Әрине, мақалада айтылған фактілер нақты, дұрыс көрсетілген. Семей қаласын ауыз сумен қамтып отырған су тазалау қондырғысы әбден тозып кеткені рас. Ол жарылып, істен шығып қалса бір емес, бірнеше мемлекеттің ауыз суы ластанады. Дюкерден шыққан лас қалдық Ертіске құйылып, өзеннің табиғаты мен тіршілігіне, балық, жан-жануарлар әлеміне апат келеді. Республикалық газеттің көтеріп отырған тақырыбын қолдаймыз. Республика тарапынан бюджетке енетін проблемалы мәселе еді, биыл облыстық әкімдіктің ұмытып кетуі салдарынан назарға алынбаған. Нақты айтсақ, Ұлттық экономика министрлігінің құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жұмыстары комитетінің төрағасы Бейбіт Шахановтың мәлімдеуінше, «2017-2019 жылдардағы республикалық бюджетке бұл мәселе жөнінде ешқандай да ұсыныс облыс әкімдігі тарапынан түспеген. Сондықтан да бюджетке кіргізілмей қалған». Осындай жауаптар алынғаннан кейін және республикалық газетке жарияланғаннан соң да, дюкер біздің тікелей назарымызда тұрды. Айта кету керек, «Нұр Отан» партиясының Семейдегі филиалы жыл қорытындысы бойынша өз жұмыстарын жүргізуде Астана және Алматы қалаларынан кейін үшінші орынды иеленіп отырмыз. Жақында Өскемен қаласында облыс әкімі Даниал Ахметовтің есебі тыңдалған еді, Семей қаласынан арнайы барып, тұрғындарының атынан сөз алған мен ол кісіге осы дюкер мәселесіне қатысты сұрақ қойдым. Қалада Ертіс өзені арқылы өтетін кәріз дюкері жылдар бойы үлкен мәселеге айналып келе жатқанын, аталған мәселенің барлық тиісті атқарушы билік орындарда көтерілгенін, проблеманың газет бетіне жазылғанын айтып, қашан оң шешілетінін сұрадым. Бұл сауалыма облыс әкімі Даниал Ахметов Семей қаласындағы дюкерге қатысты мәселенің шешімі соңғы екі жылда дұрыс табылмай келе жатқанын, жалпы жобаның құны әзірше 980 млн теңге болатындығын, жұмыстар келер 2018 жылы басталатынын айтты. Дегенмен, кездесу аяқталған соң, облыс басшысы бұл дюкердің келесі жылға дейін шыдамауы да мүмкін екендігін ескеріп, жөндеу жұмыстарының мейлінше тез арада басталуын тікелей назарына алыпты.
Зульфия ЖАМАЛАТДИНОВА,
«Нұр Отан» партиясының Семей қалалық филиалы төрағасының орынбасары