• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
06 Наурыз, 2017

Бас мүфти мұсылмандарға арналған жаңа мобильді қосымша жасауды тапсырды

181 рет
көрсетілді

Бүгін Алматыда ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы Діни басқарма бөлім басшылары мен дін қызметкерлерінің қатысуымен жиналыс өткізді, деп жазады muslim.kz.

Бөлім басшыларымен болған жиында «Зекет» қорының директоры Әлішер Спанов, Ғаламтормен жұмыс бөлімінің басшысы Мұрат Әбдіхалықов Шариғат және пәтуа бөлімі маманы Бауыржан Әбдуәлі мен Медет Құрмашұлы, «Иман» журналының Бас редакторы Оңғар Өмірбек Бас мүфтиге діни бағытта ақтарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы бөлім басшыларының сөзінен кейін жиналғандардың назарын діннің әр саласындағы мәселелерді жіті қадағалап, дамыту туралы нақты міндеттемелер жүктеді. Сондақ-ақ, Ғаламтормен жұмыс бөліміне Қазақстанның әр өңірінде намаз уақытын нақты, дәл есептейтін мобильді қосымша әзірлеуді тапсырды.

«Діни басқарма қоғамның діни тұрғыдан бір тұтас дамуына, бір ыңғай өркен жаюына, әр сағат, әр күн сайын гүлденуіне мүдделі және осы бағытта талмай жұмыс жасап келе жатыр. Сондықтан, жұмысымызды күн сайын жетілдіріп отыру – баршамызға ортақ мәселе. Діни басқарманың жұмыс жасау төрт бағыты, Дін мен дәстүр және тарих тағлымы бастамасы дін қызметкерлерінің алдына қоятын мақсаты мен міндеттерін айқындап берді. Діни бағыттағы жұмыс - кез келген тұстан жол салып жүре беруге болатын ашық алаң емес. Ғасырлар бойы қазақ даласында дін ұстанудың жолы, мектебі қалыптасты. Міне, біз ең алдымен сол жүрер жолымызды жүйелеп, бағыт-бағдарымызды айқындап алуымыз керек болды. Енді осы бағыттарды басшылыққа ала отырып талмай дінге қызмет етуіміз керек», – деді Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы.

Діни басқарманың бөлімдері діннің әр саласы бойынша бұл күнде жемісті еңбек етіп, егеменді еліміздің ертеңі үшін айтарлықтай оң ықпалын тигізіп келеді. Қоғамда игі іс шаралар ұйымдастырып, имандылықты насихаттап келеді. Имамдардың білімі мен біліктілігі де артты. Діни дәрістер мен уағыз-насихат жұмыстарының саны мен сапасының көтерілуі – осының айқын дәлелі.

ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы аталмыш жиынды қорытындылай келе барлық дін қызметкерлерінің жұмысына сәттілік тіледі.