Тәуелсіздік алған жылдар ішіндегі ел абыройының биіктен көрінуіне спорт саласындағы сайыпқыран саңлақтар аз үлес қосқан жоқ. Осы бір үрдіс ұрпақтар арасындағы дәстүрге айналды десек те болады. Алдыңғы толқынның қадамын кейінгі ұл мен қыз жалғастырып келеді. Оның ішінде мектеп оқушылары мен студенттердің арасындағы жеңісі қай жағынан да қадір тұтуға лайық. Сондай бір жақсы жетістікке жеткен жас ұлан, Алматы қаласындағы № 159 гимназияның 8-сынып оқушысы Темірлан Әйтімов Үндістанның Мумбай қаласында India Kudo International Federation ұйымдастыруымен өткен кудо шығыс жекпе-жегінен Әлем кубогының бас жүлдесіне ие болды.
– Мұндай жоғары деңгейдегі додаға біздің алғаш қатысуымыз. Үмітімізді үкілеп, ел намысын қорғауға барғаннан кейін намысты қамшылауға тура келеді екен. Темірлан қайратына мініп, жігерін жанып, алғашқы күннен бастап-ақ алға ұмтылды. Төккен теріміз зая кетпеді. Жеңімпаз атанып Отанымыздың көк туын Үнді елінде желбіреттік, – дейді Темірланның бапкері Дамир Ақсерікұлы.
Жалпы, біздің елімізде каратэмен айналысу өткен ғасырдың 90-жылдарының басында қанат жая бастағаны мәлім. Ал 2001 жылы халықаралық ұйым шешімі бойынша дайдо-джуку каратэ-до атауы кудо болып ауыстырылды. Кудо – Такаши Адзума негізін қалаған каратэ түрі, жапон тілінен аударғанда – «ашық сана жолы» деген мағынаны білдіреді. Бұл кудомен айналысатын тұлғалардың жарасымды дамуына арналған рухани және физикалық өзін өзі жетілдіретін жан-жақты жүйе.
Сонымен, жеңімпаз деп танылған 14 жастағы Темірлан Әйтімов алдағы уақытта да азат Қазақ елінің мәртебесін кудо шығыс жекпе-жегі бойынша биіктете беруге бел байлаған.
Сүлеймен МӘМЕТ,
«Егемен Қазақстан»