• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
07 Наурыз, 2017

Тағдырлы сәттегі тарихи шешім

150 рет
көрсетілді

Тәуелсіз Қазақстанның даму жолындағы биылғы көктемнің алғашқы дүйсенбісі айшықты күндердің бірі ретінде тарих қойнауына енетіні анық. Қос палатаның бiрлескен отырысында «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» Қазақстан Республикасы заңының жобасын депутаттар екінші оқылымда қарап, дауыс беру қорытындысы бойынша Конституцияға өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы шешiм қабылданды. 47 Сенат пен 105 Мәжіліс депутаты, ел Премьер-Министрі мен Мемлекеттік хатшы, Президент Әкімшілігінің Басшысы, Конституциялық Кеңестің, Жоғарғы соттың, Орталық сайлау комиссиясының төрағалары, Үкімет мүшелері мен Президентке тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың басшылары сынды өзге де ведомстволардың жауапты қызметкерлері қатысқан жиынға Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин жетекшілік етіп отырды.

Конституциялық түзетулер қоғам дамуымен үндеседі

Конституциялық реформа – бұл мықты президенттік билікті сақтай отырып, ең алдымен демократияны одан әрі нығайту, халықтық билік нег­ізін күшейту, Парламент пен Үкі­меттің жауапкершілігін арттыру болып табылатындығын атап өткен Мәжіліс Төрағасы күн тәртібіне сәйкес негізгі баяндама жасау үшін мінберді Бірлескен комиссияның төрағасы, Мәжіліс депу­таты Нұрлан Әбдіровке ұсынды. «Қазақстан Республикасының Конс­титуциясына өзгерiстер мен толық­тырулар енгiзу туралы» Қазақстан Рес­пу­б­ликасы заңының жобасы» жөнін­де екiншi оқылымда баяндаған Н.Әбдіров Ата Заңымызға енгізілетін өзгеріс­тер мен толықтырулар Мәжіліс пен Сенат­тың тұрақты комитеттерінде, саяси партиялардың фракцияларында кеңі­нен талқыланып, барлық ұсыныстар Бірлес­кен комиссияға берілгендігін айтты. Парламенттің бүгінгі отырысы сипа­ты жағынан – тарихи, мазмұны жағынан – тағ­дырлы. Біз қазақстандық қоғамның, мемлекеттің саяси жүйесі дамуының жаңа бағытының жобасын қараудамыз. Сонымен бірге, Қазақстан дамуының осыған дейін жүріп өткен жолын аяқтап, Тәуелсіз Қазақстанның жаңа тарихының тағы бір бетін аудардық. Ұсынылып отырған заң жобасында көрініс тапқан, дамудың жаңа сатысына бастаған тарихқа қадам жасадық. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев осы шешімді алғаш рет жария еткен кезде, сөзін «заманның дидары өзгерді, біз де өзгеруіміз керек. Сол себепті, мемлекеттің басқару жүйе­сін де жаңғыртатын кез келді. Мен елдің мүддесі мен заманның талабын, ұр­пақ­тың болашағын ойлай отырып осын­дай байлам жасадым», деп бастаған бола­тын. Сондай-ақ, бұл Елбасы ұсын­ған конституциялық реформа елдің әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуының жаңа сатысына, жаңа кезеңіне аяқ басқалы тұрғанын көрсетеді. Өйт­кені, өркениет көшінен қалмай, саяси жүйе­ні одан әрі жетілдіру – заман тала­бы, деді Н.Әбдіров. Одан кейінгі сөзін ол Елбасы ұсын­ған конституциялық реформаның бас­ты мақсаты – атқарушы билік тар­ма­ғын неғұрлым тиімді, жауапты әрі жедел ету және анық президенттік бас­қару нысаны мен президенттік би­лік вертикалін сақтай отырып, Парла­мент­тің бақылау функцияларын кү­ше­й­­ту болып табылатындығымен са­бақ­тады. Сондықтан да, ұсынылған конституциялық түзетулер мемлекет пен қоғамның тарихи даму қисынына сай келеді деуге толық негіз бар. Өткен кезеңнің ең маңызды сатыларының бірі – 1995 жылғы 30 тамызда республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы бо­лып отыр. Ол халықтық егемендік ар­қы­лы көрініс табатын демократизм, идео­логиялық және саяси алуантүрлі­лік, жергілікті өзін өзі басқаруды мойын­дау мен оны қамтамасыз ету, құқық­тық мем­лекетті бекіту сияқты конституция­лық құрылыстың негіздерін бекітіп берді. Қолданыстағы Конституциямыз қабыл­данғалы 22 жылға жуық уақыт өтті. Осы уақытта еліміз өз дамуын­да орасан зор жетістіктерге қол жет­кізді. Мемлекет басшысы белгілеген стра­тегиялық бағыт бойынша орнықты әрі кезең-­кезеңмен ілгерілеу арқасында Қазақ­стан қазір 1995 жылмен салыс­ты­рғанда мүлдем басқа елге айналды. Бүгінгі таңда еліміз еуразия кеңістігінде мүлдем жаңа лайықты мәртебесі мен орасан зор перспективасы бар қуатты мемлекет болып табылады. Және де осы кезеңде әлемнің барынша дамыған 30 мем­лекетінің қатарына кіруді қамтама­сыз ету – негізгі мақсат, деді Н.Әбдіров. Мемлекет басшысы ұсынған консти­ту­циялық реформа барынша дер кезінде қолға алынғанын әрі аса қажеттіліктен туындап отырғанын және оны іске асыру үшін бізде барлық қажетті ресурс­тық әлеует жеткілікті екендігін тілге тиек еткен баяндамашы, Мемлекет бас­шысы ұсынып отырған заң жобасы Конс­титуцияның 19 бабына 26 түзету енгізу­ді көздейтінін мәлімдеді. Сөйтіп, баян­дамашы заң жобасын екінші оқылымда қарау шеңберінде бүкіл конституциялық реформаның мәні туралы тұтас көзқарас­тың болғаны маңызды дей келе, алды­мен депутаттардың бірінші оқылымда тұжырымдамалық тұрғыда қолдаған түзетулеріне қысқаша тоқталып өтті.

Басқару жүйесін жаңғыртатын теңгерімді шешім

Бірлескен комиссия төрағасы мәлім еткен түзетулердің басым бөлігі Пре­зиденттің, Парламент пен Үкімет­тің билік өкілеттіктерін қайта бөлу мәсе­лелерін қозғайды. Сондықтан да бұл түзетулер Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асыруға бағыт­талған. Президенттің қорғаныс қабілет­тілігі, ішкі саясат, мемлекеттік басқару, Конституцияны қорғау және мемлекеттік билік тармақтарының тиімді жұмысы мен олардың өзара іс-қимылын қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі құзыретін сақтау дұрыс қадам болғаны күмәнсіз. Парламенттің заң шығару билігін жүзеге асыратыны туралы норма бекі­тіледі. Мемлекет басшысының әлеу­меттік-экономикалық саладағы заң­мен белгіленген өкілеттіктерінің басым бөлігін Үкіметке беру ұсынылады. Сон­дай-ақ, билік тармақтары арасын­дағы қарым-қатынасты конституция­лық деңгейде теңгерімді ету міндетін шешеді. Адамның және азаматтың конс­титуциялық құқықтары мен бостан­дықтарын қорғаудың жаңа пәрменді тетігі пайда болды, деді Н.Әбдіров. Мем­лекет конституциялық құқықтар мен бостандықтарды қамтамасыз ету жөніндегі міндеттемелерді қабыл­дай отырып, оны жүзеге асырудың құқықтық, ең алдымен, конституция­лық тетіктерін белгілейді. Мәселен, Мемлекет басшысы осыларды қорғау мүддесінде Конституциялық Кеңеске қолданыстағы және қабылданған заң­дар­дың, сондай-ақ өзге де құқықтық акті­лердің Конституцияға сәйкестігін тексеру үшін жүгіне алады. Осындай конституциялық бақылаудың жаңа бағыты заңдар мен құқықтық актілердің сапасына жақсы әсер ететіні сөзсіз. Ал бұл болса, Қазақстанның құқықтық мем­лекет ретінде одан әрі нығаюына ықпал етеді, деген Комиссия төрағасы аталған түзетулерді арқау еткен алты бапқа егжей-тегжейлі тоқталды. Бірінші. Конституцияның 91-бабына енгізілетін түзетулерде мемлекет Тәуел­­сіздігінің мызғымастығы, сондай-ақ Негізгі Заңға өзгерістер мен толық­тырулар бойынша республи­каның Конс­титуциялық Кеңесі қорытынды­сының міндетті түрде болуы бекітіледі. Басты құндылығымыз – мемлекет Тәуелсіздігінің беріктігіне кепілдіктер конституциялық деңгейде бекітіледі. Конс­титуцияның 91-бабында біртұтас­тықпен, республиканың аумақтық тұтастығымен және басқару нысанымен қатар, ешбір жағдайда, тіпті, Негізгі Заңды қайта қарау арқылы да еліміздің Тәуелсіздігінің өзгермейтіндігі тікелей белгіленген. Бұл түзету өте әділ, өйткені, тәуел­сіздік «Қазақстан Республикасының мем­лекеттік тәуелсіздігі туралы» 1991 жылғы 16 желтоқсандағы Қазақ­стан Республикасының арнайы Конститу­циялық заңымен бекітілген. Осы конституциялық ережелердің мызғымастығын қамтамасыз ету үшін Конституцияға өзгерістер мен толық­тырулар олардың белгіленген талап­тарға сәйкестігі туралы Конституциялық Кеңестің қорытындысы болған жағдайда ғана республикалық референдумға немес­е Парламенттің қарауына шығары­луы мүмкін деп белгіленген. Осы мәсе­ле бойынша өтініш жасау субъектісі ретін­де Мемлекет басшысын айқындау ұсынылады. Екінші. Конституцияның 49-бабының 1-тармағына сәйкес, Парламент – заң шығару функцияларын ғана емес, Конституцияның 3-бабы негізінде заң шығару билігін жүзеге асыратын рес­публиканың ең жоғары өкілді органы болып табылады. Сондықтан да Негізгі Заңның 3-бабының 3-тармағына сәйкес, халық пен мемлекеттің атынан билік жүргізу құқығы Президентке, сондай-ақ конституциялық өкілеттіктері шегінде республика Парламентіне тиесілі. Заң шығару билігі – маңызды қоғам­дық қатынастарды реттейтін, жеке және заңды тұлғалардың құқық субъектілігіне қатысты негізге алы­натын қағидаттар мен нормаларды белгілейтін және Конституцияның 61-бабының 3-тармағында аталған басқа да қатынастарды реттейтін заңдарды әзірлеумен, қараумен және қабылдаумен айналысатын мемлекет­тік билік тармағы. Бұл түзету де толығы­мен қисынды. Өйткені, 64, 75 және 76-баптарда елімізде атқарушылық билікті – Үкімет, ал сот билігін – соттар (судьялар) жүзеге асыратыны туралы ереже нақты бекітілген. Аталған түзету Конституцияның 3-бабы 4-тармағының нормаларына сәйкес келтіру үшін жасалып отырғаны анық, себебі, онда мемлекеттік билік жүйесі билікті үш тармаққа бөлу және тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесін пайдалану арқылы өзара іс-қимыл жасау қағидатына сай белгіленген. Үшінші. Конституцияның 57-бабы­ның 6-тармақшасына Үкімет мүше­лерінің өз қызметі мәселелері жөніндегі есептерін тыңдау және олар заңдарды орындамаған жағдайда қызметінен босату туралы Президентке өтініш жа­сау құқығы туралы өте маңызды түзету енгізіліп отыр. Мұндай жағдайда Прези­дент Үкімет мүшесін қызметінен босатады. Төртінші. 61-баптың 2-тармағының жаңа редакциясына сәйкес, Президент заңдар жобаларын қараудың басымды­ғын белгiлеуге құқылы, бұл тиісті заң жоба­лары бірінші кезектегі тәртіппен екі ай ішінде қабылдануға тиіс екенін бiлдiредi. Бесінші. 70-баптың 1-тармағына ай­тар­лықтай өзгеріс енгізу ұсынылуда. Онда Үкімет жаңадан сайланған Мәжі­ліс­тің алдында өз өкілеттіктерін доға­ра­ды. Бұл норма депутаттардың жауап­тылы­ғын арттырумен қатар, елдің сай­лау жүйесінің партиялық қағидатын күшейтеді. Алтыншы. 44-бапқа түзетулер мемлекеттік бағдарламаларды және мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен қам­тылатын барлық органдарды қар­жылан­дырудың және олардың қыз­мет­керлеріне еңбекақы төлеудің бірыңғай жүйесін бекіту жөніндегі өкілеттіктерді Президенттен Үкіметке беруді көздей­ді. Бұл міндетті Үкімет Мемлекет бас­шы­сымен келісіп шешеді. Сондай-ақ, жо­ба­да Мемлекет басшысының Үкімет және Премьер-Министр актілерінің кү­шін жою не қолданылуын тоқтата тұру құ­қы­ғы алып тасталады. Осылайша, Үкі­­мет өз ак­ті­леріне өзі толық жауапты болады. Сонымен бірге, республика Прези­денті адамның және азаматтың құқықтары мен бо­стандықтарын қорғау, мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, егемендігі мен тұтастығы мүддесі үшін Конституциялық Кеңеске күшіне енген заңның немесе өзге де құқықтық актінің Конституцияға сәйкестігін қарау үшін өтініш жасай алады.

Құқық саласын жетілдіру – заман талабы

Конституцияның 79-бабы 3-тармағы­ның қолданыстағы редакциясында судьяларға біліктілік талаптары белгі­ленгені белгілі. Осы талаптар «Қазақстан Республикасының сот жүйесі және судья­ларының мәртебесі туралы» Конс­ти­туциялық заңда да көрсетілген. Заң жобасында судьяларға біліктілік талап­тарын тек заңмен нақтылау ұсынылады. Ал 81-баптағы Жоғарғы Соттың соттар қызметін қадағалауды жүзеге асыруы туралы норма Жоғарғы Сот заңда көзделген жағдайларда өзінің соттылығына жататын сот істерін қарай­ды деген нақтылаумен алмастырылады. Сондай-ақ, 83-баптың 1-тармағына енгізілетін өзгерістер прокуратураның жекелеген функцияларын жинақтау­ға қатысты, себебі, оларды прокуратура Қазақстан Республикасының аумағын­да заңдылықтың сақталуын жоғары қадағалау шеңберінде жүзеге асырады. Сонымен қатар, заң жобасында жергілікті өкілге және атқарушы органдарға қатысты нормалар да қамтылған. Атап айтқанда, 86-баптың 5-бабына өзгерістер енгізіліп отыр, оларға сәйкес мәслихаттың өкілеттігін Қазақстан Республикасының Президенті Премьер-Министрмен және Парламент палаталары төрағаларымен консультациялардан кейін мерзімінен бұрын тоқтатады. Мұндай алқалы шешім оның негізділігі мен қажеттілігін қамтамасыз етеді және мәслихаттардың мәртебесін арттырады. 87-баптың 4-тармағында қалалық, аудандық және ауылдық деңгейдегі әкімдерді қызметке тағайындау немесе сайлау, сондай-ақ, қызметінен босату тәртібі заң деңгейіне жатқызылып отыр. Естеріңізге сала кетсек, ол қазіргі кезде Президенттің Жарлығымен реттеледі, деді Н.Әбдіров өзінің сөзінде. Баяндамашының сөзіне қарағанда, бұл күндері Сенат пен Мәжілістің бар­лық тұрақты комитеттері, саяси пар­тия­лардың фракциялары, Қазақстан халқы Ассамблеясының депутаттық тобы енгізілген заң жобасын және бірін­ші оқылым барысында депутат­тар­дың айтқан ұсыныстарын талқылаған. Парламент палаталарының бірлескен комиссиясы 4 және 5 наурыз күнгі бел­сенді жұмыстарының нәтижесінде депу­тат­тардан, Парламент палаталары­ның тұрақты комитеттерінен, саяси партия­лар­дың фракцияларынан қолда­ныстағы Конституцияның бірқатар нор­маларына барлығы 26 түзету келіп түсіп, олардың барлығы Бірлескен комиссияда жан-жақты қаралған. Комиссия өз жұмысының қорытын­ды­лары бойынша Парламент палата­лары­ның бірлескен отырысының қа­рауы­на екінші оқылымда 10 түзету енг­ізу туралы шешім қабылдады. Оның көпшілігін Парламент депутаттары Парламент Палаталарының бірлескен отырысында заң жобасын бірінші оқылымда талқылау кезінде жария еткен болатын, деген Н.Әбдіров қабылданған түзетулерді рет-ретімен түсіндіріп берді.

Қабылданған түзетулер не дейді?

Бірінші. Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдық тарихы ел Президенті ұсынған барлық идеялар мен қағидаттардың жан-жақты терең ойластырылғанын және заңдылығын растап отыр, олар саяси тұрақты және экономикалық тұрғыдан өсіп-өркендеген мемлекетті қалыптастыру үшін берік іргетас қалады. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жетекші рөлі, оның бастамалары қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуын және дамуын қамтамасыз етті. Қазақстан қоғамының өкілдері Елбасының мемлекетімізді құрудағы ерен еңбегін баянды ету туралы мәселені бірнеше рет көтерді. Осыған байланысты Конституцияның 91-бабының 2-тармағы: «Конституция­да белгiленген мемлекеттiң тәуелсіз­дігін, республиканың бiртұтастығы мен аумақтық тұтастығын, оны басқару ны­санын, сондай-ақ, тәуелсіз Қазақ­стан­ды құрушы, Қазақстан Республикасының Тұң­ғыш Президенті – Елбасы іргесін қала­ған республика қызметінің түбегей­лі принциптерін және Қазақстан Рес­пуб­ликасының Тұңғыш Президенті – Елба­сының мәртебесін өзгертуге болмайды» деген редакцияда ұсынылды. Екінші. Қазақстан халқы Ассамблея­сының депутаттық тобы конфессияаралық татулықты ұлтаралық татулықпен қатар конституциялық құндылық деп тану мақсатында Конституцияның 39-ба­бы­ның 2-тармағын ұлтаралық және конфессияаралық татулықты бұзатын кез келген әрекет конституциялық емес деп танылады деген ережемен толықтыруды ұсынды. Себебі, конфессияаралық татулық – қазақстандық мемлекеттіліктің ең жоғары құндылықтарының бірі және сондықтан да, ол конституциялық құн­дылық ретінде бекітілуі тиіс. Үшінші. Қазақстан Республикасы Президентінің ұсынуымен Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілді бес жыл мерзімге қызметке сайлауды және оны қызметінен босатуды Парламент Сенатының ерекше қарауына жатқызу ұсынылады. Бұл Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институтын конституциялық бекіту жеке адамның мәр­тебесін, адам мен азаматтың құқық­тары мен бостандықтарын іске асыру кепілін одан әрі нығайтуға бағытталған демо­кра­тиялық процестерді дамытудағы кезекті маңызды қадам болады. Сондай-ақ, елдің Негізгі Заңының 1-бабында бекітіл­ген адам мен азаматтың құқық­тарының басымдығын ең жоғары мем­лекеттік деңгейде тануды білдіреді. Төртінші. 41-баптың 2-тармағы­на елдің президенттігіне кандидаттар үшін жоғары білімнің болуын оларға қойылатын талаптардың бірі ретінде белгілеуге қатысты өзгеріс енгізіледі. Мұндай талап президенттікке канди­даттарға қойылатын қосымша талап­тарды конституциялық заң деңгейінде енгізу мүмкіндігін белгілейді. Бесінші. Ішкі істер министрлігінің азаматтардың қауіпсіздігін, мемлекеттің ішкі қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісін­дегі маңызды стратегиялық рөлін ескере отырып, 44-баптың 3-тармақшасында ел Президентінің Ішкі істер министрін тағайындау жөніндегі өкілеттігін сақ­таған жөн деген шешім қабылданды. Өйткені, бұл жерде ел Президентінің Жоғар­ғы Бас қолбасшы болып табылаты­ны, ал Ішкі істер министрлігінің құры­лы­мына Ұлттық ұланның кіретіні басым­дыққа алынған. Алтыншы. Конституцияның 4-бабы­ның 3-тармағын мынадай редакцияда жазу ұсынылды: «Республика бекіт­кен халықаралық шарттардың респуб­лика заңдарынан басымдығы болады. Қазақстан қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттардың Қазақстан Республикасының аумағында қолданылу тәртібі мен талаптары республиканың заңнамасында айқындалады». Жетінші. Конституциялық құры­лысты қорғауды, қоғамдық тәртіпті, азаматтардың құқықтары мен бос­тан­­дықтарын сақтауды күшей­ту ма­қ­сатында Конституцияның 10-бабы­ның 2-тармағында террористік қылмыстар жасағаны үшін, сондай-ақ, Қазақстан Республикасының өмірлік маңызы бар мүдделеріне өзге де ауыр зиян кел­тір­гені үшін азаматтықтан айыруға соттың шешімімен ғана жол берілетініне қатысты норманы бекіту ұсынылды. Осы ретте аталған ұсыныстың маңыз­дылығын ашып айтқан баян­дамашы «Азаматтықтың болмауын қысқарту туралы» 1961 жылғы 30 тамыздағы БҰҰ Конвенциясының 8-бабына сәйкес, ешбір мемлекет азаматтықтан айыру құқығын жүзеге асыруға тиіс еместігін және ол тек қана тиісті тұлға үшін соттың немесе өзге де тәуелсіз мекеменің істерді әділ талқылау құқығын көздейтін заңға сәйкес жүзеге асырылатындығын алға тартты. Сондықтан да, Бірлескен комиссия азаматтықтан айыру туралы мәселедегі объективтілік пен әділдік нақ сот шешімімен қамтамасыз етілуі тиіс деген ұйғарымға келді, деді Н.Әбдіров. Сегізінші. Конституцияның 2-бабы­ның жаңа 3-1-тармағын Астана қаласында Конституциялық заңға сәйкес нақ қаржы саласында ерекше құқықтық режім белгілену мүмкіндігі туралы нормамен толықтыру мақсат етіледі. Ал бұл түзету Конституцияда Конституциялық Заңмен реттелетін «Астана» халықаралық қар­жы орталығының мәртебесін бекіту мақ­сатында ұсынылып отыр. Бірлескен комиссия Конституцияның 74-бабының 2-тармағын 44-баптың жаңа 10-1) тармақшасының нормаларымен үйлестірсе, онда Президенттің Конс­ти­туциялық Кеңеске өтініш жасау өкілеттігі көзделген. Осыған орай, Консти­туцияның 74-бабының 2-тармағындағы «нормативтік» деген сөзді алып тастау қажеттігі көлденең тартылды.

Заң жобасы бірауыздан қабылданды

Осылайша, әрбір ұсыныс-пікір назар­ға алынып, талқыланған мәселелерге Парламент палаталарының барлық тұрақты комитеттері, Мәжілістегі саяси партиялардың фракциялары өздерінің оң қорытындыларын және заң жобасын қолдау туралы шешімдерін жазбаша үлгіде бергендігін айтқан Комиссия төрағасы Н.Әбдіров сөзінің соңында депутаттардан заң жобасын екінші оқылымда тұтастай қабылдауды сұрады. Негізгі баяндамашының сөзінен кейін Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Бірлескен комиссия әзірлеген «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы заңы жобасының қорытынды салыстырма кестесі мен заң жобасын тұтастай қабылдауды дауысқа салды және шешім бірауыздан қабылданды. Сонымен, қаулы қабылданды. Біз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсыныстарын негізге ала отырып, Конс­титуциямызға енгізілген барлық өзгерісті қабылдадық. Осы тарихи шешіммен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын, деді Н.Нығматулин. Нұрлыбек ДОСЫБАЙ, «Егемен Қазақстан» Суреттерді түсірген Ерлан ОМАРОВ, «Егемен Қазақстан»