Алматы қаласы кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының айтуынша, ашылған сауда орындарының алаңы шамамен 20 мың шаршы метрді құрайды. Оның 10 мың шаршы метрі сауда алаңына тиесілі болса, 10 мың шаршы метрі 400 көлік қоюға арналған екі белдеулі автотұраққа қарамақ. Құны шамамен 2,5 млрд теңгені құраған жоба 500-ден астам адамды жұмыспен қамтығалы отыр.
Бұл сауда орталығын салу туралы шешім 2015 жылы қабылданған еді. Жаңа орталық орнында бұрын ашық аспан астындағы көкөніс-жеміс сататын сауда орындары орналасқан болатын. «Көк базар» директоры Ерлан Қалиев жаңа салынған сауда кешені соңғы үлгідегі өртке қарсы техникалармен және желдету жүйелерімен жабдықталғанын жеткізді. «Біз сауда орындарын жалға алушыларға, осы жерден қажет тауарларды сатып алуға келетін тұтынушылар мен туристерге жақсы жағдай жасай алдық деп ойлаймын. Жаңғырту жұмыстары әлі де жалғасын табатын болады. Мысалы, ескі ғимаратқа, базарға Жібек жолы көшесі жағынан кіретін тұсқа жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Дегенмен, оның бәрі біртіндеп жүзеге асырылатын шаруалар», – деді ол.
Айта кетсек, Алматы қаласындағы барлық сауда базарларына жаңғырту жұмыстарының жүргізілуі Елбасының сауданы заманға сай үлгіге ауыстыру жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында жүзеге асырылуда.
Мира БАЙБЕК,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ