Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің студенттері такси жүргізушісін өлтіріп, автокөлігін заңсыз иемденгендері үшін 3-тен 19 жылға дейінгі мерзімге бас бостандықтарынан айырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат
Бүгін Қарағанды облыстық қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотының үкіміне сәйкес, Мадияр Түстікбаев, Диас Түместаев пен Сағын Ықылас айыпты деп танылды.
Олар мас күйінде таксиге отырған. Такси жүргізушісі жігіттерден жол ақысын алдын ала төлеулерін сұраған. Осыған байланысты жүргізуші Саят Сұлтанбеков пен сотталушы Сағын Ықыластың арасында жанжал туындаған. Соңғысы ашуға булығып, жүргізушінің иығы мен мойнынан пышақ ұрған.
Қаза тапқан жүргізушіні орындығынан түсіріп тастап, Мерседес көлігінің тізгініне сотталушылардың бірі отырады. Көліктің терезесінен жүргізушінің екі ұялы телефоны мен пышақты лақтырып жіберген. Кейін Республика даңғылында орналасқан тұрғын үйдің ауласына келіп, көліктің үстіндегі таксиге тиесілі «9 регион» белгісін және мемлекеттік нөмірін алып тастаған. Құжаттарды өртеп, Бұқар жырау ауданы Ботақара кентіне қарай жол тартады. Ауылдың маңына көлікті қалдырып, ылғалды майлықтармен рөлдегі саусақ іздерін өшірген.
Қарағанды облыстық қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Исламхан Есенбаев айыпталушылардың бірін ҚР ҚК 99-бабы «адам өлтіру» бойынша кінәлі деп тауып, 19 жылға бас бостандығынан айырды.
Қалған екеуін автокөлікті заңсыз иемденгені және ресми құжаттарды жойғаны үшін ҚР ҚК 200-бабы мен 384-бабы бойынша үш жылға соттады.
Сот зардап шеккен тараптың азаматтық шағымын қанағаттандырып, сотталушыларды 2 млн теңге өтемақы төлеуге міндеттеді.