• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
06 Наурыз, 2017

Қарағандылықтар қарымы

258 рет
көрсетілді

Жоғары хоккей лигасының плей-офф кезеңінде Қарағандының «Сарыарқасы» Чехов қаласында жергілікті «Звезда» командасымен үшінші мәрте кездесіп, 3:2 есебімен басым түсті. «Звезда» өз жанкүйерлерінің алдында өнер көрсеткендіктен барынша өткір шабуылдар ұйым­дастыруға тырысты. Кез­десудегі алғашқы гол 22-минутта соғыл­ды. Александр Ша­ровтың соққы­сынан кейін айдын иелері алға шықты. Қарқындарын үдеткен олар 37-минутта жерлес­тері­мізді тағы бір мәрте қапы қал­дырды. Бұл тұста Андрей Кузь­менко мергендігімен көзге түсті. Н­амысқа басқан қараған­дылық­тар екінші кезеңнің соңын­да Ми­хаил Анисиннің көмегі­мен есеп айыр­машылығын қысқарт­ты. Үшінші кезеңде бас бапкер Вадим Епанчинцевтен жаңа нұс­қаулар алған «Сарыарқа» ойын­­шылары таразы басын теңес­тіру үшін барын салды. Нәти­жесінде, матчтың соңғы минутында Артур Сарваров есепті 2:2-ге жеткізді. Ал овертайм ке­зінде Олег Ломаконың мерейі үстем болып, жерлестеріміздің кезекті же­ңісіне септігін тигізді. Қос ко­манданың арасындағы жалпы есепте «Сарыарқа» 3:1 есебімен алда келеді. Келесі матч Қара­ған­дыда өтеді. Дәл осы кезеңде Өскеменнің «Тор­педосы» да жеңіске жет­ті. Ижевскіде «Ижсталь» коман­дасымен сынға түскен шығыс­қазақстандықтар 2:1 есебімен басым түсті. Жанкүйерлер қызықты ойын­ның куәсі болғанымен, есеп тек соңғы кезеңде ғана ашыл­ды. Айдын иелері тарапынан бір ойыншының кем­дігін ұтымды пайдаланған өскемендіктер айналасы он ми­нут­тың ішінде екі бірдей шайба соғып үлгерді. Андрей Белозеров 42-минутта алғашқы голын салса, 52-минутта дубль иесі атанды. Ал «Ижсталь» командасынан Денис Полюдов 55-минутта көзге түсті. «Торпедо» сериялы матч­та үш рет жеңіске жетіп, бір мәрте есе жіберді. Қос команда арасындағы келесі кездесу Өскеменде өтеді. Аян ӘБДУӘЛИ, «Егемен Қазақстан»