• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
07 Наурыз, 2017

Үндістан экономикасы өрлеу үстінде

6876 рет
көрсетілді

Жақында жарыққа шыққан БҰҰ-ның «Әлем экономикасының ахуалы және болашағы» атты дәстүрлі баяндамасында Үндістан экономикасының соңғы жылдардағы даму қарқынына өте жоғары баға беріліп, 2017 жылы бұл ел экономикасының өсімі 7,7 пайызға жететіндігіне болжам жасалыпты. Ал PwC (PricewaterhouseCoopers) экономистерінің айтуынша, Азия үстіміздегі жылы да әлемнің ең жоғары қарқынмен дамитын аймағы болып қалмақ, бірақ басты назар Қытайдан Үндістанға ауысатын көрінеді. Сөйтіп, жаһандық бәсекеде Үндістан экономикасының даму қарқыны көш бастады. Жұмыр Жерді мекендейтін 7 мил­лиардтың үстіндегі адамзаттың үштен бір бөлігінен астамы Қытай мен Үндістанда тұрады. Сондықтан бұл екі алып елдің әлем экономикасына тигізетін ықпалы өлшеусіз. Оның үстіне соңғы он жыл көлемінде бұл елдердің экономикасы дамудың аса жоғары қарқынын көрсетіп келеді. Мәселен, 1995 жылдан бергі уақытта Қытайда орташа табыс көлемі он есе өссе, осы кезеңде Үндістанда орташа табыс мөлшері төрт есе көбейген. Яғни, бұл ел­дер­ді мекендейтін мил­лион­да­ған адамдардың табысы еселеніп, кедей­шілік бұғауын бұзып өтті. Әлеуеті жағы­нан дүние жүзіндегі екінші, кейбір ретте, бірінші экономика атанып жүрген ҚХР-дың экономикалық реформалары хақында аз айтылып та, аз жазылып та жүрген жоқ. Қытай экономикасының әлеуетін осындай деңгейге көтерген елдің экспортқа негізделген қайта өңдеу өнеркәсібі болғандығы даусыз. Білікті сарапшылар әділ атап көрсеткендей, бүгінде Қытай «әлем шеберханасы» болып табылады. Экономикалық әлеуеті жағынан әлемдегі көшбасшы үштіктің қатарынан берік орын алған Үндістанның қазіргі даму қарқыны Қытайдың өзін шаң қаптыратын түрі бар. Беделді «Forbes» журналының дуалы ауыз сарапшылары 2016 жылы Үндістан Республикасы экономикасының өсімі 7,7 пайызға жеткендігін атап көрсетіп, 2017 жылы бұл көрсеткіш 7,8 пайыздық межеден асады деген болжам жасап отыр. Өт­кен ғасырдың 90-шы жылдарына дейін әлемдегі экономикалық даму деңгейі ең төмен елдердің бірі саналып келген Үндістанның бүгінде экономикалық даму қарқыны бойынша әлемдік көш­бас­шыға айналуының сыры неде? Мәсе­лен, 1950 жылдан 90-шы жылдарға де­йін Үндістан экономикасы жыл сайын 3-3,7 пайыз деңгейінде ғана өсім­ге қол жеткізді. Бұл кезеңде Жапо­ния­­ның экономикасы 10 есе, Оңтүстік Корея­­­ның экономикасы 5 есе жоғары қар­­­қын­­мен дамыды. Ал соңғы жылдары ҚХР эко­номикасы ілгерілеген түрде 8 па­йыз­­­д­ық өсіммен дамыған болатын. Сөй­тіп, Үндістанның экономикалық өркендеу дәуірі 1991 жылдардан бастау алды. 1991 жылға дейін Үндістан экономикасында лицензиялық талап үстемдік етті. Халық шаруашылығының барлық саласында шетелдіктердің үлесі мүлде мар­дымсыз болып, бәсекелестік дамы­мады. Экономиканың барлық саласына мемлекеттің араласуы кәсіп­кер­ліктің дамуын тежеп, өндіріс­тің өсуіне кедер­гі келтірді. Үндістанның эконо­мика­лық реформасы 1990 жылы халық шаруашылығының бар­лық саласында лицензиялық талап­тарды жоюдан басталды. Рефор­ма басталғаннан кейін бір жыл өтер-өтпестен елдегі тарифтер төмендеп, Үндістанның қаржы рыногы әлем компаниялары үшін ашыла бас­тады. Мәселен, 1990 жылы ел эконо­мика­сына құйылған шетелдік қаржы көлемі нөлге жақын болса, 2007 жылы бұл көрсеткіш мемлекеттің ішкі жалпы өнімінің 8 пайызы мөлшеріне дейін көтерілді. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында елдегі өңдеу өнеркәсібінің дамуымен бірге, қызмет көрсету түрлері кеңінен өрістей бастады. Ағылшын тілін жетік білетін Үндістанның жас ин­женерлері Батыстың қызмет көр­сету, әсіресе, ақпараттық технология сала­сын­дағы жетістіктерін өз елдеріне әке­ліп, жергілікті ерекшеліктерге бейім­деп, жаппай өндіріске енгізе бастады. Үндістан Республикасы экономика­сы өсімінің шарықтау қарқыны 2014 жылы басталған реформалардан кейін айшықты көрініс тапты. Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди сол жылдың тамыз айында елдің Тәуел­сіздік мерекесі құрметіне өткен сал­танатты жиында экономикалық дамудың бағдарламалық баяндамасын жасады. Бұл бағдарламаның негізгі идеясы түбегейлі өзгерістер жасай от­ы­рып, экономикалық өсімнің жаңа тетік­­терін табу болып табылады. Шын мәнінде Нарендра Модидің бұл бағ­дар­ламалық сөзі тәуелсіз Үндістан тарихындағы «Неру-Ганди әулеті» дәуірінің аяқталғанын жария етті. 2015 жылды Үндістан үкіметі жаңа бетбұрыспен бастады. Осы жылдың бірінші қаңтарында Н.Моди үкіметі елде 1950 жылдан бері 12 бесжылдық жоспарды жүзеге асырып келе жатқан Жоспарлау комиссиясының жұмы­сын тоқтатты. Оның орнына жаңа мем­лекеттік мекеме – Үндістанның ұлттық трансформация институтын (ҮҰТИ) құрды. ҮҰТИ-дің негізгі міндеті эко­­но­мика және саясаттың шешуші мәсе­лелері бойынша стратегиялық және технологиялық ұсыныстар мен жоба­лар белгілеу болып табылады. БАҚ өкіл­­дері «Модиномика» деп атайтын Нарен­дра Моди үкіметі реформасының негізі экономикалық инфрақұрылым мен өнер­кәсіпті дамытуға басымдық береді. Инфра­құрылым мәселесі елдегі ұзақ уақыт­тан бері шешімін таба алмай келе жатқан ең өзекті проблема. Тозығы жеткен инфрақұрылым ел экономикасының дамуын тежеп отыр. Осыған байланысты Моди реформасы мемлекет қаржысын бөлуде бірінші кезекте, әрине, қорға­ныс саласынан ке­йін инфрақұрылым­ға басымдық беріп отыр. Бұл ретте 2015-2016 жылғы мем­лекеттік бюджетте қорғаныс саласына бөлінген қаржы 18,9 пайызды құрағанын айта кеткен жөн. Қазір Үндістанның мемлекеттік бюд­жеті­нен инфрақұрылымға, оның ішінде, энергетикалық және көлік инфра­құрылымын дамытуға бөлінетін мем­ле­кеттік қаржы еселене түсті. Finan­cial Times сарапшыларының зерт­теу­лері бо­йынша, әлемдік мұнай бағасының күрт төмендеуінен Үндістан экономикасы жоғары қарқынмен дамуға зор мүмкіндік алған. Қалай болғанда да, қазіргі таңда Үндістан Республикасы экономи­касының даму қарқыны әлемдік бәйгені бастап тұр. Білікті сарапшылардың ай­туын­ша, елдің негізгі макроэкономи­ка­лық көрсеткіштерінің алдағы уақыт­та да жоғары даму қарқынын ұстайтын­ды­ғына толық жағдай бар. Атап айтқан­да, үкімет ел экономикасына шетел инвес­­тициясын тартуға қолбайлау бо­лып келген барлық кедергіні жойды. Бүгінде Үндістан экономикасы ашық­ты­ғы бойынша әлемдегі алдыңғы орын­дарды иеленеді. Сонымен бірге, қазір экономикасының өсу қарқыны жағынан әлемдік көшбасшылыққа таласып келе жатқан екі алып мемлекет – Қытай мен Үндістан арасындағы бәсекелестікте Үндістан пайдасына шешілетін бірқатар өзекті факторлар бар. «Әлем шеберханасы» атанған Қытайда алдағы уақытта арзан жұмыс күшіне деген тапшылық орын алуы мүмкін. Ұзақ жылдардан бері бұл елде жүргізіліп келген «бір отбасына – бір бала» атты демографиялық саясаттың салқыны енді басталмақ. Бүгінде Қытайдағы экономикалық белсенді тұрғындардан зейнеткерлік жасқа жеткен қарттар үлесі асып кеткен көрінеді. Бұл экономикалық өсімге кері әсерін тигізетіндігін, тигі­зіп те отырғандығын Аспанасты елінің ғалым­дары ашық айтып, дабыл қағуда. Осыған байланысты ел билігі отбасын шектеу шараларынан бас тартты. Бірақ елде ұзақ уақыт үстемдік құрған «бір отбасына – бір бала» саясатының салқыны ҚХР экономикасының дамуын біраз уақыт тежейтін сияқ­ты. Ал Үндістанда керісінше, демогра­фиялық ахуал барынша жоғары қар­қынмен өсуде. Күннен күнге артып келе жатқан экономиканың арзан жұмыс күшіне деген сұранысы еселей қанағаттандырылуда. 2015 жылғы санақтың дерегі бойынша, ҚХР халқы­ның саны 1 миллиард 370 миллион адамға жетсе, Үндістандағы адам саны 1 миллиард 250 миллионнан асып жығыл­ған болатын. Мамандардың айтуын­ша, енді бір-екі жылда халқы­ның саны жағынан да Үндістан Респуб­ликасы ҚХР-ды басып озатын көрінеді. Үндістанды ұзақ уақыт бодандықта ұстаған Британия империясы бұл елге өзінің бірқатар өркениет өнегелерін де мұра етіп кетті. Атап айтқанда, Үнді­станда жоғары демократия мен парламенттік билік жүйесі көп ұлтты үлкен мемлекеттің қалыптасуына игі ықпалын тигізуде. Сонымен бірге, Британия бұл елге барлық аймақты байланыстыратын аса зор әлеуетті темір жол торабын жасап берді. Үнді­стан темір жол жүйесі қазір дамыған экономиканың шын мәніндегі күрета­мырына айналған. Ең бастысы, үнділер бүгінде империя зорлықтың күшімен кіргізген ағылшын тілінің игілігін молынан көруде. Ағылшын тілін жетік білетін үндінің жас мамандары бүгінгі ғылым негізі болып табылатын ақпараттық технологияны тез игеріп, ғылым саласында өздерінің айшықты орындарын ойып алуда. Қазір әлемдік ғылым саласында нано жетістіктердің майын ішкен жас үнді инженерлері көш бастап тұр. Патриоттық сезімдері басым жас ғалымдар ғылым мен технология жаңалықтарын елдеріне импорттауда. Сарапшылардың мәлімдеуінше, бүгінде ақпараттық технология, ғарыштық бай­ланыс жүйесі, фармацевтика сала­лары бойынша Үндістан әлемдік көшбасшылық биікке көтеріліпті. Жаһандық экономикалық бәсекелес­тікте асықпай, даурықпай биік меже­лерді біртіндеп бағындырып, алдыңғы үштіктің қатарынан берік орын алған Үндістан Республикасында жүзеге асы­рылып жатқан реформалардың бүгінгі жетістігі осындай. Нарендра Моди үкіметі күн тәртібіне қойған елдегі білім беру сала­сының деңгейін көтеру, экономиканы әртараптандыру, еңбек өнімділігін арттыру, озық ғылы­ми технологияларды кеңінен өндіріске енгізу, шетел инвестициясына жол ашу мақсатындағы реформалар үнді фи­лософиясы негізінде байсал­дылықпен іс жүзіне асырыла беретін болса, Үнді­станның жаһандық экономикадағы алар асуының асқаралы болатыны анық. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»