Лондон Олимпиадасының чемпионы, «Астана Арланс» бокс клубының бұрынғы басшысы, Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты Серік Сәпиев қазақстандық кәсіпқой боксшы Фируза Шәріпованың ресейлік Юлия Чернобородоваға қарсы жеңісі жайлы пікір білдрді. Бұл туралы allfight.ru хабарлады.
«Фирузаның айқасын жібермей көрдім. Жоғары деңгейде өткізді деп сенімді түрде айта аламын. Әрбір жекпе-жегінде жаңа бір деңгейге көтерілгенін байқаймын. Сенімділігі де артқан. Жылдам қозғалып үйренгенін байқадым. Шамасы, бұл жаңа бапкерінің үйреткені болар. Сонымен қатар, Шәріпованың рингке шыққандағы музыкасы (Демьян және Назарбек Оразбеков «Әлем чемпионаты») ұнады. Ол ән 2013 жылы әлем чемпионатында да қойылған», – деді Сәпиев.
«Шәріпова лайықты түрде жеңіске жетті деп ойлаймын. Сенімді түрде бокстасып, қарсыласын жиі қысымға алды. Бірақ оның бірнеше соққы жіберіп алған сәттері де болды. Чернобородованы осал боксшы деп айтуға келмес. Қажет кезінде қарсы шабуылдарға шығып тұрды», – деді ол
«Фирузаны жеңісімен құттықтаймын. Оның шаршы алаңдағы мансабының алға жылжуына септігін тигізіп жүрген, сондай-ақ Қазақстан қыздары арасындағы боксының дамуына үлесін қосып жүрген менеджері Сергей Завилейскийге алғысымды білдіргім келеді. Отандасымызға алдағы уақытта тек жеңістер тілеймін! Енді Фируза елімізде өтетін бокс кештерінің біріне қатысса екен деймін», – деді Мәжіліс депутаты.
4 наурыз күні Мәскеу маңындағы «Балашиха» аренасында Фируза Шәріпова ресейлік Юлия Чернобородованы алты раундтың қорытындысы бойынша төрешілердің бірауыз шешімімен жеңген. Сондай-ақ, отандасымыздың шаршы алаңға жарақат алған күйінде шыққаны белгілі болды.
Айта кетейік, биыл Астанада өтетін ЭКСПО көрмесі кезінде ұйымдастырылатын бокс кешінде ол кезекті рет рингке шығуы мүмкін.