Бүкіләлемдік бокс сериясының (WSB) үшінші матчында «Astana Arlans» командасы Қытайдың «China Dragons» командасын 5:0 есебімен ұтты.
Бұл жолы шаршы алаңға шыққан Теміртас Жүсіпов (49 кг) қарсыласы Джунджун Хеден басым түсті (3:0 (48:47, 48:47, 49:46)). Ілияс Сүлейменов (56 кг) Лонг Вангке ешқандай мүмкіндік бермей, 3:0 есебімен ұтты (50:45, 50:45, 50:45). Ділмұрат Мижитов (64 кг) болса, қытайлық Янг Люді ауыр соққылардың астына алып, жеңді (3:0 (50:44, 50:44, 50:43)). 75 кило салмақта өнер көрсеткен Сапарбай Айдаров қарсыласы Минганг Жаоны қапы қалдырды (3:0 (50:45, 50:45, 50:45)).
Ал рингке соңғы болып көтерілген Антон Пинчук (91 кг) Қытай командасы үшін сынға түскен украиналық Сергей Новиковті тізе бүктіріп (3:0 (49:46, 50:45, 50:45), «айдаһарлармен» арадағы есепті 5:0-ге жеткізді.
Енді «Astana Arlans» боксшылары 18 наурыз күні Таразда ресейлік «Patriot Boxing Team» командасымен күш сынасады.
Бек ТӨЛЕУОВ,
журналист
АСТАНА