіретін болғандықтан, Ұлттық құраманың мүшелері қатаң сыннан өтіп барып, осы турнирде анықталды. Жарысқа 14 облыс пен А­стана және Алматы қалала­рынан 600-ге жуық балуан қа­тысты. Күрестің алғашқы кү­ні сенсациямен басталды. Бас бәйгені шаппай алады деп отырған Нұр­махан Тін­әлиев ақтық ай­қаста оң­түс­­тікқазақстандық Да­мир Күзен­­баевтың қанжы­ғасында кетті. Дамирдің бұл жеңісін кездейсоқтыққа балау қиын. Өйткені, ол өткен жылы да Қазақстан чемпионатында топ жарған. Бірақ, ол жарысқа Нұрмахан қатыспаған болатын. Қалай десе де, халықаралық жарыстарда талай рет жеңіс тойын тойлап, ұлтының ме­рейін үстем еткен, Олимпия ойындарының жеңімпазы Хасан Бароевтың өзін сан соқтырып кеткен Нұрмаханның соңғы кез­дері жолы болмай жүр. Лондон Олимпиадасында алғашқы кез­де­суінде ұтылды. Рио-де-Жа­ней­рода жолы оңғарылмады. Екеуін­де де соқыр ұпай ала алмай, құр қайтты. Жанкүйер деген кей ретте қатал да халық қой. Балуан Шолақтың аталас інісін, мүмкін шөбересін еңсерген Дамирге қатты қолдау көрсетіп, сарайды бастарына көтеріп әкете жаздады. Рио Олимпиадасына грек-рим күресінен үш қана балуан барған. Нұрмахан Тінәлиевтің жайын айттық. Досжан Қор­тықов болса бұл күнде салмақ ауыс­тырған, көптен бері жа­рыс­тардан көрінбей кеткен Лон­дон Олимпиадасының қола жүл­дегері Даниал Гаджиевтен аса алмады. Қоланы місе тұтты. Салмағы ауырлаған Алмат Кебіс­баев қана ел чемпионы атанды. Лондон Олимпиадасы қар­саңында халықаралық сарапшылар Алмат Кебісбаевты олимпиада ойындарының жеңімпазы қатарына қосқан еді. Бірақ, жарысты әдемі бастаған Алмат күші сарқылып, орта жолда қалып қойды. Рио Олимпиадасында да екінші белдесуінде әлемнің алты дүр­кін чемпионы, Олимпия ойындарының жеңімпазы Хамит Сорианның аптығын бас­қанымен, келесі кезеңге өте алмаған. Алматқа Республика біріншілігі оңайға түскен жоқ. Соңынан ерген бөлтіріктер жетіліп қалыпты. Абадандыққа үміті бар­лардың жан беріп, жан алған айқасын көрдік. Грек-рим және еркін кү­рестен өткен ел чемпиона­тында талай жан­кешті белде­су­лердің куәсі болдық. Кей­бір балуандар қажетті ұпайларын алған соң, соңғы минуттарда босаңси бас­тайды. Қазақстандағы атақты балуандардың бірі Татьяна Аман­жол сәл босаңсып еді, қар­сы­ласы Марина Седнева ішке бір қадам аттап кіріп, екпінінен айы­рып, мойнын бұраған күйі аспан­датып әке­ліп кілемге жауырынымен жаншыды. Алғашқы кезеңде 3:0 есебі­мен жас пері Болат Сақаевқа (Алма­ты қаласы) ұтылып жат­қан қызыл­ордалық сақа балуан Ғалымжан Өсербаев белдесу аяқталуға 7 секунд қал­ғанда жеңісті жұлып кетті. Болаттың аяғына жар­ма­сқан күйі тік кө­теріп ке­тіп, көкпарда салым салған­дай кілем сыртына ите­ріп шыға­рып, жамбаспен отыр­ғызды. 57 килода күрескен ақтө­белік Нұрис­лам Санаев на­ғыз дер ша­­ғында екен. Кі­лем­ге шақы­рыл­ғаннан теке­жәуміт арғымақтай орнында тықыршып тұрмайтын Нұрисламның қимы­лы жой­қын, жыл­дамдығы атқан оқ­тай. Алдау­сыратып тұрып, аяқ­­қа өтіп кетсе әдемі әдіс жаса­май қоймайды екен. 61 келі салмақта белдес­кен, Лондон Олимпиадасының дуын көрген қызылордалық Дәу­лет Ниязбеков те финалда қар­сыласы Қайрат Әміртаевқа соқыр ұпай ұстатқан жоқ. Биылғы жылдың бас­ты жаңа­лық­тарының бірі – даңқ­­­ты балуа­н Дәулет Тұр­лы­­хановтың грек-рим кү­ресі фе­дерациясының вице-пре­зиденті болып тағайын­далуы. Қазақстан Ұлттық олимпиада комитетінің бас хатшысы, әрі грек-рим, еркін және қыздар күресі федерациясының вице-президенті Данияр Әбілғазин осы тағайындау жөнінде ойын былай жеткізген еді. «Дәу­лет Тұрлыхановтың фе­де­­ра­ция­ға келуінен жаңа, нәти­­желі жұмыс күтіп отырмыз. Ол спортшы ретінде өте биік бе­лестерді бағындырды, бапкер ретінде талантты спортшыларды тәрбиеледі. Басшы ретінде де жақсы ұйым­дасты­рылған шаралардың бастауында болды. Дүние жүзіне әйгілі балуа­н Дәулет Болатұлынан кү­тері­міз көп. Жаттығу базалары бар, балуандарға барынша жағ­дай туғызылған. Енді тек жақ­сы дайындық керек. Төреші­лері­міздің, бап­кер­лері­міздің білігін өсіру мақ­сатында шетелден тәжіри­белі мамандарды тартуға дайынбыз», деген. Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан» ШЫМКЕНТ

«Балуандарға жанкештілік жетіспейді»

Шымкенттегі жарыс қарсаңында Дәулет Тұрлыхановқа бірталай сұрақтар қойған едік. Даңқты балуан ойын былай тұжырды: «Құрама жастармен толығады. Бұл заңды құбылыс. Кеше ғана Рио-2016 Олимпиадасы өтті, жаңғырығын білесіздер. Грек-рим мен еркін күрестен ерлер құрамасы ешқандай нәтиже көрсете алма- ды. Сол балуандарға барлық жағдай жасалды, бапкерлердің жұмыс жоспарына, оқу-жаттығу жиынына сырттан араласқан ешкім жоқ. Яғни, бапкерлеріміз біз күткен үдеден шыға алмады. Жігіттеріміздің көзінен жеңіске деген жарқылдаған от көре алмадық. Сондықтан, атқарушы комитеттің шешімімен екі құрамада бас бапкерлер ауысты. Грек-рим күресінен Нұрым Дүйсенов, еркін күрестен Әсет Серікбаев Ұлттық құраманы дайындайтын болады. Жарысты байқап отырсыз,бұра тарту жоқ, кім мықты – сол жеңіске жетіп жатыр. Төрешілеріміздің қатарына «Алтын ысқырық» атағын алған шетелдік мықты қазыларды да шақырдық. Өзіміздің жігіттерге сенбегендіктен емес, жақсы тәжірибесін алу, өзара біліктілік алмасу үшін. Құрамамыздың бас балуаны Нұрмахан Тінәлиев қарсыласынан жеңіліп қалды. Бұл да ащы сабақ. Бұған дейін бәрін қапысыз жеңіп жүрген балуан бұл жолы да жеңемін деген үстірт сезіммен келсе, ол іске аспады. Күреске түскенде сенің бұрынғы жиған-терген атағың, ел алдындағы беделің бәрі кілемнің сыртында қалады. Оның үстіне, құрама серкелерінің алды отыз жастан асып кетті. Тәжірибе бар болғанымен жылдамдық азайған, күш те қалыптағыдай емес. Оның бір мысалын еркін күрестегі алыбымыз, кеше ғана Рио Олимпиадасына барған Дәулет Шабанбайдың күресінен байқаған боларсыз. Өзінің жерлесі, өкшесін басып келе жатқан ізбасары Дмитрий Поповқа есе жіберді. Талапты жастар өсіп келеді. Енді олар аға буынның тәжірибесімен толысып, үлкен сындарда жүлде ала бастау керек. Кавказ балуандары әдіс-айласы жетпей жатқан жерде өршеленіп, қарсыласының мысын басып кетеді. Соңғы демі таусылғанша күреседі. Осындай рух, жанкештілік біздің балуандарға керек. Жаңа құрама бапкерлері осындай олқылықтардың орнын толтырады деп сенемін». Тағы бір қуанғанымыз, еліміздің грек-рим, еркін күрес және әйелдер күресі федерациясының вице-президенті Ерлан Қожасбай «Ұлттық құрамаға шетелден легионерлер шақырмаймыз, өз жігіттеріміз күреседі», деді. Біздің есімізге Бейжің Олимпиадасында жүрек сыздатқан жағдай түскен. Қазақстан атынан күресіп, финалда жеңілген Теймураз Тегиев өзіне берілген Қазақ елінің байрағын кері серпіп тастаған еді. Ашуы бойына сый- май тұрған шығар. Жеңілгеніне. Қазақ рәмізін менсінбейтін, бірақ, қазақ берген мүмкіндікті, ақшаны ұялмай алатын мұндай келімсектер кімнің көсегесін көгертеді?! Өзегінен тепсең де кетпейтін өз балуандарыңа не жетсін. Ерланның тоқтамына қуанғанымыз сол.